Қазақстан ұлттық құрамасының үздік боксшыларының бірі Сәкен Бибосынов Ресейдің Хабаровск қаласында өткен Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнирде алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бұл — Қазақстан құрамасының аталмыш турнирдегі алғашқы “алтын” медалі.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Бибосынов ақтық сында ресейлік Денис Пальшинмен қолғап түйістіріп, үш раундқа созылған тартысты жекпе-жекте қазылар алқасының бірауызды шешімімен жеңіске жетті. Осылайша ол жарыс чемпионы атанып, қарсыласы күміс жүлдемен шектелді.
Жартылай финалда Сәкен Өзбекстан боксшысы Фарёзбек Дусматовты 5:0 есебімен сенімді түрде ұтты. Айта кетейік, Фарёзбек — екі дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовтың туған інісі.