Жетісуда «жасыл экономикаға» бетбұрыс қарқынды

6029
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысының аумағы - жел мен күн, су қуатын пайдаланып, баламалы энергия көзін өркендетуге әбден қолайлы өңір. Өйткені, жеті өзен көркемдеген Жетісу жері ағын судан тапшылық көрген емес. Бүгінгі таңда тұтас жерұйық мекен тұрғындарын осы өзендердің арнасына салынған үлкен-кіші су электр стансылары электр қуатымен қамтамасыз етіп жүр. Сондай-ақ жер жәннаты Жетісудың солтүстік шығысында жыл бойы тынбай соғатын Ебінің желін тиімді пайдаланса, жел күші арқылы энергия қайнарын молайтуға зор мүмкіндік бар. Ал облыс аумағына күн нұрының жазғы, қысқы түсу уақыты да солтүстік немесе батыс облыстарға қарағанда анағұрлым ұзақ. Бұл да күн шуағын пайдаланып, энергия өндіруге қолайлылық туындатады. Шынтуайтына келгенде, аймағымыз орналасу жағдайына қарай баламалы энергия өндіруде өзге өңірлерге қарағанда оқ бойы озық тұр.

Әлемнің адуынды экономистері мен сарапшыларының сөзінше, адамзаттың ендігі болашағы «жасыл экономикамен» тығыз байланысты өріледі. Соның ішінде, әсіресе, күн мен жел, биомасса қуаттарын пайдаланып өндірілетін баламалы энергияға ерекше екпін берілуде. Мәселен, 2017 жылы әлемде 51 ГВт күн қуатын өндіретін қондырғылар орнатылса, мұның 15 ГВт-ын бір ғана аспан асты елі өндірген.

Сарапшылардың пайымына қарағанда, Қытай нақ осы жылы күн қуатын игеру жағынан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Ал 2018 жылы әлемде 76 ГВт-тық күн қондырғылары орнатылды деген дерек бар. Салыстыру үшін айта кетейік, Ресейдің жарты ғасыр бойы орнатқан атом стансыларының қуаты 26 ГВт электр қуа¬тын өндіруге ғана жетеді екен. Демек, күн қуатын пайдаланып, баламалы энергияны өркендету уақыт талабы.

Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанның да үлесі басым болмақ. Атап айтқанда, әлемде жер көлемі жөнінен тоғызыншы аймақта қуаттылығы 936,8 МВт. болатын баламалы энергия көздерінің 83 нысанының 18-і жел, 27-сі күн, 35-і су электр стансысы және үшеуі – биоэлектр стансысы. Алдағы 2025 жылға қарай еліміздегі жаңартылатын энергия нысандары ең аз дегенде 3000 МВт. белгіленген қуаттылықпен жұмыс істейтін болады. Бұл көрсеткішке Алматы облысы да өзіндік үлес қосып келеді.

Еліміздегі «Жасыл экономиканы» дамыту бағытында «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры ауыз толтырып айтарлықтай қомақты жұмыс атқарып отыр. Олар отандық ірі компаниялар мен кәсіпорындарды іске қоса отырып, соңғы жылдары менеджментті жақсартуға негізделген трансформация бағдарламасымен белсене шұғылданып келеді.

Аталған қордың қолдауымен баламалы энергия көзін нығайту мақсатында өткен жылы «Қаскелең 220» қосалқы стансысының іске қосылғанын ел тұрғындары біледі. Аталған жобаны «Самұрық-Қазына»Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ құрамындағы «Самұрық Энерго» АҚ-на қарасты «Алатау Жарық компаниясы» мен Алматы облысы әкімдігі бірлесе отырып жүзеге асырды. Бұған республикалық бюджеттен 4,7 млрд.теңге қаржы бөлінген. «Қаскелең 220» жобасы оңтүстік астананың батысындағы өндірістік аймақтың, Жамбыл, Қарасай мен Іле аудандарының 6184 жеке тұлғасы мен 404 заңды тұлғасының сұранысын толықтай өтейтін болады.

Тұрғындар санының еселеп өсуі, Жамбыл, Қарасай мен Іле аудандарында өнеркәсіп нысандарының артуы, Алматы қаласындағы өндіріс орындарының облыс аумағына көшірілуі электр қуатына деген сұранысты арттырғаны белгілі. Бұрынғы қолданыстағы қондырғылар мен желілердің қуаты бұл сұранысты өтеуге жеткіліксіз болатын. Аталған қосалқы стансы іске қосылғалы бері сол өңірлердегі электр қуатына тапшылық мәселесі толықтай шешіліп, өндіріс пен өнеркәсіптің өрлеуіне тың серпін әкелді.

Су күшін пайданылып, энергия өндіруде де аймағымыздың үлкен табысқа жеткені анық. Бұл орайда бірнеше жыл бұрын салынып, қолданысқа берілген, аймақты ғана емес, еліміздің өзге де өңірлеріндегі маңызды нысандарды жарық энергиясымен қамтамасыз етіп жатқан Мойнақ ГЭС-ін атап кеткен жөн. Бүгінде облыста мұндай нәтижелі істің жалғасын тауып, күн энергиясын пайдалану арқылы тұрғындардың жарыққа деген қажеттілігі өтеліп жатқанын көріп жүрміз.

Бірар жыл бұрын Қапшағай қаласындағы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның қолдауымен қуаттылығы 100 МВт күн электр стансысы қолданысқа берілді. Бұл да «Жасыл экономиканы» дамытуға қосылған үлестің бірі. Жоба 270 гектар жер теліміндегі күн паркін, 220 кВ қосалқы стансысын және 220 кВ жоғары вольтты желінің құрылысын қамтиды. Стансының жобалық жалпы құны 27,7 млрд.теңгені құрады. Іске асыру барысында инвесторлар 300 мыңнан астам күн панельдерін орнатты. Жоба бойынша электр стансысы жыл сайын 160 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді. КЭС көмірқышқыл газдың атмосфераға шығарындыларын жылына 150 мың тоннаға азайтады.
Аталған нысанда қуатты кернеумен жұмыс істейтін күрделі құрылғылар орнатылған. Сонымен бірге, тұтынушыларға көрсетілетін қызмет түрлерін оңайлату, оларды сандық жүйеге ауыстырудың толық жүзеге асқаны аңғарылады. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалар үшін техникалық сараптаулар, электр желілерін қосуға қажетті құжаттарды қабылдау, тұтынылған электр қуатының мөлшерін анықтау онлаин-режимде ғаламтор арқылы жүзеге асырылады.

Аймақты электр жарығымен қамтамасыз етуде «ТАЭТК» АҚ-ның үлесі басым екенін де жасырмаймыз. Аталған компания кейінгі жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша электр стансыларының қуатын арттыру, ұлттық және өңірлік электр тораптарын дамыту, электр желілері мен жабдықтарды жөндеу және пайдалануды жүзеге асыру міндетін қолға алды.

Күнделікті өмірді жарықсыз елестету мүмкін емес. Демек, тірлік-тіршілігімізді электр энергиясымен қамтамасыз ететін сала мамандарының еңбегі ерен.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының электр тұтыну көрсеткіші жылына 5-7 пайызға өсіп отыр. Мұндай жетістіктерді «ТАЭТК» АҚ-ның атқарып отырған жұмысынан айқын көруге болады. Олар 2016-2020 жылдарға арналған бағдарлама аясында 3 млрд.теңгеге жуық қаржы жұмсап, жоспар бойынша өңір тұрғындарын электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеді.
Қазіргі кезде шешімі табылмай жатқан мәселелердің бірі – ескірген, кеңес дәуірінен қалған құрал-жабдықтар мен желілерді заман талабына сай жаңғыртып, жаңарту мәселесі. Қолданыстағы тарифте желілерді жаңарту, жөндеу жұмыстарына қарастырылған қаражат өте аз, ал желілердің тозуы жеделдей түсуде. Жалпы республика бойынша осындай жағдай орын алуда. Егер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмесе жағдайдың бұдан да нашарлауы мүмкін.

Облыс бойынша «ТАЭТК» АҚ-на қарасты 11 аудандық электр желісі, 19 бөлім мен қызмет бар. Оларға қарасты электр желілерінің жалпы ұзындығы 12309 шақырымнан асады. Ондағы қызметтер 108 төмендетуші қосалқы стансы, 2017 трансформаторлық қосалқы стансысы арқылы жүзеге асады. Айта кетерлігі, қосалқы стансылар мен электр желілері 1965-1990 жылдар аралығында салынғандықтан көбі ескірген. Сол себепті, «ТАТЭК» АҚ кейінгі жылдары өзіне қарасты электр желілерін жаңғыртып, жаңалап келеді.

Облысымыздың ел экономикасындағы алар орны ерекше. Екі миллионнан аса тұрғыны бар облыстағы Қарасай, Талғар, Іле аудандарында өндірістің 70 пайызы орналасқан. Демек, бұл өңірдің электр қуатына деген сұранысы өте жоғары. Қапшағай ГЭС-і, Райымбек ауданындағы Бестөбе су қоймасының мүмкіндіктері, Қапшағай қаласындағы сингапурлық компаниямен бірігіп жасалған 100 МГВ-тық күн электр стансысы, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарындағы әрқайсысы 50 МГВ электр қуатын өндіретін күн қондырғыларының құрылысы бұл сұранысты қамтамасыз етуде.

Десе де, облыс аумағындағы 6 өндірістік аймаққа жаңа инвестициялар тарту үшін қосымша қуаттың қажеттілігі туындап отыр. Осыған байланысты «Алатау Жарық компаниясымен» алдағы уақытта Көкөзек бағытына жаңа желілер тарту жөнінде келісімдер жасалған.

Бұл жоба жүзеге асатын болса, аймақта индустрияландыру қарқыны арта түспек. Сонымен қатар, алдағы уақытта ағыны қатты тау өзендерінің мүмкіндігін пайдалану арқылы Талдықорған қаласындағы үйлерге жылу берумен қатар 400 МГВ электр қуатын өндіруге қабілетті жылу электр стансысын салу жүзеге аспақ. Осылайша облыс электр қуатын тұтынушы қатарынан өндіруші және өзге өңірлерге таратушы сапына қосылуы мүмкін.

(Сурет ашық ақпарат көздерінен алынған)

Пікірлер