Жүріп жүрген қызын соққыға жыққан актер Шәріп Серік 5 тәулікке қамалды. Бұл туралы оның бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Бүгін Шәріпке қатысты сот процесі өтті. Ол өз кінәсін мойындады. Сот Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-тармағы бойынша оны кінәлі деп тауып, 5 тәулікке қамауға алды», — деп жазды ол Instagram-парақшасында.
Айта кетейік, актердің лифтіге кіріп бара жатқан Әлияны қолынан жұлқылап, тартып алып кетіп бара жатқаны көрсетілген видеоны бойжеткеннің өзі жариялаған болатын. Осыдан кейін танымал тұлғалар, әлеуметтік желі оқырмандары Бөтееваға үлкен қолдау білдірді.
Бұл жағдайдан кейін Salem Entertainment актер түскен сериалдарды тоқтатты. «Патруль» сериалындағы Шәріп ойнаған сахналарды да алып тастамақшы. Кейбір компаниялар Шәріппен жарнамалық келісім-шартты үзгенін де хабарлады.