Суға кеткен 11 миллиард теңгелік жоба

3273
Adyrna.kz Telegram

Депутат Нариман Төреғалиев Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жүзеге асырылуға тиіс болған «Сырдария және Талап топтық су құбырының құрылысы» жобаларына қатысты проблемаларды көтерді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы ҚР Парламенті сенатының Instagram парақшасында айтылды. 

Депутат өз сауалын Премьер-Министрдің орынбасарына жолдай отырып, Талап және Сырдария топтық су құбырларының іске қосылуын жылдамдатып, тізбеге енгізіп, субсидиялауға қатысты мәселелерін шешуге ықпал жасауын сұрады.

Жоба бойынша ауданның 28 елдімекенінде тұрып жатқан 43 мыңға жуық халық ауыз сумен қамтылу керек еді. Сырдария топтық су құбыры 5,2 млрд. теңге қаржыға салынып, пайдалануға берілді. Ал, Талап топтық су құбырының құрылыс жұмыстарына 5,5 млрд. теңге жұмсалған.

"Қазіргі таңда ауыз су халыққа күніне бір-екі сағатқа беріліп,уақытпен шектелген. Осы жобалардың толық іске қосылмауы салдарынан тұрғындар ауыз суды аулада орналасқан шахталық құдықтардан немесе кіші ұңғымалардан алып ішуге мәжбүр", деді Сенат депутаты Нариман Төреғалиев.

Депутаттың айтуынша, 11 млрд. теңгеге жуық қаражат жұмсалып, 2014 жылдан бастап жүргізілген жобаның түпкілікті нәтижесін халық көрмей отыр. Себебі, Талап су өндіру кешенінде қазылған 8 ұңғымадан құм аралас су шығып жатыр. Сонымен қатар, аталған екі топтық су құбыры сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінің тізбесіне енгізілмеген. Яғни, халық ауыз суға толық тарифпен төлеп отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер