Біздің қоғам неге ортақ идеяға жұмыс істей алмайды?

3900
Adyrna.kz Telegram
Қоғамның ертеңіне, болашағына қатысты, қазақтың ортақ мүддесіне қатысты бір мәселені көтерсең, біздің қоғам сол мәселені тек сол көтерген адамның ғана жеке басына салып қояды. "Алға, ақырына дейін бар! Бастадың ба, аяқта!" Бірақ қоғамның басым көпшілігі фейсбукте "Қолдаймыз!" дегеннен аспайды. Кім қандай мәселе көтерсе, сол адам сол мәселені ақырына дейін жеткізуі керек. Өлсе де, жоқ болса да оның міндеті сол болуы керек.
Ал, нәтиже шықса, қоғам жақсылығын көреді, бірақ тез ұмытады. Егер де сол адам өзінің көтерген мәселесін соңына дейін жеткізе алмаса, (әрине ол жалғыз ештеңе істей алмайды) оның артынан "бастады да, тастап кетті, оның тірлігі маска, көзбояушылық, ұпай жинап жүр" деген сөздер айтады.
Көмектесу деген жоқ. Сұмдық эгоизм, маска, менменшілдік.
Талай мықты азаматтардың артынан осындай сөздер айтылып, талайының тауы шағылып та кетті. Себебі, қоғам олардың қандай мәселе көтеріп отырғанын білгенімен, не істесе де өзі білсін, өзі көреді не болса да деп мелшиіп отыра береді.
Біздің қоғамның маска кигені соншалықты, ортақ мүддеге, ортақ идеяға жұмыс жасаға келгенде тым-тырыс, теріс айналып шыға келеді. Қазақтың мүлдем басының бірікпей отырғаны да осыдан.
Бұл қоғам жалғыз адамды алға салып, айдап отыратын екіжүзді қоғамға айналып тынған. Егер қандай да бір азаматтар қоғамның болашағына қажетті бастамаларды көтеріп шықса, қоғам оны тереңінен түсініп, жаппай қолдап кететін үрдіс қалыптасса, бізде осы уақытқа дейін талай-талай дүниелер шешімін тауып кетер еді.
Отырып алып жалғыз адамға ақырына дейін жеткіз, ақырына дейін бар деп отыратын қоғам әлі талай ресурсынан айырылады. Меніңше, бұл әлі басы ғана сияқты. Мұндай қоғам ешқашан да дамымайды, ешқашан да ортақ идеяға жұмыс жасай алмайды. Ал, жалғыз дара адамдар ешқайда бара алмайды.
Сөздің шындығы осы. Шындықтан ешқайда қашып құтыла алмайсың.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер