«Алтын сақа» математикалық олимпиадасының республикалық кезеңі өтті

5539
Adyrna.kz Telegram

Бүгін, 26 сәуір күні «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының ұйымдастыруымен 5-6 сыныптарға арналған «Алтын сақа» олимпиадасының республикалық кезеңі өтті.

2016 жылы Нұр-Сұлтан қаласында бастау алған олимпиада биыл бірінші рет республикалық деңгейде өтіп жатыр.

Олимпиада Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан бөлек Атырау, Ақтау, Қарағанды, Талдықорған, Ақтөбе және Орал қалаларында да өткізілді. Осы уақытқа дейін аталған қалаларда олимпиаданың облыстық іріктеу кезеңі өтіп, әр қаладан республикалық кезеңге 10 оқушыға (5 сыныптан 5, 6 сыныптан 5 оқушы) жолдама берілген болатын.

Айта кетейік, олимпиада «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының және облыстар мен қалалардағы дарындылықты дамыту орталықтарының қолдауымен өткізіліп жатыр.

Олимпиада әділ өту үшін сұрақтарды біртұтас Нұр-Сұлтан қаласындағы «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығының математика пәні бірлестігі дайындап, олимпиада барысын «Зерделі» және дарындылықты дамыту орталықтарынан құрылған комиссия бақылады.

Олимпиада сұрақтары Нұр-Сұлтан қаласында тексеріліп, марапттау рәсімі пандемияға байланысты 29 сәуір күні онлайн форматта өтеді деп жоспарланып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер