Алматыдан алтын жұтып барғандар Үндістанда ұсталды
Алматыдан алтын жұтып барғандар Үндістанда ұсталды
08.12.2024
816
Фото: dzen.ru
Делиде Indigo Airlines әуе компаниясының Алматы – Дели бағыты бойынша ұшқан рейсінде заңсыз алтын тасымалдаған үш жолаушы ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы News Hindi-ге сілтеме жасап.
Оқиға 5 желтоқсанда болған. Алматыдан ұшып шыққан жолаушылар төрт сағатқа жуық ұшу кезінде тамақтан бас тартып, ерекше мінез-құлық танытқан.
Жолаушылардың әрекетінен күдіктенген бортсерік бұл туралы ұшақ капитанына айтып, әуе қозғалысын басқару орталығы арқылы кеден қызметкерлерімен байланысқа шыққан.
Ұшақ әуежайға қонғаннанда Делидегі кеден қызметкерлері үш жолаушыны ұстауға дайын болған. Жасыл дәлізден өткенде ер адамдарды тоқтатып, тергеуге алған. Олардың жүктері рентген құрылғысымен тексерілген. Бастапқы тексеріс барысында ештеңе табылмаған. Сондай-ақ металл детекторымен тексеру де нәтиже бермеген.
"Нәтиже болмағанына қарамастан, кеден қызметкерлері үш жолаушыны жеке бөлмеге алып барып, тергеді. Тергеу барысында үшеуі де алтын кесектерін тік ішекте жасырғандарын мойындады", – делінген хабарламада.
Осыдан кейінгі тексеріс кезінде жалпы салмағы шамамен 439 грамм болатын сегіз алтын кесегі табылған. Үш жолаушының барлығы қамауға алынды.
Материалда ер адамдардың азаматтығы туралы нақты ақпарат берілмеген.