АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ: Бизнес көзімен қараған жұрттың шартына көне алмайсың

1325
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

Өткенде Shyńǵys Muqan аға, “Coffee Book”- ті жауып жатырмын. Өзін-өзі ақтамай, сақтап қалуға мүмкіндік болмады деген кезде қатты өкінген едім. Әдемі жоба, ұлтты  интеллектуалды дамытуға жетелейтін жоба өмір сүргені дұрыс еді деп өкіндім.

Бүгін университет қабырғасынан ашылғанын көріп, қуанып қалдым.

Иә, бизнестің шарты да, ойыны да әділетсіз ойын. Оған эмоция да, патриоттық та, ұлтшылдық та, адамгершілік те қас. Өз ережесімен ойнамасаң, өз ережесіне бағынбасаң құрдымға жібере салады. Оның арты тығырық.

Бизнес жетекшілері бизнес жасауда бірінші мақсатың экономикаңды реттеу болмаса, экономикаңды дұрыс басқармасаң, тиімділігін арттырмасаң ұзаққа бармайсың дейді.

Иә, ұлттық мектептер желісін қалыптастырам деп, QAZBILIM-ді бизнестік жоба емес, әлеуметтік жоба деп барымды салып, 10 жылға жуық жылына үздіксіз 365 күн 24/7  барымды салдым. Әсірелеу секілді көрінер. Бірақ, соңғы үш жыл тіпті өзімді өзім қатты ұрып жібердім.

Бірақ, соңғы 1,5 жыл өте ауыр күйде жүрмін. Өмірімде өте үлкен құрбандықтар да бердім. Денсаулықта ойланта бастады. Кейде қолыңды бір сілтегің келеді. Жоқ, мақсатқа жетпей тынбау керек деп қайтадан арпалысасың. Жігерің мұқалады.

Неге?

Себебі, аренда үшін, комуналдық төлемдер мен мемлекетке төлейтін салық үшін жұмыс істейсің. Қаланың мектепке сай ғимаратының арендасы жыл 12 айда бүкіл кірісіңді қағады. Тентіретіп жібереді.

Оқу ақысын сәл көтерсең ата-ананың қолы жетпейді. Оқығысы келген білімді бала төлей алмайды.

Ал, көтермесең аренда есігіңді, мемлекеттік салықтар шотыңды жабады. Сосын отырасың шақшадай басың шарадай боп. Тым ауыр.

Бірде бизнесмен Марғұлан Сейсембай патриоттық - бизнестің жауы, бизнес патриотизмнің досы деп еді. Ып-рас. Осы күні дәл соны өзім қатты сезініп жүрмін.

Өткенде сол Шыңғыс аға, COFFEE BOOK-ті жаптым дегенде де осы ой келді. Өзімдегі қиындықтар туралы ойлап, Шәкеңді түсіндім.

Өзім де бір күн осы күйге түспесем екен деп одан сайын қорықтым.

QAZBILIM - Ұлттық мектептер желісі ұлттың болашағы, елдің болашағы үшін жасалып жатқан жанкешті жобам. Бұндай дүниеге демеуші де, инвестор да табу тым қиын. Себебі, бизнес көзімен қараған жұрттың шартына көне алмайсың.

Ниет дұрыс қой деп, арпалысып келеміз. Құдай бір ретін табар деп, алысамыз. Сол сәтте біреулер түсінбей жағаңа, біреулер көре алмай балағыңа жармасқанда: Оо, атаңа нәлет деп айғай салғың келеді. Айғай салғың келеді.

Аятжан Ахметжанұлы

 

 

 

 

Пікірлер