Қазақстандық ата-аналар дабыл қаға бастады

7626
Adyrna.kz Telegram

Еліміздегі коронавирусқа қатысты ахуалдың күн санап нашарланып бара жатқаны жұртты алаңдата бастады. Бірнеше қаламыз қызыл аймаққа енді. Бұл туралы ресми билік өкілдері де мәлімдеді. Соған қарамастан Қазақстандағы кейбір мектептерде оқушылар барып-келіп білім алуда.

Баласының сабақ оқуы үшін мектепке барып келуі кез келген ата-ана үшін үрейге айнала бастады. Өйткені дәл қазіргі кезде балалар арасында да коронавирустен бөлек басқа да жұқпалы аурулардың тарап, өршитін кезеңі. Әлеуметтік желілерде де сақтық шаралары үшін оқушылар қашықтықтан білім алсын деп талап қойып жатқандар жетерлік. Мәселен, Facebook-тағы «Қазақстан ұстаздары» тобында:
«Эпидемиологиялық жағдайды ескеріп мектептегі оқуды онлайнға көшірген дұрыс деп ойлаймын. Бұл - барлығымыздың қауіпсіздігіміз үшін маңызды. Осы жерде дабыл қағып, мәселені көтеріп отырған ата-аналар мен мұғалімдерді қолдаймын. Адам өмірі мен денсаулығы бәрінен қымбат!» деген жазбаға қатысты жұртшылық қолдау пікірін жазысуда.

«Ковид пе, басқа ма, білмеймін, таяуда ғана 4 жасар ұлым табан астында қызуы көтеріліп, мазасы қашты. Әлгінде ғана ойнап отырған ұлымның қызуы түспей, денесін қызыл түйіршік бөртпелер басты. Шұғыл дәрігерге қараттық. Сол кезде дәрігеріміз 10 жасқа дейінгі балалар арасында осындай жұқпалы вирус қатты жүріп жатқанын айтты. Айтса, айтқанындай, келесі күні 9 жасар қызыма жабысты әлгі ауру. Біз әбігерге түсіп жатқанда, ауылдағы келінім де 2 жасар және 8 айлық балаларының осындай аурумен ауырып бастағанын айтты. Демек, мынадай шақта баланы мектепке жіберіп, абырой таппайтынымыз анық. Соңғы тоқсанды қашықтықтан оқыта салғанымыз дұрыс»,- дейді шымкенттік ата-ана Толқынай Бақытбекқызы.

Осыған дейін де негізгі тоқсандарды қашықтықтан оқытқан Қазақстан мектептерін соңғы 4-ші тоқсанда ашудың маңызы қаншалықты салмақты? Екі айға жетер-жетпес уақытта мектепке барып білім алады деген балаларымыздың денсаулығына қауіп төнсе, не болмақ? Әлде бұл сұраққа қатысты халық денсаулығына жауапты өкілдердің нақты айтары бар ма екен?

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер