Ең әдемі ертегі

703

(Эссе-әпсана)

Ертегілердің бәрі де жақсылықпен аяқталады. Кедергілермен алысып-жұлысқан кейіпкерлер ең ақырында барша мұратына жетеді. Жетім жетіледі, жарлы байиды. Кеткенің келеді, кемісің толады. Ертегі аяқталған кезде жеңіске жеткен кейіпкерлермен бірге қуанасың. «Ізгі ниетіңнен айналайын, қазақ ертегісі!», – деп сүйсінесің.

Ертегіні зерттеп ғылымға жол ашқан академик Қасқабасов та ертегінің қаһармандары секілді өмірдің алуан түрлі өткелектерінен өтті. Қиналды, қайысты, күресті, тіресті, өрледі, төрледі. Сейіт ағаның тағылымды ғұмырнамасының өзі ізгілікті іздеген ертегіге ұқсайды. Ертегінің ең әдемісі де осы. Сонымен, баяғыда Сейіт деген өте елгезек, зерек де зерделі бала болыпты...

* * *

Үнің кетпес құлақтан

Ғылым қуып, бақыт қонды басыңа,
Жақсы жандар серік болды қасыңа.
Келіп қапсыз аттай желіп отырып,
Ересектеу ер жігіттің жасына...
(Журналистік фольклордан)

Атының қойылуы да ертегі сарындас. Шешесі босанар алдында әкесі түс көріпті. Түсінде аян беріліпті. «Балаңның атын Сейіт қой!», – деп сыбырлапты бір дауыс. Кәдімгі ертегілердегі Ғайып ерен қырық шілтендердің үн қататыны секілді. Содан Сейіт атанған. Бірақ Секең ертегідегі басы үлкен балпанақтай балалар секілді күн санап өсіп, бесікке сыймай кеткен жоқ. Бірге ойнаған балаларына байқамай қолы тиіп кетіп, мерт қылудан да аман. Өз ретімен жетілді, өз жөнімен ержетті. Сол әкесі бұл туған соң көп ұзамай майданға аттанды. Сол кеткеннен мол кетті.

Жас күнінен зерек болып өсті. Құймақұлақ, айтқан сөзді қағып алады. Нағашы атасы керемет сұңғыла кісі. Баладан бірдеңе шығатынын бірден байқады. Жасынан жыр жаттатты. Қисса-дастандарды құлағына құйды. 1949 жылы бұл шаңырақта бір үлкен қоңыр кітап пайда болды. Сыртында «Жамбыл» деген жазуы бар. Атасы Жамбылдың жиен қарындасынан туған. Содан ба, әйтеуір Жәкемді қайта-қайта оқытты. Жатпай-тұрмай фольклорлық есеп үйретті. Соның бірі – «Жүз қаз» деген есеп. Мазмұны былай. Әуеде бір топ қаз ұшып келе жатыпты. Оларға жерде тұрған қаз: «Ассалаумағалейкум, жүз қаз!» – деп сәлем беріпті. Жоғарыдан дауыс келіпті:

«Уағалайкумассалам, бір қаз! Біз жүз емеспіз. Осы тобымызға тағы осындай топ қосса, оған соның жартысын, оған сол жартысының жартысын қосса, оған сенің өзіңді қосса, жүз қаз боламыз». Сонда «Аспанда қанша қаз ұшып келе жатыр?» – деп атасы бұған мейірлене көз салады. Бала Сейіттің миы айналады. Біресе аспанға, біресе атасына қарайды. Олай санайды, бұлай санайды, қазы құрғырдың есебі шықпайды. Сөйтсе, бар-жоғы 36 қаз екен ғой. 36+36+18+9+1=100. Міне, теңдеудің формуласын білмейтін қазақ осындай есеп ойлап тапқан. Мұның бәрі, әрине, жас ұланның ой-өрісін қалыптастыруға әсер етті.

