Қытай: Шекара маңындағы АҚШ-тың биологиялық зертханаларын тексеру керек

2032

"Америка Құрама Штаттары Ресей мен Қытайдың шекарасында орналасқан американдық әскери биологиялық зертханаларды қандай мақсатта салғанына қатысты нақты сұрақтарға әлі күнге дейін түсінікті жауап берген жоқ", деп мәлімдеді 12 мамырда Қытай сыртқы істер министрлігінің өкілі Хуа Чуньин.

Ол бұл туралы Ресей Федерациясы Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының бірінші орынбасары Юрий Аверьяновтың Ресейге ықтимал биологиялық шабуыл туралы сөзіне түсініктеме беру барысында айтқан.

«Қытай жағы бірнеше рет АҚШ-ты өзінің биомилитаризация саясатына қатысты нақты түсініктемелер беруге шақырды. Шындығында, бұл көптеген елдерді, соның ішінде Ресейді де алаңдатады. Бірақ АҚШ-тың ешқандай мәнді жауап бермеуі өкінішті», - деді Қытай СІМ өкілі.

Хуа Чуньин АҚШ-тың қару-жарақты бақылауға сәйкестігі туралы жыл сайынғы есебінде «АҚШ-тың барлық қызметі Биологиялық қару туралы конвенцияның ережелеріне сәйкес келеді» деп жазылғанын, бірақ есепте Форт-Детриктегі биологиялық әскери зертхана туралы ештеңе айтылмағанын атап өтті. Оның ойынша бұл халықаралық қауымдастықты ойландыруы тиіс.

Естеріңізде болса Алматы қаласында АҚШ-тың қаржыландыруымен арнайы зертхана салынған болатын. Зертхана 2010 жылы АҚШ-тың Нанн-Лугар бағдарламасы негізінде салынды. Оған ондаған миллион доллар қаржы бөлінген еді.

Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақ, соған қарамастан төрт қабатты жеке ғимарат 9 баллдық жер сілкінісіне төтеп беруге қабілетті. Нысан заманауи қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Зертханаға биоқауіпсіздіктің үшінші деңгейі берілген. Зертханада оба, тырысқақ, сібір жарасы, бруцеллез және басқа қауіпті қоздырғыштардың штамдары сақталады.  Нысанның орнында бұған дейін обаға қарсы институттың қоймасы болған.

Зертхананы толық американдық деу қателік. Онда қазақстандық мамандар, денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, ауылшаруашылық министрлігі, білім және ғылым министрліктерінің қызметкерлері жұмыс істейді.

Енді Қытай өзіне шекаралас орналасқан елдерде АҚШ-тың биологиялық зертханалары болса, солардың барлығын тексеру керек деген ойда. Бұл ойды Ресей саясаткерлері де қолдап отыр.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы