Қытайда ұйғыр баласының ағзасын алып, өзін өлуге тастап кеткен

5057
Adyrna.kz Telegram

Ресми деректерге сәйкес наурыз айының басында Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жоғалып кеткен 13 жастағы баланың денесі табылған. Бейресми деректер бойынша адам саудасымен айналысатын қылмыстық топ баланың ағзасын алып, өзін өлуге далаға тастап кеткен.  

13 жастағы Абдулла Рахманжан Іле-Қазақ автономиялы облысындағы Құлжа қаласының маңындағы Учон аулындағы орта мектепке бара жатқан жолда жоғалып кеткен.  Оқиға 2-наурыз күні болған. Баланың жоғалып кеткені жайлы жергілікті халық арасында ақпарат тарап, әлеуметтік желілерде хабарлама берілген.

Бірнеше күннен кейін қытай тіліндегі хабарлама тарататын WeChat қосымшасында баланың денесі иен далада табылғаны, оның ағзасын адам саудасымен айналысатындар алғаны жайлы ақпарат тарайды. Ақпаратпен бірге баланың отбасы оның денесін тапқан сәті бейнеленген видео жарыққа шығады.

Ақпараттың растығын тексеру үшін RFA агенттігінің қызметкерлері Учон ауылының бірнеше тұрғынынан пікір алады. Олар аталмыш оқиғаның болғанын растаған. Құлжа полициясы ақпаратты растап, аталмыш оқиға бойынша тергеу-тексеру жұмыстары басталғанын жеткізген. Бұл оқиғадан кейін аталмыш аймақта күзет күшейтіліп, балаларға сақ болу туралы арнайы нұсқаулықтар айтылған.

2017 жылдан бастап Қытайдың Шыңжаң аймағында аз ұлттарға қысым саясаты артты. Олардың ішінде қазақ, ұйғыр, қырғыз және басқа да ұлттар бар. Бейресми деректер бойынша 1.8 млн адам саяси тәрбилеу лагерьлерінде отыр. Ал лагерьге қамалғандардың балалары көп жағдайда мемлекет бақылауына өтеді немесе отбасының қарт мүшелеріне беріледі. Сондықтан қайғылы оқиғалар саны артқан.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер