Өмірге құштар Әмір

2346
Adyrna.kz Telegram

(Эссе)

Қалам ұстауға құмартқан жас талапты құлшындыратын белгiлi бiр себеп болады. Бiздiң буынның көбiсiн жазуға жетелеген күш – жетпiсiншi жылдардың аяғында бала бiткеннiң бәрiн өзiне телмiрткен «Қазақстан пионерi» газетi. Бұл басылымды бүкiл оқушы 1 сом 8 тиынға жаздырып алып, үтiр-нүктесiне дейiн түгел оқитын. Жазылым бағасының арзандығы жағынан бұл газет алдына тек бар-жоғы 84 тиын тұратын «Спорт» газетiн ғана салатын. Күллi қазақ жұртының жазу өнерiне таласы бар баласының бәрi осы газетке үзбей мақала жолдайды.

«Қазақстан пионерiнiң» айдарларына дейiн айқайлап тұр. «Қырық бес минуттың хикаясы», «Ашық әңгiме сағаты», «Фельетонды өзiмiз жазамыз»... Ерiксiз елiктiредi. Жазбасыңа қоймайды. Мақала жiберсең, аты белгiлi жазушылардан арнайы хат келедi. Ақыл-кеңесiн айтады. Былайша айтқанда, мақалаңның не өлеңiңнiң газетке жуық арада шыға қоймайтынын жұқалап жеткiзедi. Соның өзiне мәз болып қаласың. Шықпаса қойсын. Суретiн газет-журналдардың бетiнен күнде көрiп жүрген алымды ағалар мен талантты тәтелерден үшбу хат келгенiнiң өзi қандай... Сондай хат келе қоймады деп, сарғайып күтiп жүргенiңде бiр күнi жазған дүниең газет бетiнде жарқ ете қалады.

Бiздiң жазғанымыз анда-санда бiр-ақ шығады. Соның өзiнде елдiң түкпiр-түкпiрiнен хат дегенiң ағылып келiп жатады. Ал республиканың әр түкпiрiндегi бес-алты оқушы «Қазақстан пионерiнiң» бетiнде атой салып, найзағай ойнатып тұр. Атыраулық Исатай Балмағамбетов пен Самат Егiзбаев, қарақалпақстандық Бақыт Досымов, жамбылдық Раушан Мырзахметова (Төленқызы), қызылордалық Әнуарбек Әуелбеков, шығысқазақстандық Фарида Бықаева және семейлiк жас перi Мұратбек Тоқтағазин... Бұлардың мақалалары күн құрғатпай нөмiр сайын жарияланады. Өздерi бәйге сайын жүлде алып жатады. Жатып алып ойлаймын. Бұларға ауыл пошташысы күн сайын қап-қап хат апарып беретiн шығар.

Солардың қатарына көп ұзамай бiздiң ауданның Жамбыл атындағы колхозындағы Жалаңаш орта мектебiнiң оқушысы Болат Нұрдәулетов деген бала қосылып, жиi-жиi қалам сiлтей бастады. Жазғандары өткiр. Ой-тұжырымдары тiлiп түседi. Сөйлемдерi ойнақы. Бұл маған қатты әсер еттi. Себебi бұрын маған танымал жазушы-журналистердiң бәрi ылғи алыс өлкелерден шығатын секiлдi көрiнетiн. Жоқ олай емес сияқты. Мына тұрған Жалаңаштан да шығып, бүкiл дүниенi дүрiлдетуге болады екен ғой. Осы басылымның бетiнде бiр жыл бойы дамылдамай қаламын ойнақтатқан әлгi бала бiр күнi үнсiз қалды. «Неге өйттi екен?» – деп келесi мақаласын тағатсыздана күтiп жүргенбiз. Содан көп ұзамай-ақ сол «Қазақстан пионерiнiң» бiр бетiн түгел жайлап, «Ол өмiрге құштар едi...» деген қазанама-мақала шыға келсiн. Авторы – Жалаңаш орта мектебi әдебиет пәнiнiң мұғалiмi Әбдiрайым Есендiков. Бұл кiсiнiң де бiр адамдай жазуға таласы бар едi. Шошып кеттiм. Бар болғаны сегiзiншi класс оқитын Болат Нұрдәулетов мотоциклден аударылып, ғайыптан көз жұмыпты. Жазуға деген құштарлығы ерте оянған жас талаптың қыршын ғұмыры осылай үзiлдi. Егер ол бүгiнге дейiн аман-есен жүргенде, қазақтың қалам мен қағазға адал қаламгерлерiнiң бiрi болатыны сөзсiз едi. Болаттың туған қарындасы Бибайша кейiн ағасының армандаған биiгiне шықты. Қазақтың дарынды ақыны Светқали Нұржанның зайыбы Бибайша Нұрдәулетова – қазiр белгiлi тiлшi-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор.

