Түбі бір түркі елдерінің жас лидерлері Түркістан төрінде бас қосты

1649
Adyrna.kz Telegram

Бүгін түгел түркінің төрі саналатын Түркістан қаласында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Халықаралық Түркі академиясының қолдауымен «Түркістан – Түркі әлемінің бесігі» атты түркі елдерінің жастар көшбасшылары мен белсенділерінің халықаралық саммитін өткізді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Алқалы жиынның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Сұлтан Раев және түркі елдерінің бірқатар белсенді жастары қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған алқалы жиынға түркітілдес елдерден, атап айтқанда Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Мажарстан елдерінен онлайн және оффлайн режимде 300-ден астам өкіл қатысты.

Жиынның алғашқы құттықтау сөзін алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи шешімі мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаланың дамуына айрықша көңіл бөлуінің арқасында соңғы жылдары Түркістан заманауи, көрікті қалаға айналғанын атап өтті. «Қазіргі таңда көне Түркістанның жаңа бейнесі қалыптасуда. Шаһардың осындай жетістігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаз шешімінің нәтижесі. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойған еді. Содан бастап қаланың екінші тынысы ашылды. Түркістанды дамыту ісіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса мән беріп келеді. Көктемде өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркістанның «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы соның жарқын көрінісі», – деді Мәулен Әшімбаев видеобайланыс арқылы сөйлеген сөзінде.

Бұдан кейін сөз кезегін алған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева түркітілдес елдер арасындағы бауырластық байланыстардың қарқынды нығайып келе жатқанына тоқталды. Сонымен қатар министр өз сөзінде осындай ауқымды іс-шаралар арқылы туыс елдер жастары арасындағы ынтымақтастықты дамыту ұдайы назарда екенін атап өтті. «Бүгінгі жастарымыздың өзара ынтымақтастығы мен достығы, біріккен бастамалары мен жобалары – біздің мемлекеттер арасындағы байланысты одан ары нығайтудың бірден-бір кепілі. Жастар саясатындағы ынтымақтастықты терең дамыту қашанда басты назарда. Бұл мақсатта біз жақында Түркия мемлекетімен жастар саясаты стратегиялық сессиясын өткізген болатынбыз. Нәтижесі мол жиында екі елге ортақ өзекті мәселелер қаралып, жастардың ресурстық Орталығы волонтерлік қозғалыс, әлеуметтік қолдау салаларында өзара тәжірибе алмасу жөнінде келісімге келдік. Осындай стратегиялық сессияларды қызығушылық танытқан барлық түркі мемлекеттерімен бірлесіп өткізу алдағы жоспарда бар. Сонымен қатар, бауырлас елдердің жастарына арналған Ясауи атындағы 50 гранттың бөлінуі – білім беру саласындағы әріптестікті жаңа деңгейге көтеріп, мәдени-ағартушылық кеңістікті кеңейтуге тың серпін береді деп сенемін. Бұл орайда, біз түркі елдерінің жас ғалымдарын осы және басқа да ғылыми жобалар аясында ынтымақтастық орнатып, бірлесе жұмыс атқаруға шақырамыз. Бұндай қадамдар – жас ғалымдар арқылы ғылыми байланысты жаңа деңгейге көтеріп, ортақ тарихымыздың өз елдерімізде кеңінен насиаттауға жол ашар еді» деді Аида Ғалымқызы.

Өз кезегінде жалынды жастарға жігер берген жиынның маңыздылығына тоқталған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Академия Мемлекет басшысының наурыз айындағы бейресми саммитте берген тапсырмаларын орындауға кірісіп кеткенін айтты. Атап айтқанда, Түркістан өңірінде археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, «Халықаралық Түркістан энциклопедиясын» жасауды және 10 томдық «Түркістан жинағы» еңбегін әзірлеуді қолға алды. Сонымен қатар, Низами, Науаи, Юнус Әмре, Исмаил Гаспыралы, Мұстафа Шоқай, жыр алыбы Жамбыл сынды Түркі әлемі ұлы тұлғаларының мерейтойлары аясында жыл басынан бері бірқатар халықаралық іс-шаралар өткізді.

Пленарлық отырыстан кейін жастар саммитіне қатысушылар Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің кітапханасына келіп, бірнеше тақырыптық бағыттар бойынша тәжірибе алмасу семинарларын өткізді. Тамырлас елдердің бірқатар жастар ұйымдары өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойысып, әріптестік байланыстар орнатуға уағаласты.

Сонымен қатар, саммит аясында Түркі әлемінің киелі жерлеріне арналған сурет және «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары» тақырыбында кітап көрмелері ұйымдастырылды.

 

 

 

Пікірлер