«Жусан» операциясымен Сириядан елге оралғандар қоғамға қаншалықты бейімделді? Сириядан оралғандардың діни көзқарасын өзгерту мүмкін бе? Осы сұрақтарды Алматы облысы Дін істері басқармасы жанындағы «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының» практик-психологы Лаура Ұзақбаеваға қойған едік.
– Лаура Ерғалиқызы, Шам елінен Алматы облысына қанша адам оралды?
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев пен ел Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында азаматтарды террористік белсенді аймақтардан қайтару мақсатында "Жусан" гуманитарлық операциясының төрт кезеңі ұйымдастырылды. Нәтижесінде, Алматы облысына 13 әйел, 39 бала оның ішінде 2 жетім бала қайтарылды.
Алматы облысы Дін істері басқармасының бастамасымен тұрғылықты жеріне оралған азаматтарға әлеуметтік көмек және оңалту бойынша арнайы жоспар әзірленіп, оралған азаматтарды бейімдеу мен оңалтуды қайта әлеуметтендіру жөніндегі жұмыс жоспарын облыс әкімі бекітті. Қазіргі уақытта осы азаматтармен кездесулер ұйымдастырылып, әлеуметтік-психологиялық паспорттар мен осы мәселелер бойынша жұмыс жоспары дайындалды. Сондай-ақ облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен жабық отырыс өтіп, яғни кешенді әлеуметтік-оңалту жұмыстары талқыланды.
Кеңеске облыстық прокуратура, жергілікті полиция қызметінің өкілдері, Дін істері, Денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының өкілдері шақырылды.
Бүгінгі күнге қақтығыс аймағынан қайтарылғандар саны 55-ке жетті, оның 14-і әйел, 41-і бала. 13 әйелмен «Діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығы» арқылы нүктелі теологиялық оңалту, психологиялық коррекция және әлеуметтік бейімдеу шаралары жүйелі түрде атқарылуда. Бұған Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері тартылуда.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, 13 әйелдің діни көзқарастары Қазақстан қоғамның құндылықтарына толығымен бейімделсе, 5 азаматша дәстүрлі ислам нормаларын қабылдады. Қалған 8 әйелмен кешенді шаралар жалғасуда. Себебі ол әйелдерде радикалды сипаттар болмағанымен, жат ағым жетегіндегілерге тән жаттанды сөздерді жиі қолдануы - толық оңалғанына күмән туғызды.
–Бастапқы кездегі отандастарымыздың жан-күйі қандай еді? Олардың өз туған елін жерін тастап кетуіне не себеп болды?
– Ең алғаш олармен Ақтау қаласындағы оңалту орталығында 2 айға жуық жұмыс атқардық. Алдымен медициналық, психологиялық, кейін теологиялық көмек көрсетілді. Қазір көп өзгеріс байқалады. Келген кезде психологиялық тұрғыдан жағдайлары өте нашар екені байқалатын.
Қайтарылған азаматшалардың санасы дiни бақылаудың шырмауында қалғанын анықтай келе негізінен төрт топқа бөлуге болады: психикалық, психосоматикалық, соматикалық және әлеуметтік. Қайтарылған әйелдердің әрқайсысының өзіндік зардаптары бар. Олардың елден кетуіне түрлі фактор себеп болған. Көпшілігі 2015 жылы елден аттанған. Бұл айтарлықтай қақтығыс болмаған кез еді, сондықтан шекара асқан азаматтар да өзі мен отбасын қандай қатерге тіккенін білмеген болар. Қазіргі уақытта аталған азаматшамен діндарлық деңгейі мен көзқарасын анықтау бағытындағы тиісті жұмыстар атқарылуда.
Әйелдермен жұмыс барысында біз әртүрлі қиындықтарға тап болдық. Өйткені әйелдер мен балалар соғыстың барлық қасіретін бастан өткерген. Психо-эмоционалды жай-күйі де өте төмен болды. Олардың арасында қақтығыс кезінде жараланғандары да бар. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арқасында жұмыс өте күрделі және жүйелі түрде ұйымдастырылды. Ақтау қаласында көптеген білікті теологтар мен психологтар жиналып бірге жұмыс атқаруы біз үшінде үлкен тәжірибе болды.
Психолог ретінде ең бірінші диагностикалық жұмыста әйелдердің табиғаты мен психологиялық мәселелерін, олардың психикалық денсаулығы мен өмірлік белсенділігіне әсер ету дәрежесін зерттеу өте маңызды болды. Қақтығыста әйелдердің қандай рөль атқарғанын, оларды елден кетуге итермелеген қандай факторлар екенін, соғыс аймағында бастан кешкендерін анықтау болды. Шығуға ықпал еткен діни идеологиялық себептер, Сирияға кеткен әйелдердің көпшілігі дисфункционалды отбасыларда тәрбиеленген көбісі күйеулерінің әсерінен кеткендер екені анықталды. Сонымен қатар, әйелдерде психосоматикалық бұзылулар тіркелді: ашуланшақтық, ұйқысыздық, фобияның болуы, физикалық және моральдық шаршау, көңіл-күйдің төмендеуі, пессимизм, "ертеңге" деген сенімсіздік т.б. Олардың бірі ауыр қант диабетімен ауырды, білікті медициналық емдеуді қажет етті, ал басқа әйелдер тұрақты бас ауруына шағымданды. Барлық дерлік әйелдерде жүрек және асқазан аурулары анықталды. Сириядан оралған әйелдердің өмірбаяндық мәліметтерін зерттей отырып, психологтар олардың барлығы ерте балалық шағында немесе жастық шағында алған психологиялық зақымдарға бейім екені анықталды.
– Сіздер олармен жұмыс барысында қандай тиімді әдіс-тәсілдерді қолданасыздар?
– Алматы облысында әлеуметтік, психологиялық, теологиялық оңалтудың озық үлгілерін атап өткен жөн деп санаймын. Жалпы «Деструктивті діни ағымдар ұстанушыларының санын азайту» нысаналы индикаторының оң нәтижесіне қол жеткізу үшін оңалту жұмыстары атқарылып келеді. Солардың бірі – ақпараттық-түсіндіру, оңалту және психокоррекциялық жұмыстарды көшпелі түрде жүргізуге арналып, арнайы жабдықталған көлік - РЕРЕАМОБИЛЬ жұмыстың тиімді нысандарының бірі ретінде қаралған. Көлік мультимедиялық аппаратурамен, жұмыс үстелімен, тарату материалдарына арналған сөрелермен жабдықталып, әйелдермен жұмыс жүргізу үшін ыңғайлы және еркін жағдай жасалған.
Сонымен қатар, оңалту жұмысы кезінде оң психологиялық климат құру үшін белгіленген талаптарға сәйкес арнайы жасақталған Реакреациялық кабинет ашылған. Бұл кабинетте "Жусан" арнайы операциясы шеңберінде террористік белсенділік аймағынан елге қайтарылғандармен тиісті теологиялық-психологиялық жұмыстарды ұйымдастырып, түрлі психологиялық тренингтер және түрлі терапияларды жүргізіп отырамыз. Жұмыс кезінде азаматшаларға комфортты жағдай туғызу үшін белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталған. Кабинет оңалту процесіндегі тұлғалар үшін демалыс кезеңдерін қарастыратын және үздіксіз режимде мақсатты жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік беретін арнайы жиһазбен (трансформер) жабдықталған.
Жалпы алғанда, өңірге қайтарылған азаматтардың психологиялық жарақаттарын сауықтыру үшін жүргізілген нүктелі, жеке психологиялық диагностика және коррекциялық жұмыстар оң динамика көрсетуде. Толеранттық және діни экстремизм көріністеріне төзімсіздік санасы қалыптасып, оңтайлы әлеуметтік-психологиялық оңалту үдерісінде ремиссия орын алды. Адептердің дерадикалануы байқалып жатыр.
Террористік белсенді аймақтан қайтарылған азаматшаларды жүйелендірудің тағы да бір тиімді әдісі мамандардан құралған кешенді оңалту (теологиялық, психокоррекциялық және әлеуметтік бейімдеу).
Жалпы әйелдермен жұмыс істеу әдістері әртүрлі жеке терапиямен жүргізілетін топтық терапиядан бастап әлеуметтік-психологиялық әдістерге дейін. Бұған барлығы кіреді: кеңес беру және қолдау терапиясы, депрессияны жоюға арналған барлық тренингтер, теологиялық кеңес беру, оқыту және жұмысқа орналастыру, бизнес-бастамаларды қолдау және т.б.
Қайтарылған әйелдердің психологиялық ерекшеліктерін білу оларды түзету мақсаттарына жету үшін психолог олармен өзара әрекеттесуін дұрыс ұйымдастыруы қажет. Жеке тұлғаның психологиясын білу және оң өзгерістердің ең қолайлы жолын анықтауға, әсер етудің оңтайлы әдістерін таңдауға, әр адептке сараланған және жеке көзқарасты қамтамасыз етуге көмектесуді психолог ретінде өзімнің жеке мақсатым деп білемін.
– Әлеуметтендіру шаралары бойынша қандай көмек көрсетілуде?
– Әлеуметтік оңалтудың негізгі мақсаты-әлеуметтік интеграцияны жүзеге асыру, адамды әлеуметтік нормаға қайтару, әлеуметтік мәртебені тұрақтандыру, жеке ресурстарды әлеуметтік шындықты, өмір сүру ортасын белсенді құруға бағыттау болмақ.
Мысалы, қайта әлеуметтендіру жұмыстары аясында 5 әйел мемлекеттік бағдарлама аясында тегін оқыту курстарынан өтіп, арнайы сертификат иеленді. Оның ішінде, 3 әйел «Тырнақ сервисінің шебері», 1 әйел «бухгалтерлік есеп» мамандығын тәмамдаса, 1 азаматша «Жеке кәсіпкерлік» бойынша 505 мың тг. көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Көп балалы ана ретінде 4 әйелге атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалды.
Сонымен қатар, орталықтың жоспарына сәйкес 3 бағытта (мэйкап, тігінші және аспаз-кондитер) мастер-класстар ұйымдастырылды. Курс нәтижесінде әкімшілік тарапынан құжаттары «Атаулы Әлеуметтік Көмекке» даярланып, тұрақты тіркеу орны бойынша жалғыз басты ана ретінде үйге кезекке тұрды. «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша оқыту курсына тіркелді. Жалпы кәсіби білім беруді бейіндік сабақтар цикліне негіздей отырып, жаңа мамандыққа оқыту және еңбек терапиясын қалыптастыру мақсатында «шаштараз», «аспазшы-кондитер», «мэйкап» қызметтері бойынша оқыту курстарының кешенін ұйымдастыру, әрі қарай жеке қызығушылықтары бойынша кәсіптік ашып беру жоспарлануда. Ағымдағы жылдың маусым айынан орталықтың коррекциялық кабинетінде әйелдерге арналған Араб тілі бойынша Құран-тәжуид ережелері курсы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ топтық және жеке дәрістерді тегін меңгеретін болады.
– Сириядан келген балалардың арасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалғандар да болған шығар.
– Әрине, болды. Жоғарыда атап өткендей, өңірге екі тұл жетім қайтарылды. Қазіргі таңда туыстарының қамқорлығыгында. 2015 жылы Шам еліне кеткен. Алдымен әкесі, кейін шешесі қайтыс болған. Жағдайын үнемі бақылап, қарап отырамыз. Дегенмен де мектеп жасындағы балаларда алғашқы кезеңде оқуға дайын еместігі, түрлі оқу іс-әрекетіндегі, қарым-қатынасындағы, мінез-құлқындағы қиындықтар мен күрделі проблемалардың бары анықталған. Балалардың психологиялық жарақаттан кейінгі стресстің белгілерін анықтау үшін психологиялық әдістер кешенін қолдана отырып жүргізілді. Зерттеу нәтижелері балалардың жарақаттан кейінгі стрессті қарқынды сезінетіндігі және психологиялық жарақаттан кейінгі бастапқы кезеңде балаларда "мазасыздық", "қорқыныш, фобия", "психологиялық қорғаныс", "күресу реакциясы" бар екені анықталып, мақсатты психокоррекциялық жұмыс жүргізілді. Психологиялық коррекция барысында балалардың көпшілігінде оқиға туралы ойлар, және осы тақырыптар туралы әңгімелерді еске түсіретін барлық нәрселерден қашқақтауы, көбінесе болған жағдайды еске түсіргісі келмеуі байқалды.
Мектеп ішіндегі түрлі іс-шараларға белсенді қатысып және сабақ үлгерімі де жақсарды. Жалпы білім беру мекемесіне 18 бала орналастырылды. «Қамқорлық», «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп құрал-жабдықтарымен толық қамтылды. Оқушылар тегін тамақпен қамтамасыз етіліп, қалада тұратын балалар мен ата-аналарға қоғамдық көліктерде тегін жүруге арналған билеттер берілді. Балалар сабақтан тыс уақыттарында шахмат, қолөнер, қаламгер, би, футбол, тіл үйрену үйірмелеріне жұмылдырылуы арқылы қоғамға тез бейімделуде. Екі жыл ішінде мектеп ішіндегі және мектептен тыс әр түрлі шараларға балалар белсенді қатысып жүр. Атап айтсақ, балаларға ерекше әсер қалдырған «Жаңа жыл» мерекесін айтуға болады. Облыс, аудан, қала әкімдерінің қатысуымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Президенттік шырша» мерекесіне 16 бала, балабақшада өткен таңертеңгілік шараға 11 бала қатысып, белсенділік танытты. Балаларға сыйлықтар табысталып, цирк әртістері, мультфильм кейіпкерлері, өңір өнерпаздары дайындаған бағдарлама мен сахналық қойылымдар қойылды.
Ал мектепке дейінгі жастағы 15 бала балабақшаларға орналастырылған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қайтарылғандарды толық кешенді медициналық тексеруден өткізді, жағдайлары қанағаттанарлық. Қайтарылған 2 баланың денсаулық жағдайы ерекше бақылауға алынып, жүйелі емдеу жүргізілуде. Денсаулық жағдайлары бойынша мүгедектік рәсімделіп, үйден оқыту қолға алынды.
Балаларды оңалту тәсілі ересектердің ерекшеленеді, олардың психологиялық жарақаттарын емдеу үшін "бақытты" балалық шақ құру жеткілікті. Олар ересектердің нұсқауы бойынша бейсаналық түрде заңсыз әрекеттер жасайды. Сондықтан балалармен оңалту жұмысында бастысы – ата-аналардың өкінуі, олар өздерінің көзқарастарында қателескендерін мойындауы қажет.
– Қайтарылған азаматшалардың қоғамға деген көзқарастары қаншалықты өзгерді? Жүргізілген жұмыстың нәтижесінен не күтіледі ?
– Өте орынды сұрақ. Біз қайтарылған азаматшаларды теологиялық, психологиялық, әлеуметтік оңалту арқылы қоғамға бейімдеп жатырмыз. Мысалы, Алматы облысы дін істері басқармасының «Рухани керуен» жобасы аясында басқарма мен Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті арасында 2016 жылы қол қойылған өзара ынтымақтастық Меморандум негізінде «Жусан» операция аясында қайтарылған азаматшалар да қатысуға мүмкіндік алды. Қазіргі пандемияға орай, онлайн форматта «ZOOM» бағдарламасы арқылы аптасына екі рет түрлі тақырыптарда дәрістер оқытылады. Нәтижесі өте жақсы діни білімдерін жетілдіруде. Әйелдердің қалаулары бойынша алдағы уақыттарда университет қабырғасында шаралары ұйымдастырылатын болады.
Әлеуметтендіру, діни және психологиялық сауықтыру бағытында кешенді семинар-тренинг үнемі ұйымдастырылып тұрады. Ұйымдастырылатын шаралар түрлі форматта өтіп жатыр. Оған еліміздің білікті ғылыми дәрежесі бар теологтар мысалы Ш.Әділбаева, Л.Шакимова А.Төлегенова т.б. қатысып азаматшаларымыз арнайы сертификаттарға ие болды.
