«Өліміне директор кінәлі»: Өскемендік мұғалім қайтыс болды

2421
Adyrna.kz Telegram

Өскеменде мектеп мұғалімі көз жұмды. Марқұмның туыстары мен әріптестері педагогтың өлімін мектеп директорынан көріп отыр. Өйткені ол соңғы кездері басшылық тарапынан үнемі қысымға көріп жүргенін айтып, бірнеше мұғаліммен бірге құзырлы органдарға шағым жазған. Қадағалаушы органдар тексеруді енді бастағанда 38 жастағы келіншек дүниеден өткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеме жасап.

Марқұм мұғалімнің әріптестері әлі күңге дейін көз жасын тия алар емес. Олар Әсем Нұрғалиевамен Өскемендегі №5 орта мектепте бірге жұмыс істеген. Аға тәлімгер директор тарапынан қудалауға ұшырағанын үнемі айтып жүріпті.

«Ол өзі қатты стресстен миым қайнап жүр, шыдай алмаймын деді. Қудалап, есімді шығарып бітті деді», - деп мәлімдеді Өскемен қалалық №5 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Сәуле Бапинова.

20 күн бұрын көз жұмған мұғалім әріптесімен бірге құзырлы органдарға шағым түсірген. Білім саласындағы бақылау департаменті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, мектеп директорының заңға қайшы әрекеттерін әшкерелеген.

«Барлық фактілер расталды. Атап айтсақ, бұл кісі тамыз айында жұмысқа тұрған. Сол кезде мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Сол кезде мектептің ауласын тазалау жұмыстарына тартылған. Аттестациядан өтуге қарсылық көрсеткен, мектеп басшысы және оның орынбасары», - деді білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жұмабек Қамбетов.

Тексеру қорытындысы бойынша мектеп директорына қатысты 6 әкімшілік іс қозғалған. Осы кезде шағым жазған Әсем Нұрғалиева ауруханаға түсіп, бір апта ес-түзсіз жатып, көз жұмған.

«Дене қызуы көтеріліп, ОРВИ болғанда мидың ісінуі болады деді. Дәрігердің бізге алғаш айтқаны осындай диагноз болды. Ал енді менингит болған жағдайда, неге дәрігерлер ана мектепті жаппайды. Менингиттің өзі де жұқпалы ауру ғой», - деді марқұмның нағашы апасы Ғафура Дарабаева.

Мектеп директоры дәрігерлердің өлім туралы анықтама қорытындысына сүйеніп, өзін айыпты сезінбейді.

«Ол минингиттен қайтыс болды. Бұл жұқпалы ауру. Ал мектептегі психологиялық ахуалды ауыр деп есептемеймін. Ешкімге қысым көрсетілген жоқ», - деді Өскемен қалалық №5 орта мектеп директоры Наталья Карпова.

Осы жағдай бойынша қалалық білім бөлімі де тексеру жүргізген. Нәтижесінде мектеп директорын қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Ал көз жұмған мұғалімге қатысты құқық қорғау органдарында әзірге ешқандай іс тіркелмеген. Марқұмның соңында екі баласы қалды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер