Пентагон Орта Азия аумағына мысықтабандап кіріп келе жатыр

4826
Adyrna.kz Telegram
Пентагон Орта Азия елдерін өзінің ықпалына алып, әскери базаларын салуға әрекеттеніп жатыр. Ақ Үй әкімшілігі осы үлкен шараға арнайы қаржы бөліп отыр. АҚШ қазір әлемнің 20-ға жуық елдері мен теңіз жағалауларында өзінің әскери теңіз порттарын салумен айналысуда. Қазір Орталық Азия Ресей мен АҚШ-тың, Қытайдың геосаяси тартысында тұрған аймақ саналады.
Қазақстан да өзінің сыртқы саясатта балансын сақтап келеді. Кешегі ЕАЭС жиынында президент Тоқаевтың Ресейге қарата нықтап айтқан сөздері көп нәрсені аңғартады. Біздің басшылық та алдағы уақытта Орталық Аазия аумағында болатын геосаяси өзгерістердің беталысын болжап, пішіп отыр. Ал, Ресей тарапы болса, жанталасып, өзінің ығынан ешкімді шығармауға барын салып, ЕАЭС-тің жиынын өткізіп, бағуда.
Соңғы кезде Ресей мен Қазақстанның арасында басқа да экономикалық тетіктерді қалыптастыратын одақ жұмыс жасауы мүмкін деп отыр сарапшылар. Бұл АҚШ-тың Орта Азия аумағына мысықтабандап еніп келе жатқанынан сескенген Ресейдің жанталасқан әрекеті. Ресей қайткенде де Қазақстанды өзінің ықпалынан шығарғысы келмейді. Ресейдің ең басты кислороды да осы Қазақстан. Қазақстан ықпалынан шығып кетсе, Ресейдің қабырғасы сөгіліп кетуі мүмкін.
Пентагонның соңғы шешімдеріне көз жүгіртер болсақ, алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстанда өзінің әскери базаларын салуға рұқсат алып, логистикалық, инфрақұрылымдық жобалар мен әскери доктриналық қызметтерді іске асырмақ. АҚШ қазір барлық инженерлік корпустарын дайындап қойыпты.
Алдағы уақытта Орталық Азияда геосаяси жағдай күрт өзгеруі де мүмкін. Қазақстанның сыртқы саясаттағы балансты ұстай білген саяси позициясы да осындайда аздап болсын көмегін тигізеді деп ойлаймын.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер