Ақтөбе мен Семейдің арасы жақындай түсті

2878
Adyrna.kz Telegram

Биылдан бастап Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы арасында мәдени және экономикалық байланыстар нығайып, әріптестік қарым-қатынас жолға қойылды. Осылайша Абайдың елі мен Абайдың арғы атасы Ырғызбай туған өлкенің арасы жақындай түсті деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталының тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өткен аптада Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының мәдени күндері өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген шараға облыстан және ауданнан 50-ге жуық адам қатысты.

Шара Абай ескерткішіне гүл шоғы қоюдан басталды. Бұдан кейін ырғыздықтар Қарауыл ауылдық клубының фойесінде ауылшаруашылық және кітап көрмесін жасақтап, тұрғындарға ұсынды.

Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Ақалмас Тұртаевтың айтуынша, аталған көрмеге облыстан қымыз, шұбат, ешкі сүті,  «Шалқар» суы, балық, тары, жарма, құрт, ірімшік, жент, ақ ірімшік, сүзбе, қаймақ, бал, т.б. сүт, шұжық, кондитер өнімдері қойылған.

«Ырғыз өңірі мен Абай елінің ортақ құндылықтары» атты танымдық конференция барысында Ырғыз ауданының әкімі Әділкерей Әуелбаев қарауылдықтарға  Ырғызбай туған топырақ — Ырғыз өңірінің ыстық сәлемін жеткізіп, өткен тарих беттеріне шолу жасады.

"Сонау жоңғар шапқыншылығынан үдере көшкен ел сонау Ырғыз бойынан пана тапса, «шынжыр балақ, шұбар төс» Ырғызбай сол өзеннің жағасында дүниеге келген. Алғашқысы қазақ халқын жойылып кетуден сақтаудағы күрт бетбұрыс болса, екіншісі кейін ұрпағы халқымыздың данышпан перзентіне айналған тарихи тұлға еді. Осындай тұтас халықтың тарихында із қалдырған оқиғалар өткен Ырғыз елі екі жарым ғасырдан соң Ырғызбайдың жұртына қонақ болып келіп қалды. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының  Абай ауданындағы «Ырғыздан Ырғызбайдың еліне» атты мәдени күндері Абаймен құрдас, былтыр 175 жылдығын атап өткен Ырғыздан бастау алып, бүгін Қарауылда өз мәресіне жеткелі отыр, — деген ол елдің батасын алып аттанған сапардың мақсатына тоқталып, осы жобаға облыс әкімі Оңдасын Оразалин ерекше қолдау білдіргенін атап өтті.

Бұдан кейін конференцияда Абай ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов ырғыздықтарға жылы лебізін білдірді.

— Әрбір елім, жерім дейтін, болашағын ойлайтын қазақ Абайдың жеріне келіп,  ұлы тұлғаға тағзым етуі керек. Абайдай ұлы тұлға әлі туған жоқ. 18-19 ғасырда өмір сүрсе де, қазақтың болашағын ойлап, артына мәңгілік мұра қалдырып кеткен дана ойшыл біз үшін қашан да қымбат. Абай туған өңірге Елбасы мен Мемлекет басшысының өзі келіп, үлкендердің батасын алған. Сондықтан болашақ ұрпақ бұл жердің топырағын басып, тарихымен танысуы тиіс. Осы орайда үлкен делегация болып, киелі мекенге келіп жатқан сіздерге, Ырғыздың жұртына, айтар алғысымыз шексіз,— деді ол.

Жиында делегация өкілдері Ақтөбе өңірі мен Ырғыз өлкесінің тарихы туралы баяндама оқып, Ырғызбай мен Абайға қатысты бірқатар тың деректерді айтып берді.

Шара соңында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы мен Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданы арасында әріптестік қарым-қатынасты дамыту мақсатында екі ауданның әкімдері өзара меморандумға қол қойып, екі өңірдің өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Сапар соңында делегация Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне барып, қос кемеңгердің рухына тағзым етті. Абайдың мұражай-үйін аралап, заманында ұлы ақынның өзі тұтынған құнды жәдігерлерді өз көздерімен көрді.

 

 "Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер