Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадта халықты құттықтап, ардагерлерге алғысын білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ол соғыс жылдарындағы қазақ халқының майдан мен тылдағы ерлігін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл күн – қазақстандық жауынгерлердің рухын, батырлығын еске түсіретін қасиетті мереке.
«Біз Отан үшін жанын пида еткен батыр бабаларымыздың ерлігін мәңгі есте сақтаймыз», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адамның майданға аттанып, олардың жартысына жуығының өмірі қиылғанын айтты. Тылда қалған халық азық-түлік пен киім-кешек жөнелтіп, қысқа мерзімде әскери өндіріс жолға қойылғанын атап өтті.
Тоқаев қазақ халқының жауынгерлік рухы – Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуірінен жалғасып келе жатқан ұлы дәстүр екенін еске салды.
«Біздің қаһарман армия – Тәуелсіздігіміздің тірегі. Қазақстандық сарбаздар мемлекеттің тұтастығын, елдің тыныштығын қорғап келеді», – деді ол.
Мемлекет басшысы халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысып жүрген қазақстандық жауынгерлердің кәсібилігін де ерекше атап өтті. Сонымен қатар, “Батырларға тағзым” акциясы аясында елде 500-ге жуық көшеге соғыс ардагерлерінің есімі берілетіні туралы хабарлады.
«Бейбітшілік – баға жетпес құндылық. Біз соғыстың шындығын ұмытпауымыз керек. Бұл – жас ұрпақтың санасына сіңуі тиіс тарихи шындық», – деп түйіндеді Тоқаев.
Ол ел қорғанысы мен армияны жаңғырту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін, ал Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы екенін еске салды.