Атырау әуежайында пошта бекеті ашылды

1677
Adyrna.kz Telegram

Қазіргідей пандемия жағдайында жұмысын жүйелі жолға қойған құрылымдардың қатарында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «Қазпошта» акционерлік қоғамын айтуға болады. Кәсіпорын жылдан жылға халыққа қызмет көрсету аясын кеңейтіп, желісін жетілдіріп келеді.

Соның айқын бір куәсі  айтулы мереке – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында «Қазпошта» АҚ жаңа пошта байланысы бекетінің ашылуы.

Мұнда әлемнің кез келген нүктесіне сәлемдемелерді және хаттарды EMS арқылы жедел жеткізуге және түрлі мазмұндағы төлемдерді жасауға болады. Алдағы уақытта валюталық операцияларды жүргізу мүмкіндігі қарастырылады.

Айта кету керек, Атырау әуежайындағы жаңа бекет әуе рейстерінің кестесіне қарай демалыссыз жұмыс істейді.  

«Өздеріңізге мәлім, бүгінде Атырау халықаралық әуежайында транзиттік жолаушылар ағыны ұлғайған. Сол себепті де, егер жолаушыларға және әуежайға келушілерге жедел түрде сәлемдемені немесе хатты жеткізу қажеттігі туындай қалса, бұдан былай оларға курьерлік қызметті пайдалану үшін қайтадан қалаға оралып, уақыт өткізудің еш қажеттілігі жоқ. Өйткені, ол азаматтар енді әуежайдағы пошта бекетінен EMS хабарламаны немесе сәлемдемені жеткізуге  тапсырыс бере алады. Сонымен бірге осында төлемнің кез келген түрі қабылданады. Әсіресе, шұғыл төлем жасау қажетсінген жағдайда, бұл қызмет түрі адамдар үшін өте ыңғайлы болып табылады», – дейді «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Алтын Садықова.

Бүгінгі таңда Атырау облысында 100-ге тарта пошта байланысы бөлімшесі жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді. Оның 15-і қалада, алтауы ауданда және 60 бөлімше ауылдық жерде орналасқан. Мұның сыртында, 3 пошта байланысы және 8 төлем қабылдау бекеті бар.

Пікірлер