Біздегі ең басты мақсат ең алдымен ұлттық сана-сезімін қалыптастыру, халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту, ана тілі мен дінін оның тарихын мәдениетін өнерін салт-дәстүрін рухани-мәдени мұраларын қастерлеу және ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жететініміз анық. Мысалы Еліміздің мемлекеттік мерекелері атап айтсақ Алғыс айту күні, 8 наурыз, Тәуелсіздік және Конституция күніне орай барша халықты бейне құттықтаулар арқылы құттықтап ыстық лебіздерін білдіріп жатқандары қоғамға бейімделгенін көруге болады. Сондай-ақ Ұлы ақын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, әдеби оқу эстафетасына үн қосып, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласына жолдады.
Салт-дәстүрді дәріптеуде Наурыз мейрамына орай «Ата салтым – асыл қазынам» атты байқау өткізілді. Шара барысында әр қатысушы өзін таныстыру, ұлттық тағам түрлерін әзірлеу, Наурыз мерекесіне арналған сұрақ-жауап жарысы, салт-дәстүр түрлерін көрсету кезеңдердері бойынша бақ сынасты. Ұлттық-киім киіп, салт-дәстүр және қолөнер түрлерінің озық үлгілерін көрсеткен азаматшалар жүлделі орындарды иеленді. Арнайы видео ролик түсіріліп Қазақстандықтарды наурыз мерекесімен құттықтады.
Еліміздің мемлекеттік мерекелері. атап айтсақ, Алғыс айту күні, 8 наурыз, Тәуелсіздік және Конституция күніне орай барша халықты бейне құттықтаулар арқылы құттықтап ыстық лебіздерін білдіріп жатқандарынан қоғамға бейімделгенін көруге болады. Сондай-ақ ұлы ақын, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай, әдеби оқу эстафетасына үн қосып, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласына жолдады.
Екі жылға жуық реабилитациялық жұмыстардың нәтижесінде қайтарылған азаматшалардың өзіндік ұсыныстарымен облыстық медиа құрылымдардың мүмкіндіктері арқылы 12 азаматшамен бейнесұхбат ұйымдастырылып, әлеуметтік желілерге жарияланып және де арнайы журналистік зерттеу әзірленіп, көрерменге ұсынылды. Аталған қарсы насихат материалдарында террористік белсенді аймақтан қайтарылған азаматшалар өз қателіктерін мойындап, басқалардың қайталамауына шақырды.
Сондай-ақ Біріккен ұлттар ұйымының аймақтық өкілдігі Сириялық қақтығыс аймағынан қайтарылған азаматтарды қайтару, реинтеграциялау және реабилитациялау бағдарламаларын дайындау, жасау және іске асыру бойынша Қазақстанның тәжірибесін зерделегені белгілі. Осыған орай, ұйым өкілдері Талдықорған қаласы мен Қарасай ауданында тереңдетілген зерттеу жүргізіп, Алматы облысының оң тәжірибесімен танысты. Бұл арада да әйелдер тарапынан еліне, жеріне қайтарылғандары үшін мемлекетімізге алғысын білідіріп осындай зерттеулерге ықыласымен қатысқандарын айта кеткен жөн.
Облыс аумағына «Жусан» операциясы аясында қайтарылған әйелдер мен балаларды кешенді психологиялық оңалту және қайта әлеуметтендіру жұмыстары барысында 2019 жылдан бастап жинақталған тәжірибеге орай, ҚР ҰҚК Академиясының жетекші ұстаздарымен бірлесе жұмыс барысында қолдану үшін психодиагностикалық, коррекциялық әдістемелік нұсқаулық әзірленіп, Республика бойынша таратылды. Барлық мүдделі органдардың үйлесімді жұмысының арқасында біз бүгін репатрианттардың қоғамға табысты реабилитациясы мен реинтеграциясы туралы айта аламыз.