35 ауылдық округтің әкімі сайланады

2527
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысында 35 ауылдық округтің әкімі сайланады. Қазір облыста ауыл әкімдерін сайлау науқанына қызу дайындық жүріп жатыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Ақтөбе облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Күнбаеваның айтуынша, облыста 141 ауыл әкімі бар. Ауыл әкімдерін сайлау 35 ауылдық округ бойынша өткізіледі. Қалған елді мекендердегі әкімдердің өкілеттік мерзімі (4 жыл) аяқталмаған. Өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін олар да тікелей дауыс беру арқылы сайланбақ.

Сонымен бұл науқанда әкім болғысы келетін үміткерлер саяси партиялар тарапынан немесе өз-өздерін ұсына алады. Сайлау барысында бір орынға кемінде екі үміткер болу керек.

— Сайлауға қатысу жарнасы — 42500 теңге. Егер үміткерді партия ұсынса, оны партия төлейді, егер үміткер өзін-өзі ұсынса, не аудан, облыстық маңызы бар қала әкімі ұсынса, үміткер өзі төлейді. Төленген жарна қайтарылмайды, — дейді Г.Күнбаева.

Заңнамаға сәйкесаудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі болып сайлану үшін ел азаматы 25-ке толған, әрекетке қабілетті, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарына сәйкес болуға тиіс,  соттылығы және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасау дерегі болмауы шарт.

Ақтөбе облысында қазір сайлауға 8 адам өзін-өзі ұсынып отыр. Нақтырақ айтсақ, бір адам Байғанин ауданынан, 7 адам Шалқар ауданынан ұсынылған.

Айта кету керек, биыл ауыл әкімдерін сайлау 25 шілде күні өтеді. Осы күні таңғы сағат 7.00-ден бастап сайлау учаскелері жұмысын бастайды. Сайлауға 18 жасқа толған тұрғындар қатыса алады. Ол үшін учаскеге барып, тізімде бар-жоқ екендігіңізге көз жеткізіп, содан соң бюллетень арқылы дауыс бере аласыз.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер