Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Елорда күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында халық композиторы, дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың ескерткіші ашылды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "akorda.kz-ке" сілтеме жасап.
Салтанатты шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.
– Біз бүгін қазақ үшін қадірлі, Алаш үшін аяулы Дина Нұрпейісованың ескерткішін салтанатты түрде ашып отырмыз. Жобаны іске асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, қолдау көрсеткен Атырау облысының жұртшылығына, мүсінші Бауырхан Жалынға ризашылығымызды білдіреміз. Бұл – ұлттық өнерге, асыл мұраға, бабалар үніне, аталар дәстүріне қойылған ескерткіш. Өткенге салауат, болашаққа аманат айта отырып, қазақтың қара домбырасынан кие қашпасын, қара шаңырағынан береке кетпесін деп тілейміз, – деді Қырымбек Көшербаев.
Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, күйші Айгүл Үлкенбаева және басқа да қоғам өкілдері қатысты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатылды.
Жобаны Павлодар облысының әкімдігі мен ғалымның жерлестері – Баянауыл жұртшылығы және мүсінші Асқар Нартов жүзеге асырған.
"Адырна" ұлттық порталы.