Таяуда Алматыда «Фенербахче» Балалар мен жасөспірімдер футбол клубы ашылған еді. Назарларыңызға Түркиядағы аталмыш академияның өкілі, Қазақстандағы «Фенербахче» футбол клубының бас директоры Сайгын Балыкелмен арадағы сұхбатты ұсынамыз.
- Сайгын бей, Қазақ еліне қош келіпсіз! Бір ай бұрын Алматыдағы Орталық стадион жанынан «Фенербахче» футбол клубын ашқаныңызға қанықпыз. Сонау Түркиядан келіп, осында балаларға арналған футбол алаңын ашуға не себеп болды?
- «Фенербахче» Германия, Әзербайжан және енді, міне, Қазақстанда өз филиалын ашып отыр. Бұған екі себеп бар. Біріншіден, біз қазақ ұлтын бауыр деп қараймыз, өзімізге ұдайы жақын тартып жүреміз. Яғни, әлеуметтік интеграция мен мәдени жақындыққа байланысты бізге сұраныс түскен бірнеше ел арасынан Қазақстан таңдап алынып отыр. Екіншіден, мәселен, көшеде кетіп бара жатқан қазақ баласын сырттай бақыласаң, қимылы өте ширақ әрі көбіне шымыр келеді. Неге осындай жеткіншектерді шыңдап, баулымасқа?!
- «Фенербахче» атауы қалай пайда болған? Жалпы бұл академияның даму тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз?
- «Fener – шам», ал «bahçe – бақша», тек бұл жердегі бақша сөзі алаң деген мағынада. Әуел бастан өздері ойнап-өскен ауданнан шабыт алған футболшылар командасы «Фенербахче» футбол клубы деп атаса керек. Осылайша, Фенербахче спорт клубы 1907 жылы Ыстамбұлдың Кадыкөй округінің Мода ауданында футбол командасы ретінде құрылды.
- Футбол – табыс көзі бола ала ма? Түркиядағы биліктің футболға деген көзқарасы қандай? Ол жақта қандай футбол клубы алдыңғы орында тұр?
- Футбол әлем бойынша айтарлықтай табыс әкелетін спорт түрлерінің қатарына жатады. Соның ішінде футбол клубтары табатын табыс аз емес. Түркияда «Фенербахче», «Галатасарай», «Бешикташ», «Трабзонспор», «Басакшехир», «Бурсаспор», «Антальяспор» сияқты футбол клубтары танымал.
- Түркиядағы Фенербахченің деңгейі қаншалық дәрежеде? Қазірде әлем бойынша қай ел футболдан алдыңғы қатарда деп ойлайсыз?
- «Фенербахче» Түркиядағы үздік 3-тің құрамына кіреді. Білуімше, қазіргі уақытта әлемде Англия, Германия, Испания және Франция лигалары көш бастап тұр.
- Алмания, Әзербайжан елін қоса алғанда, әлем бойынша біздің елімізде бұл клубтың үшінші филиалы ашылып жатыр екен. Қадамдарыңыз оң болғай! Қазақстан тарапынан «Фенербахченің» қазақ еліне келуіне қандай да бір сұраныс болды ма?
- Нұрсұлтан Назарбаев «Фенербахче» спорт клубының басшысы Али Кок және оның делегациясымен өткен ресми кездесу үстінде Қазақстан футболына өз үлесін қосып, инвестиция салуды сұраса керек. Ал бұл Қазақстанда футбол мектебінің ашылу жоспарын тездетті.
- Фенербахчеде жаттығып, әлемдік аренада жүрген қандай танымал спортшылар бар?
- Фенербахчеде ойнайтын әлемнің танымал футболшылары: Месут Озиль, Димитрис Пелкас, Эннер Валенсия, Луис Густаво, Мбвана Саматта, Папис Сиссе.
- Қазақстандағы қазіргі футбол ахуалын қалай бағалар едіңіз? Елдегі футбол деңгейін көтеру үшін қандай шаралар жасалуы тиіс деп ойлайсыз?
- Қазақстанда күрес, бокс, кикбокс сияқты жекелеген спорт түрлері жоғары деңгейде деп ойлаймын. Ал футбол сияқты командалық ойындар жаңа жетістіктерге жетуді, әлі де шыңдалуды қажетсінеді. Балалар 16 жастан асқаннан кейін жалғастыруға болатын спорттық ойын саны шектеулі. Ал бізге талантты жастарды 16 жастан кейін жалғастыруға мүмкіндік беретін жаңа клубтар немесе әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беретін жаңа ұйымдармен қамту қажет.
- Алматыда ашылған клуб құрамына тоқталып өтсеңіз. Жалпы клубта қанша бала бар? Алматылықтардың сіздерге деген ықыласы қандай болып жатыр? Жас футболшылар сіздерге қалай келді?
- Қазіргі уақытта бізде 30 бала бар, олар 5-15 жас аралығында. Әлеуметтік желінің арқасында аз уақыт ішінде клубқа келушілер саны артып, қарқынды дамып келеміз. Клуб жаттықтырушылары кәсіби футболдан келген және осы салада тәжірибеге, мансапқа, сондай-ақ қажетті лицензияларға ие білікті мамандар.
- Қазақ жастары неліктен отандық футбол клубтарында емес, «Фенербахчеде» жаттығып, шеберліктерін жетілдірулері керек деп ойлайсыз?
- «Фенербахче» – бұл 114 жылдық тарихы бар, өзіндік жетістіктері мен чемпиондарға толы клуб. Біздің клубтың қазақстандық клубтардан ерекшелігі – бізге келген бала футболды игеріп қана қоймай, ағылшын тілінде еркін сөйлейтін болады. Сонымен бірге бұл жер қажетті жаттығулар мен білімге және жан-жақты дамуға көмектесетін әдістерді қолданатын орта.
- Жалпы бұл балалар клубының алға қойған мақсат-міндеттері, жоспары қандай?
- Біздің мақсатымыз – футболды жақсы көретін қазақ жасөспірімдері арасында футболды одан әрі танытып, олардың дамуына өз үлесімізді қосу және талантты жастардың әлемдік нарыққа таралуына көмектесу.
- Білуімше, «Фенербахче» футболды ғана емес, басқа да спорттық ойын түрлерін дамытып отырған академия. Осыған тоқталып өтсеңіз. Академиядағы басқа спорттық ойындардың жағдайы қалай?
- «Фенербахче» Түркиядағы ең көне және табысты клубтардың бірі. Академияда футболды қоспағанда, баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, бокс, электронды спорт, ескек есу, үстел теннисі, желкенді жүзу және жалпы суда жүзу секілді спорттың белсенді салалары қамтылған. Мәселен, 2005 жылы «Фенербахченің» ерлер баскетбол командасы FIBA EuroChallenge-де төрт финалдық кезеңде өнер көрсетті; EuroLeague-да 2007-2008 жылдар маусымында ширек финалға дейін жетіп, 2014-2015 жылғы маусымда алғаш рет жартылай финалдық кезеңге жетті. 2015-2016 жылғы маусымда Еуролиганың финалында ойнап, Еуропа құрлығындағы екінші команда атанды. Ал 2016-2017 жылдарғы маусымда Еуролига кубогын жеңіп алған алғашқы және жалғыз түрік командасы ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар команда баскетболшылары соңғы төрттік айналымға қатарынан бес рет (2015, 2016, 2017, 2018, 2019 жылдары) кіріп, түрік баскетболында рекорд та жасады.
- Бұл бір орайы келген әңгіме болды, рахмет! Жас футболшыларға, қазақ еліне айтарыңыз болса, мархабат?
- Менің пайымауымша, қазақ жасөспірімдері спортта өте дарынды және спортты жақсы көреді. Мен оларға әрқашан табанды болуға және ешқашан берілмеуге кеңес беремін. Сондай-ақ, жастарға армандай беріңіздер және сол армандарыңыздың орындалуы жолында аянбай, тер төге беріңіздер дегім келеді. Ал біз өз тарапымыздан әлгі армандардың орындалуы үшін әрқашан сіздермен бірге боламыз дегім келеді. Менен сұхбат алуға ынта білдіргеніңіз үшін сізге де рахмет!
Сұхбаттасқан: Гүлмира АСЫЛБЕКҚЫЗЫ