Берелден табылған "Алтын адам" әйел болуы мүмкін

2937
Adyrna.kz Telegram

Тағы бір Алтын адамның табылуы бүгінгі күннің басты жаңалығы болды. ҚР Ұлттық музейі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы Шығыс Қазақстан облысына іссапарға барған болатын. Аталған сапар барысында Катонқарағай ауданындағы Берел қорымына жүргізіліп жатқан қазба жұмысына арнайы бас сұғып, олжа табылған оңтайлы сәтке куә болыпты. Қазынаны көзбен көрген Берік Әбдіғалиұлы бірден халықтан сүйінші сұрап, тың жаңалықпен «жар салып» бөлісуді жөн көрді.

«Қазірше барлығы болжам ғана. Себебі Зейнолла Самашевтың жетекшілік етуімен жұмыс істеп жатқан экспедициялық топ қазба жұмысын жалғастыруда. Ал табылған Алтын адаммен бірге екі жылқының қаңқасы және алтын пластиналар экспертизаға жіберіліп, сараптама жасалады. Алтынмен қапталған кісі – әйел адам деген болжам бар. Себебі ондағы бас киімнің нобайы сәукелеге ұқсайды. Және теріден жасалған белбеу жақсы сақталыпты, оны әйел адамның бұйымы  деуге толық негіз бар. Ал алтын пластиналарда қазақтың ою-өрнектері бейнеленген», – деп Берік Әбдіғалиұлы көрген-білгенімен бөлісті.

20624205 1371970212917970 292319885 n

 

Қазба жұмыстары Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қаржыландырумен жүріп жатыр. Жалпы Берел қорымынының зерттеліп жатқандығына жиырма жылға жуық уақыт болды.

jylky

Бұл – қасиетті қазақ жерінің талай тарих қатталып, құнды мұралар сақталған киелі топырақ екендігінің тағы бір айшықты айғағы. Әлі де көп қазына табылар, қазылып алынар. Аз уақытта бұл жәдігерлер қалпына келтіріліп, ғасырлар қойнауынан оралған құрметті қонақтай тарихтан сыр шертіп, музейлердің төрінен орын алары сөзсіз. Алтынмен апталған адамдар бағалы мұра ғана емес, бабаларымыз өмір сүрген көне дәуірдің айқын дәлелі ретінде де құнды болары анық.

altyn-adam-berelaltyn-adam-berel-2

Сонымен қатар, Берік Әбдіғалиұлы қазба жұмыстары аяқталғаннан кейін Алтын адамға, жалпы табылған дүниелер туралы толықтай түсінік берілетінін, ал бүгін тосын жаңалықпен барша қазақ жұртын қуантқысы келгендігін атап айтты. Экпедиция жұмыстары аяқталғаннан соң, топ жетекшісімен арнайы сұқбат жасалып, толығырақ ақпарат берілетінін хабарлаймыз.


 ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі

Пікірлер