Сахна саңлағы Сахан Долдыұлы Әкелеев 63 жасында дүниеден озды.
Ол 1958 жылы 15 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Шілікті ауылында туған. Қазақ. Әкесі - Әкелеев Долды Бөленбайұлы (1907-1971). Анасы - Әкелеева Әдембай Әбдірахманқызы (1918-1990).
Алматы мемлекеттік көркем театр институтын (1984) драма және кино актері мамандығы бойынша; Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (1991) концерттік- опералық әнші, дәріскер мамандығы бойынша бітірген. 14-тен астам музыкалық шығарманың әуені мен сөзінің авторы, оның ішінде: «Казақстаным», «Жастықдәурен», «Мөлдір сезім», «Жасұлан», «Ұлыма», «Алтын ұя мектебім».
Еңбек жолы:
1986 жылдан - Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ тілі оқытушысы. 1988 жылдан - Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының қосалқы құрамының әртісі;
1993 жылдан - ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық ән және би ансамблінің көркем жетекшісі, бас хормейстері;
2005 жылдан - Ж. Шанин атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының вокал дәріскері. 2006 жылдан - Қазақ спорт және туризм академиясының музыкалық жетекшісі;
2008 жылдан - Т.К. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жеке ән орындау кафедрасының аға оқытушысы;
2009 жылдан - Алматы қаласындағы «Шығыс Жұлдыздары» байқауының ұйымдастырушысы;
2010 жылдан бері - Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының директоры. Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі болды.
Марапаттары:
Ауғанстан Ардагерлері одағының «Батыр Шапағаты» медалімен (2010), ҚР Қорғаныс министрлігінің (1997-2000), ҚР Білім және ғылым министрлігінің (2010) грамоталарымен марапатталған. Әскери атағы - запастағы майор. Сахан Долдыұлы - дінге берік, діндар кісі болған.
Туыстары мен жақындарына "Адырна" ұлттық порталы ұжымы қайғырып, көңіл айтады.
Ер есімі - ел есінде!