Жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де тыйым салынады

3900
Adyrna.kz Telegram

Жерді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де тыйым салынады. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасы қабылданды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-сілтеп.


"Еліміздің егемендігін нығайту және халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, Қазақстан азаматтарының пікірін ескере отырып, 2016 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға сондай-ақ, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, бұдан басқа Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншікке беруге қатысты мораторий енгізілді. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанда аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағымдағы жылы 25 ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер мәселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екендігін жариялай отырып, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды", - дейді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.


Осыған орай, тиісті заң жобасы әзірленіп, биыл 15 наурызда Мәжіліске енгізілген болатын. Бүгін депутаттарға ұсынылған Заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға сондай-ақ, қандастарға беруге толық тыйым салу көзделген.

"Сонымен қатар, заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктермен және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялармен жалға алынған ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдалану мерзімін ұзартылмайтындығы және олардың пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны қарастырылған", - деді Сапархан Омаров.

Заң жобасын талқылау аяқталғаннан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин маңызды құжат мақұлданғанын айтты.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген нақты сұрақ бойынша шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толық тыйым салынады".

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер