Махамбет Досмұхамбетов түрік инвесторларымен кездесті

2149
Adyrna.kz Telegram

Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов «BRIMSTONE Sulphur Provider Company» компаниясының негізін қалаушы Эфе Мунип Нурдоғдумен кездесіп, химия өнеркәсібі саласына қатысты жобаларды талқылады.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсеткеніндей, еліміздің батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары деңгейдегі қайта өңдеу ісінің жаңа өндірістік циклдарын құруға ерекше назар аударуда екенін атап өтті. Осы бағытта Атырау өңірінде бірқатар ауқымды жоба қолға алынып, инвестиция тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Өз кезегінде түрік инвесторы Атырау облысында күкірт бетонитін өндіретін өнеркәсіп орынын ашуға дайын екенін жеткізді. Инвестиция көлемі шамамен 10 млн АҚШ доллары болатын жоба 50-дей тұрақты жұмыс орынын ашуға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда күкірттің жеткілікті қоры бар. Алайда, біз үшін де, жалпы ел үшін де шикізатты терең өңдеуді ұйымдастыру, дайын өнімді күкірт бентониті түрінде шығару және экспорттау әлдеқайда тиімді. Логистикалық тұрғыдан алғанда, Атырау облысы бұл жобаны жүзеге асыру үшін өте ыңғайлы инвестициялық алаң. Осы жерден Қытай, Еуропа және Ресей сынды ірі нарықтарға шығудың әлеуеті зор»,- деді Эфе Мунип Нурдоғду.

Пікірлер