Логистика - кез-келген мемлекет экономикасының күретамыры. Оның үздіксіз, дұрыс жұмыс істеп тұруы - сол елдің саулығына әсер етеді. Ал енді сол логистиканы жүзеге асыратын жүк тасымалы саласының автопаркі жаңармаса не болады? Өздеріңіз ұғып отқан боларсыздар.
Мәселені басынан баяндайын. Осы жылдың басында Сочиде жүргенімде маған сыртта жүрген жақыным хабарласты. Бауыры осы қалалар мен елдер арасындағы жүк тасымалымен айналысатын. Соның жүк таситын көлігі ескіріп, жылын жаңартпаққа Еуропадан жылы мен жағдайы жақсырағын алдырып жатыр екен. "Сенің осы саладан тәжірибең бар ғой, жәрдем берші" деді.
Салып ұрып кедендік рәсімдеу аймағына бардық. Өзі Еуропадан тіркемесімен 42500 еуроға алынған көлікті Қазақстанға жеткізу үшін 2 мың еуро шығындапты.
Содан, 44500 еуроға келген көлікті Кедендік рәсімдеуге жиыны 4 545 000 тг. төлеп сол баяғы "Оператор РОП" компаниясына келдік.
Олар біздің көлікке бақандай 1 605 000 тг есептеп берді. "Жазған құлда шаршау бар ма", амалсыз төледік.
Ендігі кезекте - "АвтоЦОНға" келдік. Онда да бізді "сюрприз" күтіп тұр екен. Аталған көлікке 1 020 000 теңге "Көлікті алғашқы есепке қою алымын" (первичка) есептеп берді. Оны да төлеп, нөмір үшін төленетін алымды төлеп, 1 050 000 тг шығындадық.
Қорыта келгенде аталған көлік бізге 29 600 000 тенгеге тұрды. Оның ішінде Қазақстандағы шығындар 7 200 000 теңгені құрады. Қалай ойлайсыздар, көп пе? Меніңше өте көп!
ЕНДІ ЕҢ НЕГІЗГІ АҚПАРАТҚА КЕЛЕЙІК. Қазақстанда 2020 жылдан бастап жүк көліктеріне төленетін утилизациялық алымды 3-4 ЕСЕГЕ өсірді! Егер, бұрын 2,5 тонналық жүк көлігіне төленетін алым 360 мың теңгені құраса, қазір 1 020 950 теңгені құрайды. 2,5 тоннадан 3,5 тонналық көлікке төленетін алым бұрын 505 000 тг болса, қазір 2 187 750 тг өсті. Ал, 5 тоннадан 8 тоннаға дейінгі көліктердің алымы бұрын 757 000 тг болса, 2 333 600 теңгеге қымбаттады. Ал, 8 тоннадан 12 тоннаға дейінгі көліктердің утильсборы 2 771 150 теңгеге, 12 тоннадан 20 тоннаға дейінгі көліктікі 3 062 850 теңгеге өсті. Ал, ең сорақысы - логистика мен құрылысқа қажетті 20 тоннадан 50 тоннаға дейінгі ауыр жүк көліктерінің утильсборы - шамамен 6 млн теңгеге (нақты 5 979 850) бір-ақ секірді!
Ал, сіздер неге үй, тауар қымбаттап жатыр дейсіздер?..))
Егер оны тасымалдайтын көліктің құны мен қызметі бір ЖЕКЕ компанияның қалтасын қампайту үшін кемінде 3-4 есеге өссе, ақырғы өнім қымбаттамай қайтсін?
Нұраддин САДЫҚОВ,
Тәуелсіз сарапшы