Болат өмiрден өткеннен кейiн, Арал ауданынан шыққан Әмiр Оралбаев деген тұрпаты бөлек тағы бiр бозбала ел-жұртты елеңдете бастады. Қаламы қарымды. Жазған дүниесi баспасөздiң бетiн бермейдi. Өзi талайға арман болған КазГУ-дiң студентi көрiнедi. Студент түгiлi қолтаңбасы қалыптасқан қаламгердiң қолы әрең жететiн «Лениншiл жас» пен «Социалистiк Қазақстанға» мақалалары жиi жарияланып тұрады. Ара-тұра «Бiлiм және еңбек» журналында фантастикалық әңгiмелерi жарық көредi. Бұл кезде мен әлi мектептемiн. Оның жазғандарын жата-жастанып оқимын. Ол тұста аты-жөнi танымал бола бастаған журфактың студенттерiнiң бәрiнiң де мақалалары үтiр-нүктесiне дейiн оқылатын.

Талантты жас жiгiттiң туып-өскен жерi Қамыстыбас бiздiң Қаратерең ауылынан соншалықты алыс емес. «Осындай тоқал тамдардың арасынан да мынадай жазғыш бала шығады екен ғой» деп кәдiмгiдей қайран қалам. Кейiн жақын араласқан соң бойымыз үйрендi ме, әлде Әмiрдiң шығармашылық екпiнi есейген соң ептеп басылып қалды ма, ол жағын анық бiлмеймiн, бiрақ оның бала кезiндегi атағы жер жаратын едi...

Бiр күнi сол Әмiрдiң мақалалары бiздiң облыстың «Ленин жолы», ауданның «Толқын» газетiнiң бетiнде күн құрғатпай жариялана бастады. «Толқынға» «Түнде суға барғанда» деген әңгiмесi де басылды. Сөйтсек, ол елге өндiрiстiк практикаға келiп жүр екен. Тiптi iссапармен бiздiң Қаратереңге де келiп кетiптi. Қалай байқамай қалғанмын. Жұрттың әңгiмесiнiң бәрi – Әмiр. «Қандай сыпайы, жүрiс-тұрысына дейiн өнегелi», – деседi. Ауылдан Қызылордаға барып қайтқан бiр жақын ағамыз: «Әмiрдi көрдiм, әңгiмелестiм», – деп келдi. «Бiр кiшкентай қара бала екен өзi. Түр-әлпетi кәрiстен айнымайды. Бiздiң Шәкiзаттың портфелiн ұстап жүр», – дейдi. Ағайынды Шәкiрат пен Шәкiзат Дәрмағамбетовтер – бiздiң ауылдан шыққан алғашқы журналистер. Екеуi де елге сыйлы кiсiлер. Шәкiзат аға сол тұста Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетiнiң жауапты хатшысы болып iстейтiн.

Елден шығып, ертерек жарқырай көрiнген Әмiрдiң үлгiсiмен бiз де жазу әлемiне бет бұрдық. 1981 жылы Қазақ мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түстiм. Әмiрдi iздесем, ол сол жылы жазда оқуды бiтiрiп кетiп қалыпты. Сонау студент кезiнен жиi жазып, көзге түскен Әмiрдi Алматыда қызметке қалатын шығар деп ойлаушы едiм. Сөйтсем, тым алысқа шығандап кетiптi. Ақтөбе облысының Октябрь аудандық газетiне орналасқанға ұқсайды. Осындай қабiлеттi жiгiттiң әдеби ортасы қайнаған астанада қалмай, жер түбiне жол тартқанына таңғалдым. Бiрақ ол тұста журналистика факультетi түлектерiнiң оқуды бiтiре сала Алматыда тұрақтап қалуы тым қиын едi. Жалғыз журфак... Партиялық факультет... Партия қайда айдаса, сонда жөнейсiң... Сол пәрмендi партиямыз Әмiрдi Ақтөбенi мәңгiлiкке мекен етуге жiберiптi ғой сонда.

Қабiлеттi қыз-жiгiттердiң бәрi де оқу бiтiрген соң, жолдамамен алысқа тартады. Солардың бiразы ауданнан облыс орталығына, одан Алматыға қарай жылыстап, бас-аяғы бес-алты жылда түлеген ортасына қайтып оралады. Сосын бiр томағасын сыпырған қырандай сiлкiнiп, бұрқыратып жазар едi. Қаламының қарымы бөлек Әмiр де сөйтетiн шығар деп ойлағанбыз. Бiрақ ол астана жаққа асықпады. Сiрә, өзiн өзекке тепкен Алматыға қатты өкпелеген болуы керек. Аршыған жұмыртқадай тап-таза шағын шаһар – Ақтөбеден жанға жайлы тұрақ тапты. Ақтөбенiң ақ маңдайлы бiр қызына үйлендi. Ақтөбенiң жиендерi өмiрге келдi...

Әдеби ортасы кемшiндеу дегенмен, арайлы Ақтөбе де ақын-жазушылардан кенде емес едi. Жырларына күллi журфак ұйыған, үлкен де, кiшi де жатқа бiлетiн «Махаббат қашан қартайған? Сұраңдар оны Ертайдан» деген танымал жолдардың авторы Ертай Ашықбаев, елдiң шежiресi жөнiнде кез келген ғұлама тарихшымен табандатқан төрт сағат айтысуға бiлiм-бiлiгi мол жететiн пайымды публицист Идош Асқаров, бұл аймаққа аса танымал ақын Болат Темiров, зерделi зерттеушi, қарымды қаламгер Серiкқали Байменшин, кез-келген әкiмiңдi тiзерлете алатын тегеурiндi журналист Сексенбай Күлiмбетов, серiлiгi мен перiлiгi қатар жүретiн сықақшы Әлiмбай Iзбай, сыршыл ақын Гүлсамал Аймаханова және басқалар бұл қаланың өзiндiк әдеби ортасын қалыптастырды. Кейiннен бұл топқа Алматыдан келген арқалы ақындар Мейiрхан Ақдәулетұлы мен Бауыржан Бабажанұлы қосылды. Мiне, осыдан кейiн Әмiр өз қаласында өгейлiк көрмеген болар, Алматыға оралуды мүлде ойға алған жоқ. Iрi басылымдардың Ақтөбе облысындағы тiлшiсi болып қызмет iстедi. Яғни, сүйiктi қаласынан кiндiгiн ажырата қоймады.

Үшiншi курсты бiтiрген соң, Ақтөбеге өндiрiстiк практикаға келдiм. Бұл қаланы таңдауымның екi-үш түрлi себебi бар едi. Бiрiншiден, бiр курс төмен оқитын Бердiбай Кемалов деген досым: «Бiздiң елге барайық, Шалқарда шалқып жүрiп, бiр жақсылап демалайықшы», – деп қолқалап қоймады. Екiншiден, Ақтөбе бiздiң Аралға соншалықты алыс емес. Өндiрiстiк практиканы ертерек бiтiрiп, ел жаққа тартып тұрғым келдi. Үшiншiден, жерлес ағам Әмiрмен жақынырақ танысқанды жөн көрдiм.

Әмiр Оралбай бұл кезде Ақтөбе облыстық газетiнiң ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi екен. Жасы жиырма бесте ғана. Ол кезде облыстық партия комитетi басылымының бөлiмiн басқаруға оның жасындағы жiгiттердi көп тағайындай бермейдi. Сiрә, Қандағашта аудандық газетте қызмет iстеп жүргенде көзге түссе керек. Бұл қызметке сол аудандық газеттiң бас редакторының орынбасарлығынан келiптi.
Таныстық. Өте жылы қарсы алды. Сыртымнан ептеп бiледi екен. Бұл – Әмiр ағамнан үлгi алған менiң де «Лениншiл жасқа» мақалаларым жиi жариялана бастаған кезiм. Бас редактор Нұрқайыр Телеуовке кiрiп шығып, Бердiбай екеумiздi өзiнiң қарамағына практикадан өтуге сұрап алды. Егiс науқанының күйiп тұрған тұсы. Практиканттың көмегiне зәру бөлiмнiң бiрi – осы.