Құймақұлақ жиенді ілім-білімге құлшындырған нағашы атасы, әрине, ол кезде кейін атағы алты алашқа мәлім болатын академикті тәрбиелеп жатқанын білген жоқ. Бірақ оның көзі қарақты, санасы сергек азамат болып қалыптасатынын сезген секілді.

Шешесі Әужан да халық әндерін шебер орындайтын. Әсіресе, «Қараторғайды» беріле айтатын. Соның бәрі бала Сейіттің зердесінде сайрап тұр.

Қарап тұрса, Сейітті нағашысы Әбдікерім Кемпірұлы фольклор әлеміне жетелеп әкелген екен. Алғашқы ұстазының әсері мықты болғаны соншалық, академик Қасқабасов қазіргі күні де кей сәтте Кемпірұлының кеңестерін санасында жаңғыртады. Жамбыл атасының «Үнің кетпес құлақтан» деп жырлағаны секілді нағашысының қоңыр даусы тіпті жақыннан естілгендей болады. Қала академигі Қасқабасов «дала академигі» Кемпірұлын жиі еске алады.

Оңдасыновты іздеген өрен

Ойыңызда мағына бар, маңыз бар,
Бойыңызда парасат бар, парыз бар.
Қазағымның фольклоры басқа емес,
Сейіт аға, өзіңізге қарыздар...
(Журналистік фольклордан)

Бұл да үнемі атасының көлеңкесінде жүретіндей босбелбеу болған жоқ. Майданға аттанған әкеден ерте ажыраған соң қатты ширай түсті. Оң мен солын тез ажыратады. Ешкімге есесін жібермейді. Елуінші жылдары Семей жақтан Алматының іргесіне көшіп келді. Сол тұста қалада әкесі соғыста өлген балаларды оқытатын мектеп-интернат бар еді. «Менің де әкем майданда мерт болған, өзім жетіжылдықты грамотамен бітіргенмін», – деп барса, Шағатаев деген директор оқуға алмайды. Салы суға кетіп, ауылға келе жатқанда өз мектебінің директоры Смағұл Мұқанов жолықты: «Әй, Сейіт, не болды? Көңіл-күйің жоқ қой...» Мектеп-интернатқа ілікпей қалғанын айтты. «Неге алмайды ол? Сен Нұртас Оңдасыновқа бар. Ол мектеп сендерге арналған». Оңдасынов ол кезде Жоғарғы Кеңес Президиумының төрағасы еді.
Он төрт жастағы бала Оңдасыновтың кеңсесін тауып алды да, төрағаның қабылдауына жазылып кетті. Ондағылар «Екі аптадан соң кел», – деді. Келді. Есіктің аузын милиция күзетіп тұр. Қалтасында ағаш сапты бәкісі бар еді. Алма кесіп жейтін. «Балам, қалтаңа бәкі салып жүр, ер-азаматсың ғой», – деп нағашы атасының өзі айтқан. Оңдасыновтың күзетшісінен қорқып, сол бәкіні үйдің сыртына лақтырып жіберді... Оңдасынов жоқ. Елді Әміреев деген кісі қабылдап жатыр.
– Бала, сен дұрыс келмепсің ғой, – деді ол бұған, – Әди Шәріпов деген Оқу-ағарту министрі бар. Мен қағаз жазып берейін. Сол кісінің қолына ұстат, айналайын.

Қағазды ашып оқыған жоқ. Заулап отырып министрлікке келді. Есік алдында жүрген ересек жігіттер күледі. «Бала, сен де біз сияқты оқу бітіріп, жұмыс іздеп жүрсің бе?», – дейді. Мұның оларда шаруасы жоқ. Өзі о бастан орысшаға тәуір. Екінші қабаттағы есікті ашып: «Министр қайда?», – деді хатшыға. Хатшы қыз: «Министр Ақтөбеге іссапарға кетті. Оның орнында орынбасары Ысқақов бар. Егер қаласаң, сол кісіге жолық. Бірақ қазір ол кісінің бөлмесінде коллегия болып жатыр», – деді. Коллегия дегеннің не екенін түсінбеді. Есікті шалқасынан түсіріп, «Ассалаумағалейкум!», – деп кіріп барды. Үстел жағалай жайғасқан қаптаған адам. Бәрі бұған жалт қарады. Сөйлеп тұрған адам: «Бала, саған не керек?», – деді. Бұл оған Әміреев берген қағазды ұсына қойды. Ол оқыды да хатшыны шақырып, «Костенкоға ертіп барыңдар, бұйрық әзірлесін», – деп тапсырма берді. Сәлден соң министрліктің мектептер басқармасының бастығы Д.Костенко қол қойған «8-сынып оқушысы С.Қасқабасов мектеп-интернатқа қабылдансын», – деген бұйрықты қолына ұстап, құстай ұшып келе жатты. Интернат директоры: «Саған не, қалалық оқу бөлімінің бұйрығы жетпеді ме, министрлікке тұра шапқаның не?!» – деп бұлқан-талқан болды.

Сейіт Қасқабасов сөйтіп ағысқа қарсы тұрып үйренді. Мақсатына жету үшін табанды болуға машықтанды. Қандай қиындық кесе-көлденең ұшырасса да, өзі зерттеген ертегінің шаршамайтын-шалдықпайтын кейіпкерлері сияқты қаймықпай күресе білуге дағдыланды.

Бірақ қазір ол жолындағы бел-белестерді баяғыдай бұзып-жарып кете бермейді. Бір кезде он төрт жасар бала Сейіт еркін өткен есіктердің алдында академик Қасқабасов кейде тосылып қалады.

Сұрасаң, фамилиямды Қасқабасов

Біздер барда арта түсер бағаңыз,
Сөзіңді ұғып, салмақтанар санамыз.
Ағамыздың шарапаты тиер деп,
Әр күн сайын қолыңызды аламыз...
(Журналистік фольклордан)

Мектепте қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінен басқасының бәрін орысша оқыды. Орыс тіліне жасынан өте бейім болды. Бұл да көп мүмкіндіктеріне жол ашты. Соның арқасында қазір екі тілде бірдей таза жаза береді. Ғылыммен айналысқан жылдарында Мәлік Ғабдуллин, Ысқақ Дүйсенбаев, Ісмет Кеңесбаев сынды қазақтың мықты азаматтарының тәрбиесін алды. Ғылыми жетекшісі Нина Сергеевна Смирнова – өзінше бір әлем. Арғы-бергі үлгілі үрдістерден нәр алған нағыз аристократ әйел. Өзі түгілі үйіндегі мысығына дейін күнделікті тіршілік ету кестесімен жүріп-тұрады. Хайуанаттар туралы ертегіні зерттеген Сейіт ағамның бұл мысықтың тірлігіне де ептеп барлау жасап көргені бар. Нина Смирнова Секеңнің кандидаттық диссертациясының бірінші тарауын үш рет, екінші тарауын екі рет жаздырды. Үшінші тарауының ғана алғашқы нұсқасын қабылдады. Содан кейін ғана «Міне, енді сен ғылыми қызметкер болдың», – деді. Осындай қатал сыннан өтті ол.

Сол Смирнова Сейітті ұлы Мұхтар Әуезовке ертіп апарып таныстырды. Мұхаң фольклорды, оның ішінде қазақтың қиял-ғажайып ертегілерін зерделеуге талпынған жас жігітке ризашылығын білдіреді. Ғұламамен кездескенде өзі де Қыдыр көргендей қатты қуанды. Зерделі зерттеуші ғылымдағы бұдан былайғы жетістіктерінің сырын Әуезовтің ақ тілегімен байланыстырады. Бүгінгі ертегіміздің әдемі тұсының бірі осы.

1971 жылы Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы болып жүргенде «Қазақ ССР Ғылым академиясы Хабарларының» гуманитарлық ғылымдар сериясының жауапты хатшысы міндетін қоса атқарды. Бас редакторы Ісмет Кеңесбаев. Ең беделді ғылыми басылымға жарияланатын мақалалардың бәрі өз қолынан өтеді. Сол кезде ғой Кеңес Одағының Батыры, әйгілі Мәлік Ғабдуллиннің мынадай екі жол шымшыма өлең шығаратыны:

Сұрасаң, фамилиямды Қасқабасов,
Беремін мақалаңды тасқа басып.

Сейіт институтқа алғаш келгенде келгенде Мүсілім Базарбаев директор еді. Жап-жас жігіт. Өзі ажарлы. Түсі суық. Мәжіліс жүргізгенде бекзаттығы сезіліп тұрады. Ол кезде бұл аспирант болатын. КазПИ-дің үш студенті – Едіге Тұрсынов, Қуандық Мәшһүр-Жүсіпов және бұл өз оқу орнының аспирантурасына қалған-ды. Жеме-жемге келгенде филологтардың орнын химиктерге беріп жіберді. Химияландыру мәселесі ұранға айналып тұрған Хрущевтің заманы болатын. Едіге Целиноградтың мединститутына кетті де, Қуандық екеуі осы институтқа орналасты. Шапық Шөкин жоспарсыз аспирантураға қол жеткізіп берді.

Сейіт ертегіні зерттеуге кірісті. Ал Қуандықтың жетекшісі Қажым Жұмалиев, неге екені белгісіз, оған Мәшекеңнің мұрасын тақырып етіп берген жоқ. Ол күндегі этика басқа ғой, сөз болады деген шығар. «Отызыншы жылдардағы әдебиеттегі колхоздастыру тақырыбын аласың», – деді. Бұл бір институттың киелі кезеңі еді. Ғылыми кеңесте қасқайып Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ахмет Жұбанов, Мәлік Ғабдуллин, Есмағамбет Ысмайылов, Бейсенбай Кенжебаевтар отырады. Мүсілім Базарбаевтың тұсында ауқымды жұмыстар атқарылды. Айтыстың үш томдығы, қазақ ертегілерінің үш томдығы, әдебиет тарихының алты кітабы, батырлар жырының үш томдығы, қазақша-орысша сөздік әзірленді. Әди Шәріпов институттың материалдық базасын күшейтті. Зәки Ахметов әдебиет теориясын зерттеуге ден қойды. Арнайы бөлім ашылды. Шериаздан Елеукенов пен Серік Қирабаев ақталған арыстардың мұраларын жарыққа шығаруға көп көңіл бөлді. Секең солардың әрқайсысының жақсы үлгілерінен өнеге алды. Ал өзін институттың аға буын ғалымдары министрлікке хат жазып, арнайы шақыртты. Келе сала бірнеше тіл білетін жастарды жұмысқа тартты. Қызметке кіріскен соң көп ұзамай сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Сейіт аға, фольклордың 100 томдығын шығарсақ қайтеді?!» – деп бағалы ұсыныс айтты. Сонымен, «Бабалар сөзі» деген серияны бастап жіберді. Әдебиет тарихының 10 томдығын шығаруды қолға алды. Институт қызметкерлерін жаңа деректер тауып, жаңаша көзқарас танытуға жұмылдырды. Әдебиет тарихының соңғы кітабы 1967 жылы жарық көрген екен. Өнер, музыка тақырыбына арналған іргелі зерттеулерді бастады. Сейіт аға келгенде институтта өзі қатарлы ғалымдардың бірде-біреуі қалмапты. Оның есесіне Құдай қуат берген аға буын баршылық. «Аға буын арамызда жүргенде әдебиет тарихын жазып тастауымыз керек» деп шешім қабылдады. Солай болды да. Салмақ соларға түсті. Ғылыми жұмыстың дені ағаларымыздың күшімен жазылды. Көпті көрген, әдебиетіміздің бар белесін бастан өткерген кісілер. Жазғандары да сүбелі шықты.

Өзағаңның қайшысы

Қадірлейсіз ар-ақылды, ұятты,
Сондықтан да әр ісіңіз зиятты.
Сейіт аға Қасқабасов деген сөз –
Тектіліктің төлқұжаты сияқты.
(Журналистік фольклордан)

Орталық Комитетке келем деген ойында жоқ-ты. Секең мен Цекаң бір-біріне үйлеспейтін екі түрлі нәрсе сияқты еді. Мемлекеттік қызметке Өзбекәлі Жәнібеков шақырды. Қарамағындағы қызметкерлеріне талабы өте қатал болды. Өзін де, өзгені де аяған жоқ. Жазған-сызғаныңды міндетті түрде күзеп-түзеп, өз байламын айтатын. Қолынан ұзын қайшысы түспейтін. Қиятын, өңдейтін, жөндейтін. Алдына құжат апарып отырғанда Өзекең үстелінің тартпасынан жалаңдатып қайшысын шығарғанда қызметкерлердің жүректері су ете қалатын. Осының өзінен жеткілікті тәлім алды. Сол қайшы көп нәрсеге үйретті.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Жоғары аттестациялық комиссиясының төрағасы болып бекітілді. Комиссия қиын кезеңде құрылды. Жасыратыны жоқ, «Мұндай ұйымның енді керегі аз. Бұл – компартияның ойлап тапқаны» деген пікірлер көп айтылып жатқан кез еді. Бірқатар шенеуніктер «Халықаралық стандарт деген бар. Ешқандай қорғаудың қажеті жоқ», – дегенді көлденең тартты. Содан 13 еуропалық елдің тәжірибесі зерттелді. Халықаралық стандарт деген жоқ болып шықты. 11 елдің мекемесі бірлесіп, қауымдастық құрды. Штаб-пәтері Алматыға орналасты. Төрағасы Секең болды. Кандидаттық пен докторлық дәреже, доценттік пен профессорлық атақ сол күйінде қалдырылды. «Жалпы, кандидат дегеніміз не? Бұл – көне латын тілінен енген сөз. Рим мемлекеті тұсында Парламент мәжілісінде сөйлеушілер алдын ала тапсырыс беретін болған. Сөйлеуге ниет қылған кісіге аппақ киім кигізеді. Оған бір ай уақыт береді. Егер осы бір ай ішінде оған ешкім шіріген жұмыртқа, қияр, помидор лақтырмаса, қысқасы, киімін былғамай, аппақ күйінде сақтаса, трибунаға шығып, сөйлеуге мүмкіндік алады. Сәл қара дақ түссе, сөйлетпейді. «Кандидат» – «ақ киім киген адам» деген сөз. Бұл ғылымдағы тазалық деген ұғыммен де астасып жатыр», – дейді ғалымның өзі.

Сейіт аға өз тұсында қорғау тәртібін біраз жеңілдетуге күш салды. Қолдан жасалған түрлі кедергілер көп еді. Соның бәрін алып тастауға тырысты. Академиялық институттар ғалымдарының құқы жоғары оқу орындары ғалымдарының құқымен теңестірілді.


Академияда қызмет істейтін ғылым докторларының профессор атағына тездетіп қол жеткізуіне мүмкіндік жасалды. Бұрын бұл қиынның қиыны еді. Академиядағыларға ескі үлгідегі аға ғылыми қызметкер дейтін ғылыми атақ берілетін. Соны жойды. Бұл үшін тек қана елдің алғысын алды.

Сөйтіп, оны Өзағаңның қос қарыс қайшысы тек қағаз-пағаздың артық-ауыс тұсын ғана емес, өмір тәжірибесінде байқалған қажетсіздеу нәрселерді де қырқып-қырнай түсуге баулыды. Сондықтан Секең осы ағасын ойға алса, есіне оның ұзын қайшысы қоса түседі.

Тағылымды ұжым, танымал басшы

Зерттедіңіз аңыз қалмай, жыр қалмай,
Кім-кімді де қабылдайсыз бұлданбай.
Бұл қазақтың супермәдениеті
Өзіңіздің бойыңызда тұрғандай!
(Журналистік фольклордан)

Сейіт Қасқабасов директор болып келгенде мен сол Әдебиет және өнер институтында қызмет істейтін едім. Қазақ әдебиетінің тарихы бөлімін ұзақ жыл басқарған Шәмшиябану Сәтбаева апай бас ғылыми қызметкерлікке ауысып, оның қызметін бірер жыл атқарған Серікқазы Қорабай ағам директордың орынбасарлығына бекіп, өз орнына мені ұсынған. Сөйтіп, институттың ең жас бөлім меңгерушісі болдым. Басқа бөлімнің басшылары атағы жер жарған кісілер. Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Шериаздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Бағыбек Құндақбаев...

Өстіп жүрген кезімізде директорымыз Шәкір Ыбыраев аяқ астынан Түркістандағы халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры қызметіне ауысып кетті. Орнына қазір Астанада қызмет істеп жүрген академик Сейіт Қасқабасов келеді екен деген әңгіме гуілдеп тұр. Соған қуанып, шаттанып шауып жүрген ел. Әрине, ол кісіні сыртынан жақсы білеміз. Еңбектерімен біршама таныспыз. Өмір бойы осы институтта істепті. Академиялық үлгідегі мықты ғалым. Екі тілде жазып, елге танылған Едіге Тұрсынов екеуінің есімін кейінгі буын ауыздан тастамайды. Аса танымал азамат. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ұжым директорлыққа сондай аса беделді адамның келе жатқанына мәз болады да. Шынымды айтсам, өз басым бұған онша қуана қойғаным жоқ. Біріншіден, өзімді қызметке қабылдап, бөлім меңгерушілігіне тағайындаған Шәкір ағамның жайлы мінезіне үйреніп қалған едім. Екіншіден, үйелмелі-сүйелмелі төрт баламды асырау үшін тағы бір-екі жерде қосымша қызмет істейтінмін. Өйткені институттың жалақысы жартымсыз. Соған Шәкір ағам түсіністікпен қарайтын. Ал мына академик Қасқабасовтың түсі суық, өмірі түксиіп жүретін кісі. Бұл ондайға кеңдік көрсететін адамға ұқсамайды. Оның үстіне... Бір рет Алматыда Орталық Комитет ғимаратының алдында көргем. Баспалдақтан абайлап басып, ақырын ғана түсіп келе жатыр екен. Кеудесінде мемлекеттік сыйлық лауреатының белгісі. Ағамыздың бұл марапатқа жаңа ғана ие болып, атағы дүрілдеп тұрған кезі еді. Амандасып, қол созып едім, самарқау ғана алды. Жете танымасам да қазақтың ірі азаматтарының бірі ғой деп, «Аға, сыйлығыңыз құтты болсын!» – деп едім, ернін жыбыр еткізіп, «рахмет» дегендей болды. Түсі сондай ызғарлы. Құдды бір мен оған мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған кезде дауыс бермей кеткен адамдай жақтырмай қарады. Біртүрлі болып қалдым. Кейін өзімді-өзім жұбаттым. Атақты академик Қасқабасов өзі танымайтын бозөкпе журналиске енді қайтіп қарауы керек? Өзіме де обал жоқ, сыйлығымен құттықтап жырпылдап нем бар еді?! Бұл жәйтті көп ұзамай ұмытып та кеткем. Қасқабасов институтқа директор болып келе жатыр дегенде есіме сап ете қалғаны. Жас зерттеушілер арасында «Кейбір ірі ғалымдардың еңбектерін ғана оқып, өзін көрмеген жақсы» деген сөз бар. Сол секілді бітімі бөлек ғалым Сейіт Қасқабасов институтқа келсе, әйтеуір бір мазасыздық әкелетін секілді көрінді де тұрды.

Сөйтіп жүргенде Секең бір күні бір диссертанттың қорғауына келді. Үзілісте үзеңгілес дос Амантай Шәріп мені оған таныстырды. «Осылай да осылай. Бұл да мен сияқты жас доктор. Осында бір бөлімді басқарады». Қасқабасов: «Болса қайтейін» дегендей самарқау көз тастады. Сол баяғы түксиген түр. Сол баяғы өңменіңмен өтетін суық көзқарас. Қолын да салқындау ұсына салды. Ұнатпаған адамның кейпі. Тағы да көңілім пәсейіп қалды.

Содан Секеңді институттың директорлығына тағайындап жатқан кезде бөркін аспанға атып шаттанғандарға онша қосыла қоймадым. Алдында мінезі жайлы, оның үстінде өзімді өте жақсы көретін Балтабай Әбдіғазиев ағам да директорлыққа талпынып жатыр екен деп естігенмін. Балтабай ағам да қызық өзі. Бәсекеге түскен соң жеңетін болып бір-ақ түспей ме екен. Өзі Шәкір ағамның досы еді. Озып шықса, жақсы-ақ болатын еді. Мына Қасқабасов бәрімізді қыратын шығар енді...
Жоқ, олай болмай шықты. Бір қарағанда жүзінен ызғар есіп тұрған секілді көрінетін Секең қайырымдының қайырымдысы екен. Тілге келіп, сөйлесе бастасаң, ызғары мен мұз-қары еріп сала береді. Ақкөңіл ағеден адамға айналады. Бәрімізді бірден бауырға тартты. Көп ұзамай мені бөлмесіне шақырды. Баяғы суық көзқарастың ізі де жоқ. Жүзі жайдары мейірбан Қасқабасовты бірінші рет көрдім сонда.
– Ежелгі әдебиет бөлімін ашып, меңгерушілікке өзіңді бекітейін деп отырмын, – деді ол. – Қай қызметкерді алғың келеді, оны өзің шеш. Жастарды көбірек тарт. Институтқа жаңа тыныс беру керек болып тұр. Сенің де жетекші болатын кезің келді. Өзіңе аспирант ал. «Хабарда» істейді екенсің, жұмысыңды жалғастыра бер. Қайта соның дұрыс. Мына шаңырақтың жұмысын жақсылап насихаттау керек.
Ойбай, мынау сол Қасқабасов па?! Не деген жақсы адам... Баяғы салқындығы мүлде сезілмейді. Маған мейірленіп қарайды. Ара-тұра «айналайын», «қалқам» деп қояды. Сол кезде Қасқабасов туралы қиқы-жиқы ойларым үшін ептеп ұялып отырдым.

Жаңаны жатсынбайтын жан

Басшымыз деп, ағамыз деп сенгеміз.
Жолбасшы деп соңыңыздан ергеміз.
Жақсы ағаны жылуымен жебеген,
Аман болсын Тамарадай жеңгеміз!
(Журналистік фольклордан)

Мен оған Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің сол жылғы түлектерін ертіп әкеліп, шетінен таныстыра бастадым. Ежелгі әдебиетті зерттеуге тіл білетін жастар ыңғайлы еді. Қыз-жігіттердің көбісі жартусыз жалақыға келісті. Қиналып, кетіп қалғандары да болды. Қиындыққа шыдағандар мақсатына жетті. Ақжігіт Әлібекұлы Мәмлүк қыпшақтары дәуіріндегі әдебиет нұсқаларын, Төрәлі Қыдыр орта ғасырлардағы діни әдебиеттерді, Мұхит Салқынбаев қазақ-араб әдеби байланыстарын, Гүлнәр Құрманғали Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйын», Балжан Тоекина Бабыр мұрасын зерттеп, кандидаттық диссертация қорғады. Ежелгі әдебиет тарихы жан-жақты қырынан зерттелді.

Сейіт аға жеңіл юморға бейім. Жастарға жарасымды қалжың айтып, жанын сергітеді. Бірде Ежелгі әдебиет бөліміне қызметке алынатын Ақжігіт Әлібекұлының құжаттарын алып кірдім. Секең Ақжігіттің өмірбаянына шұқшиып қарап отырып:
– Мынауың жас емес пе? – дегені.
– Енді университетті биыл ғана бітірген бала... Жастарды тарт деген өзіңіз ғой.
– Әй, сонда да... тым жас қой мынау...

Түк түсінсем бұйырмасын. Сейіт аға өмірбаянның алғашқы сөйлемін көрсетіп, қуланып күледі. Сөйтсек, әлгі алаңғасар Ақжігітім «1977 жылы тудым» дегеннің орнына «1997 жылы тудым» деп қате жазып қойыпты. Сол күні Сейіт ағаның бұйрығымен кіші ғылыми қызметкер болып қабылданған «тым жас» Ақжігіт кейін ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, ғалым-хатшы, жетекші ғылыми қызметкер, директордың орынбасары секілді қызмет сатыларының бәрінен өтті. Қазір ол – Еуразия ұлттық университетінің шығыстану кафедрасының меңгерушісі, Сейіт ағаның сенімді қолғанаты. Көне түркі әдебиеті мәселелерін зерттеп, докторлық диссертациясын жазып жүр. Қиындыққа шыдап, мақсатқа жетуге үндейтін біздің ертегі-әпсанамыздың тағы бір тағылымды тұсы, міне, осы.

Сейіт ағаның ұйымдастырушылық үрдістері тек жастарға ғана емес, жасамыстарға да ерекше серпін берді. Институт ақсақалдарының бірі, танымал ғалым Мұхамедрахым Жармұхамедов жасы жетпіс беске таяғанда докторлық диссертация қорғады. Мұхаң мен басқаратын Ежелгі әдебиет бөлімінде қызмет істейтін. Ұзақ жыл бойы докторлықпен шаруасы болмай жөнімен жүрген ағамызға жігер беріп, құлшындырған өзіміз еді. Енді докторлық қорғап болған соң тездетіп профессорлық атақ алып берудің қамын ойластыра бастадық. Оның үстіне ақсақалдың мерейтойы жақындап келе жатты. «Тойыңа жұрт жиылсын, Кеудеңе нұр құйылсын. Жігіт жасы жетпіс бес, Бәрімізге бұйырсын!», – деп өлеңдетіп отырып, Мұхаңның құнды құжаттарын алып, директорға кірдім. Сөйтсем Секең:

– Ағаң кеше ғана қорғаған жоқ па, тым ертерек емес пе? – деп қалжыңдап қояды. Ал өзі ақсия күліп, қажетті қағаздарға қол қойып берді.
Сейіт аға жаңаны ешқашан жатсынбайды. Үнемі тың пікір айтады. Ой-тұжырымдары өз буынының ұстанымдарымен орайлас келе бермейді. Керісінше, ол қазіргі заманның ыңғайына бейімделеді. Оның баршаға белгілі ғылыми еңбектері бір-бірімен жүйелі жалғасқан «Золотая жила», «Жаназық», «Елзерде», «Ойөріс», «Алтын жылға», «Ой-сана» атты кітаптарына енгізілді. Академиктің ғылыми әлемі өз алдына бөлек бір әңгіме.

* * *

Тоқтаңыз, әпсанамыздың ең бір тәтті тұсынан аттап кете жаздаппыз ғой. Қазақ ертегісі «содан сол бала ержетті, жар сүйді, бала-шағалы болып, барша мұратына жетті» деп аяқталмайтын ба еді?! Сейіт аға өміріне әр, тіршілігіне нәр берген Тамара деген тамаша тәтеміз екеуі бақытты ғұмыр кешіп келеді. Өнегелі әке, абыройлы ата.

«Атасына келді де, Сұрады сәби немере. Жақсы деген немене, Жаман деген немене?» деген әйгілі өлеңнің кейіпкері секілді ұрпағының әр сауалына асықпай жауап қайтарудан шаршаған емес.

Сонымен, біздің Сіз туралы әңгіме-баянымыз осымен тәмам. Ал Сіздің әдемі ертегіңіз аяқталмасын, аға!

* * *

Мінекей, сағат тілі түнгі он екіден ауды... Менің қадірлі Сейіт ағам сексен бірге келді! Құтты болсын! Жүзді жағалаған нағашыңыз Жамбылдың жасын берсін!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер
Редакция таңдауы