Қазақстанда "утильсборға" алынатын алым Жапониядан 82 есе жоғары

5970
Adyrna.kz Telegram
Жапонияда "утильсбор" қалай іске асады?
Қараңыз қалай іске асатынын...
Жапонияда утильсборға қолыңызға арнайы сертификат береді. Оларда арнайы сақтандыру компаниялары жұмыс жасағанымен, утильсборға, мемлекеттік тіркеу мен алымдарға қатысты барлық қаражат елінің ұлттық бюджетіне түседі. Жапонияда біздегі сияқты алаяқ дистрибюторлар мен ұрлық жасайтын ЖШС-ға ешқашан да жол берілмейді. Ол - Жапония, ал біз - Қазақстан.
Жапонияда көлігіңізге парковкаға да арналған анықтама қағазы беріледі. Бұл қағаз алдымен сізде болуы керек, осы анықтамасыз сіз еш жерден көлік сатып ала алмайсыз.
Көлігіңізге техникалық байқау бойынша да сертификат беріледі. Бұл міндетті құжат екі немесе үш жылға беріледі.
Ал, негізгі құжатқа келейік. Бұл утильсборға қатысты құжат. Мысалы мынау суреттегі MAZDA CX-8 көлігіне мемлекет тарапынан ұсталатын қаражат көлемі 120 доллармен ғана шектеледі. Бұл Жапония бойынша утильсборға төленетін ең жоғары қаражат болып табылады. Бұдан артық ештеңе де төленбейді.
Ал енді салыстырмалы түрдегі біздегі төлемдерді Жапониядағы немесе АҚШ-тағы төлемдермен өлшеп, есептеп, қорытындысын жазайық. Алдыңғы постта мен АҚШ-тан келген Toyota Camry V50-дің 3,9 миллион тұратынын айтып едім. Бұл баға Жапонияда да сол шамалас, яғни 3,7-3,9 миллион тұрады. Ал, біздің елге келгенде оның бағасы 9 миллионға шығады. Біз Toyota Camry V50-ға утильсбор үшін мемлекеттің бюджетіне емес, жеке делдалдарға 4 132 000 теңгені қолына оп-оңай ұстата салады екенбіз.
Есептейік:
Жапонияда утильсбор 120 доллар, қазіргі бағаммен;
120х420=50400
Яғни Жапонияда утильсборға біздің теңгемен 50400 теңге ғана төлейсіз. Бұл олардағы ең жоғары баға.
Ал, бізге келейік:
Бізде утильсборы бар, алғашқы тіркеуі бар, НДС-і бар, басқа да ұсталып қалатын (әдетте мемлекеттік деп аталатын бір атауы да қосарлана айтылады) алымдары бар. Барлығы 4 132 000 теңге болады. Сонда утильсбор алымынан сатып алып келген көлігіңізден де асып кеткен бағаны көресіз.
Ал енді Жапониядан біздікі қанша есе жоғары екенін математикалық жолмен есептеп шығарайын.
4 132 000 : 50400 = 82
Сонда сіз Жапониямен салыстырғанда 82 есе көп қаражатты делдал компанияларға тапсырасыз, яғни төлейсіз. Ол бюджетке түссе мейлі ғой, жеке жеке қалталарға кетеді.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер