Ақтөбеде қалалық әкімдік жанынан қоғамдық қор құрылып, вандализмге қатысты дәйектер мен деректерді жеткізген тұрғындарға сыйақы беру жағы қарастырылуда деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.
Соңғы жылдары Ақтөбеде қоғамдық мүлікті бүлдіру, ұрлау деректері көбейген. Заң бұзушылық жасағандар жазадан құтылып кетіп жатыр. Осыған орай қала әкімдігі бастама көтеріп, бұған жергілікті кәсіпкерлер қолдау танытып отыр. Аталған жоба қолға алынса, алдағы уақытта қоғамдық орындарда қала мүлкін ұрлағандар мен бүлдіргендер қатаң жазаланып, тәртіп күшеймек.
— Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вандализмге қатысты өз пікірін білдірген болатын. Біз мұны өте орынды деп білеміз. Осы орайда қаламызда тұрғындардың іс-әрекеттерін көре отырып, болашақта айыппұл мен келтірілген залал құнының көлемі артады. Біз осы мақсатта жұмыс тобын құрып жатырмыз. Егер қала мүлкін ұрлап немесе бүлдіргендер анықталса, бұл туралы тұрғындар бізге шұғыл түрде хабарлайтын болса, жауапты мекемелер қамау, айыппұл төлеу мәселесін қолға алатын болады. Вандализммен ел болып күресетін уақыт келді деп ойлаймын. Себебі соңғы кезде мемлекет қаржысына салынған нысандар мен қоғамдық орындарда тәртіпсіздік іс-әрекеттерге жиі жол берілетін болды. Егер біз қаламыздың таза болғанын, ортақ мүліктердің ұқыпты сақталуын қалайтын болсақ, тұрғындарды тәртіпке шақыруымыз керек. Заңды түрде талапты күшейтіп, вандализм әрекеттерін хабарлаған адамға сыйақы тағайындау алгоритмін айқындауымыз керек, — деді қала әкімі А.Шахаров аталған мәселеге қатысты ойын білдіріп.
Айта кету керек, жұмыс тобының мүшелері алдағы уақытта заңсыз әрекеттерді полицияға жеткізу үшін фото, видео айғақтарды ұсыну жолдарын және төленетін сыйақы көлемін анықтауды қолға алмақ. Сондай-ақ Ақтөбеде бұл мәселенің алдын алу үшін қала шетіндегі көшелерге бейнекамералар орнатылып, қараңғы аумақтар жарықтандырылады.
"Адырна" ұлттық порталы.