Шәкіртақының өсуі – мемлекеттің қамқорлығы

2320
Adyrna.kz Telegram

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы​ Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында  дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы тағы өсетіні туралы айтқан еді. Міне, күзден бастап студенттер мен магистранттардың, докторанттардың шәкіртақысы көбейетін болды.

Елбасы негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бір топ білім алушыларының пікірін жариялағанды жөн көрдік. 

Асыл-Дастан БАЗАРБЕК, Физика-техникалық факультетінің  3 курс докторанты:

-Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің физика-техникалық факультетінде докторантурада оқимын. Амандық болса, биыл бітіремін. Мемлекеттік емтиханды үздік тапсырып, қазір диссертация қорғауға дайындалып жатырмын.

Айтайын дегенім, күзден бастап студенттер мен магистранттардың, докторанттардың шәкіртақысы көбейетінін естіп, бүкіл білім алушылардың   қуанышымен ортақтасқым келді. Өйткені өзім оқыған докторнатурада соңғы екі жылда стипения мөлшері 82 пайызға өсті, ал қыркүйек айында оның мөлшері 150- мың теңгеден 172 мың теңгеге көбеймек. Бұл ғылым жолына түскен жастар үшін үлкен қамқорлық, сонымен қатар Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың осы саланы жетік білетін, нағыз жанашыр, білікті басшы екенін көрсетеді. Мен мұның бәрін Білім және ғылым министрлігі келесі оқу жылында талапкерлерге қанша грант бөлу жаспарлағанынан-ақ аңғарып отырмын. Мәселен, жыл сайын министрлік бакалавриатқа 51 мың грант бөлетін болса, биыл 56 мың орынға көтеріліп отыр.

Міне, осылардың арасынан ертең еліміздің білімі мен ғылымын дамытуға үлес қосатын магистранттар мен докторанттар шықпайды дейсіз бе? Шыққанда қандай! Демек, ғылымның болашағы – бүгінгі жастар, яғни ендігі ғылым менің замандастарымның қолында деп нық сеніммен айта аламын. Тек, алға, достар!

Нұргүл ӘУЕЗОВА, Механика-математика факультетінің магистранты:

-Мұндай ақжолтай ақпаратты естігенде, әрине, көңіліміз көтеріліп, балаша қуанып қалдық. Бұл шешім білім алып жүргендер үшін мотивация. Бұрынғы алып жүрген ақша шынымен де Нұр-Сұлтан қаласында оқитын студенттерге  аз болатын. Өйткені азық-түлік, пәтер жалдау құны күн өткен сайын көтерілуде.  Сонымен қатар біздің басқа да шығындарымыз өте көп. Шәкіртақының көбейгені біз үшін жағымды жаңалықтардың бірі  болып отыр.

Гүлниса МЕРКЕБАЙ, Сәулет-құрылыс факультетінің 4 курс студенті:

-Мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультеті, «сәулет»  мамандығының бакалавр студентімін. 4 курсты бітіріп, енді бұйырса 5 курсқа көшемін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білім мен ғылым саласына қашанда жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.  «Nur Оtan»  партиясының сайлауалды бағдарламасында шәкіртақының өсуі туралы айтқан жаңалығын естігенде группаластарымызбен бірге қуанған едік. Міне, күзден бастап көбейген шәкіртақы қолымызға тигелі отыр.  Жалпы, білім гранттарының санының көбеюі, шәкіртақының өсуі студенттерді, оқушыларды ынталандырады деп ойлаймын. Себебі,  шәкіртақының өсуі студенттердің жақсы оқуға деген талпыныстарын арттырады.

«Ел болашағы – жастар» десек, жастардың сапалы білім алуы маңызды. Ал шәкіртақының көбеюі Үкіметіміздің студенттерді ойлап, қамқорлық жасауы және осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке айтар алғысымыз шексіз!

Рамазан ЕСМАҒАМБЕТОВ, Журналистика және саясаттану факультетінің 4 курс студенті:

-Негізі Үкіметтің шәкіртақыны 26 186-дан 31 000 теңгеден жоғары көтергені жақсы болды. Бұрынғы шәкіртақым ештеңеге жете бермейтін, енді өз жоспарларыма да ақша бар. Бұл білген адамға үлкен бонус деп ойлаймын.

Ал енді мені не алаңдатады? Шынымды айтсам, ақылы негізде оқитын студенттердің жағдайы алаңдатады. Біздің топта ондай балалар жоқ, бірақ университетте өзге мамандықта оқып жүрген талай таныстарым мен достарым бар. Соларға жаным ашиды, нағыз өз мамандығының майталмандары десем қателеспеймін. Өйткені, ЖОО-да нашар оқитын балалардың гранттары қайтадан ойнатылымға түседі деген талап бар болғанымен, мен оның іске асқанын, гранттың қайта ойнатылғанын өз басым көрмеппін. Сондықтан университет мүлде оқымайтын студенттерден гранттарын алып, қайта айналымға салып, байқау жариялап, талпынысы бар студенттерге беріп отырса дұрыс болар ма еді деп ойлап қоямын кейде.

 

Пікірлер