Әмiр ағам ертесiне-ақ үйiне қонаққа шақырды. Бiреудiң атшаптырым ауласындағы бiр бөлмелi шағын тұрақжайды жалдап тұрады екен. Өздерi сығылысып отырғанына қарамастан Меңдiгүл жеңешем елпiлдеп, дастарханын кең жайды.
Бiр-екi мақала жазып, ауылға тайып тұрамын дегенiм әдiре қалды. Бас редактор Нұрқайыр Телеуов Бердiбай екеумiздi штатқа алды. Сол Әмiрдiң бөлiмiне тiркелдiк. Екеумiзге бiр журналистiң жалақысын бөлiп бердi. Оның үстiне қаламақысы тағы бар. Ол кезде ашқұрсақ студент үшiн мұнан артық бақыт жоқ едi. Жалпы, Әмiрмен жұмыс iстеген бiр рахат екен. Мiнезi жайлы, қатты ұрыспайды. Сығырайып, сынай қарап отырып, жазғаныңды лезде жөндеп бередi. Жөндегенi көңiлге қона кетедi.
Сол тұста жастар поэзиясының алдын бермей тұрған әйгiлi ақын Ертай Ашықбаев осы газеттiң мәдениет бөлiмiнде қызмет iстедi. Iргерiректе «Берсе Хафиз жалғыз меңге қос қала, Қос меңiңе берер едiм төрт қала» деп жыр жазған Ертай ағамыз осы. Осыған орай тағы бiр жыр жампозы Есенқұл Жақыпбеков студенттiк жатақханамыздағы бiздiң бөлмемiзде отырып:

Ақын көңiл қашан сiрә қартайған,
Сүйгенiнiң меңiн көрiп марқайған.
Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Жамбылдың,
Горкомдары, сақтаныңдар Ертайдан, – деп қолма-қол эпиграмма жазған. Қолымыз сәл босаса, дәлiзге шығып, әрi Ерекеңнен темекiнi дұрыстап шегудi үйренiп, әрi әсерлi әңгiмесiн тыңдап қайтамыз. Алматыдағы қатар өткiзген күндердi еске алып, күлiсемiз. Ерекең зiлсiз әзiлге өте шебер. Шайтан иектеген Бердiбай екеумiз де қысыр әңгiменiң қалыптасқан маманымыз. Ал Әмiр әзiл-оспаққа мүлде жоқ. Соны байқаған Бердеш екеумiз мәдениет бөлiмiне барып, Ерекеңнен ауық-ауық қуат алып келемiз де, Ақтөбенiң ауыл шаруашылығын өркендетуге аса құлшыныспен кiрiсемiз.
Аз ғана уақытта Әмiр бiздi көп нәрсеге үйреттi. Маған студенттiң бойына шақ келмейтiн шаруалар жасатып, газеттiң жарты бетiн жайлаған сын мақалалар әзiрлеттi. Ол ол ма, Ленин ауданының «Авангард» колхозына арнайы iссапарға жiберiп, кетеуi кеткен шаруашылық жөнiнде «Fажайып түс» деген фельетон жаздыртты. Әмiрдiң жiгерлендiруiмен жазылған сол фельетон – бүгiнгi күннiң көзiмен қарағанда әншейiн-ақ дүние. Колхоз басқармасының төрағасы түс көредi. Түсiнде ашық-тесiк қораға қамалған Зеңгi бабаның тұқымдары оны сүзгiсi кеп, мүйiздерiн оңтайлап, тұра ұмтылады. Сиырлар сайтандай сап ете қалған бастыққа адамша тiл қатады. Қысқасы, жөндеу көрмеген жұпыны қораның iшiнде бұқа-құнажындар мен баспақ-таналар бiрлесiп, құрылтай жиналысын өткiзiп, басқарманы әбден қыспаққа алады. Оянып кетсе, түсi. Кәдiмгi кеңес дәуiрiнiң жауыр болған дәстүрлi фельетонсымағы. Бiрақ соны ботатiрсек бала жазған соң сол кездегi ел iшiндегi әсерi әжептәуiр болған сияқты. Оншақты күннен соң редакцияға аудандық партия комитетiнен хат келiп тұр. «Fажайып түс» атты фельетон Ленин аудандық партия комитетiнiң бюросында талқыланды. Фельетонның кейiпкерi – «Авангард» колхозының басқарма төрағасы Александр Федорченко қызметiнен босатылды». Ал, саған керек болса!.. Сiрә, бұрыннан да буыны босап, орынтағы былқылдап тұрған бiреу болса керек. Әйтпесе, мәселенiң бәрi менiң жазған дүниеме қарап қалды ғой дейсiң бе? Құланның қасуына мылтықтың басуы дөп келген шығар. Бiрақ қалай болғанда да бұл үшiншi курстың үрпекбас баласы үшiн үлкен жетiстiк едi. Жетекшiм Әмiр бұған менен бетер қуанды. Сол күнi өзiмдi «Социалистiк Қазақстанның» фельетон бөлiмiнiң меңгерушiсi Нұредин Мұфтахов немесе сол бөлiмнiң «сен тұр мен атайын» тiлшiсi Оңдасын Әмiрқұлов секiлдi сезiнiп, сеспей қатып ұйықтағаным есiмде. Ол тұста күн сайын бас басылымда фельетондары жарық көрiп жататын осы екi ағам iрiлi-ұсақты шенеунiктердi iнгендей қайқаңдататын.

Сол жолы жақсы жетекшiге, жаны жайсаң ағаға жолыққанымды ұғынып, Алматыға қанаттанып қайттым. Сол әсерiмнен айыға алмай келер жылы тағы келдiм. Бұл жылы да Әбекеңнiң жетекшiлiгiмен тәжiрибеден жақсы өттiм. Қасына қызметке алып қалғысы да келдi. Оның көңiлi қалағанмен, басқа басшылар ыңғай бiлдiре қоймады-ау деймiн. Оның үстiне облыстық басылымдардың қызметкерлерi жылдар бойы орын босатпайтын заман. Сосын Алматыға тартып кеттiм.

Бұдан соң ол екеумiздiң жолымыз талай журналиске арман болған басылымның төресi – «Лениншiл жаста» түйiстi. Мен оқуды бiтiрмей жатып, осы басылымға қызметке келгенмiн. Ол газеттiң батыс аймақтағы өз тiлшiсi болып тағайындалды. Бiрнеше жыл «Жас алаштың» мектебiнен өтiп, «Егеменнiң» көрiгiне түстi. Осы екi басылымның меншiктi тiлшiсi болып ширек ғасырға жуық iстеген соң, облыстық «Ақтөбе» газетiнiң тiзгiнiн қолға алды. Содан соң орыс тiлiндегi «Актюбинский вестниктi» де басқарды. Өз басым Әмiрден басқа бiр облыстың екi тiлдегi газетiне де бас редактор болған журналистi бiлмейтінмiн. Екi тiлде де ешкiмге есе жiбере қоймайтын едi. Бертінде тағы бір әріптесіміз Әміре Әрін Алматы облысының екі газетіне де басшы болды-ау деймін. Сөйтіп, бұл үрдісті ұстанған әзірше Әмір мен Әміре ғана...
Түр-әлпетi қазақтан гөрi кәрiске көбiрек ұқсайтыны рас-ты. Бiр көрген адам «Қазақша сайрап отырған бұл қандай кәрiс?» – деп қайран қалар едi. Бiрде мынадай қызық болды. Алматыда комсомолдың кезектi пленумы өтiп жатты. Сол жылдары кiшi ЦеКаның мүшесi болып сайланған қызылордалық Ли деген қазақшаға судай күрiшшi кәрiс жiгiтiнiң атақ-абыройы аспандап тұрды. Бiр қарасам, Қазақ радиосының жастар хабарлары бас редакцияның қызметкерi Қайрат Мұсақұлов добалдай репортерiн арқалап, шарқ ұрып, сол Лидi iздеп жүр екен. Өзi кәрiс, өзi қазақша ағып тұр. Таптырмайтын тақырып. Қайрат жанығып маған келдi.

– Әлгi Ли дегендi танисың ба? Сенiң ауылыңның жiгiтi дейдi ғой. Бол, тездетiп тауып бершi маған. Түстегi жаңалықтар топтамасына үлгертуiм керек.
Сол арада менi бiр шайтан түрттi. Бiр топ журналистiң арасында әңгiмелесiп тұрған Әмiрдi сыртынан көрсеттiм.

– Әне тұр ғой ол... Қарашы, басқа әрiптестерiңнiң бәрi сұхбат алып тұр одан. Сен байғұс өстiп аузыңды ашып жүре бер...

«Қап!» – деп Қайратым көзiлдiрiгiн бiр көтерiп, омыраулап тұра ұмтылды. Тiлiм қышып, айтуын айтсам да өкiнiп қалдым. Себебi, курстасым Қайратпен күнде алысып-жұлысып, бiр-бiрiмiздi қара есекке терiс мiнгiзiп жүрсек те, Әмiрмен ешқашан қалжыңдасып көрмеп едiм. Қайран ағам, ренжiп қалатын болды-ау... Абырой болғанда бәрi де сәттi аяқталды. «Сiз Лисiз бе?», – деп есендесiп алып, бұлбұлдай сайрай жөнелген Қайратым Әмiр ағамның өңiрiндегi Журналистер одағының төсбелгiсiне көзi түсiп кетiп, маңдайын тасқа соққандай кiлт тоқтайды. Сол кезде әлгi топтағы журналистер ду ете қалды. Бәрiбiр Әмiр осының менен келген пәле екенiн бiлiп қойды. «Сенiң-ақ өмiрi iшiң толады да жүредi екен» дегендей сығырайып бiр қарады да жөнiне кеттi. Содан соң ағаммен бүйтiп ойнамайтын болдым.

Арада жылжып жылдар өттi. Жас ғылым докторы ретiнде мен Ақтөбе мемлекеттiк университетiне емтихан комиссиясының төрағасы болып келдiм. Сол жылы бұл оқу орны журналист мамандығын иеленген тұңғыш түлектерiн ұшырды. Тәубә! Осы қалада талай рет тәжiрибеден өткен бiр кездегi бозөкпе бала мiне, ендi ақтөбелiк түлектердiң дипломына қол қояйын деп жатыр... Ұстаз бен шәкiрт қайта кездестiк. Бұл кезде Әмiр Оралбай – журналистика кафедрасының ортан қолдай оқытушысы. Ағайынды екеумiз екi апта бойы студенттерден емтихан алдық. Әмiр сол жолы қатты қуанды. «Менiң соңымнан ерткен шәкiртiм өстi, жетiлдi, осыны көргенiмiзге шүкiр», – дедi.

Әмiр университетте тек дәрiс оқып қана қоймай, осы оқу орнына аты берiлген ғұлама ғалым Құдайберген Жұбановтың публицистикасын зерттеп, кандидаттық диссертация жазып жүр екен. Fылыми жетекшiсi – жалпақ жұртқа аты мәшһүр ғалым Намазалы Омашев. Мұнысына мен қатты қуандым. «Fылымға бет бұрғаныңыз дұрыс болды, жақсылап жазыңыз, тездетiп қорғаңыз», – деп жiгерлендiрiп кеттiм. Шынында да оның шығармашылық әлеуетi мен мүмкiндiгi мол едi. Әдеби ортадан алыс жердi мекен еткендiктен, сол мүмкiндiгiн толық пайдалана алмады-ау деп ойлайтынмын. Ендi зерттеушiлiк қырының ашылатынына күмәнiм жоқ-ты.

Бiрақ ғылыми ортадан жырақта жүргендiкi ме, әлде өзiне деген талабы қаталырақ болды ма, әйтеуiр Әмiрдiң қорғауы кешеуiлдей бердi. Қорғау қамымен жүргенде аяқ астынан денсаулығы сыр бердi. Бiр күнi ол Алматының көшесiнде құлап қалыпты. Жүйкесiне не салмақ түскенi бiр Аллаға ғана аян. Iштей тынатын адамдардың тiрлiгi. Өзi тiс жарып, ешкiмге ештеңе айтпайды. Ақыры, диссертациясын қорғап шықты. Алматының бiр мүйiсiндегi дәмханаға дастархан жайып, қорғағанын тойлады. Мазасыз күйде жүрiп, құжаттарын әзiрлеп, Астанаға жолдаған соң Ақтөбеге аттанды. Содан Ақтөбесi Әмiрдi құшағынан ажыратқан жоқ. Айналасы үш-төрт айдың iшiнде жер-бесiкке бөлеп тынды. Кейін ел болып атап өткен елуiне де жете алмады.
Аттестаттау комитетi ғылым кандидатының дәрежесiн бекiтiп, дипломын толтырып бергенде, Әмiр Оралбай жалған дүниеде жоқ едi. Сол күнi оның ең жақын досы, қарымды қаламгер, алымды аудармашы Дәуiтәлi Омашұлы жүрегi қан жылап тұрып, иесiн iздеген қатырма қағазды Астанадан Ақтөбеге жүретiн жолаушыға аманаттап тапсырып жатты...
«Өмiрге құштар Әмiр деген досым өттi дүниеден. Соның соңында қалған қос қарғасының қолына ұстатқайсың мынаны»...

* * *

... Иә, бүгін оның туған күні де емес, қайтқан күні де емес. Жай күннің бірі... Алайда ол жай күні де, қай күні де еске алуға лайық азамат еді... Бір кезде білетіндер жетіп артылатын еді оны...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер