2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Өзбекстанның мемлекеттік қарызы 23,3 млрд долларды құрайды. Республиканың Қаржы министрлігінің мәліметінше, бұл – елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 40,4%-ы, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қарыздың 21,1 млрд доллары – мемлекеттің сыртқы қарызы. Соңғы екі жылда ол екі есеге артқан. Мемлекеттің ішкі қарызы – 2,2 млрд доллар. Соңғы жылдардағы өсімге қарамастан, халықаралық нормаларға сәйкес, Өзбекстанның мемлекеттік қарызы (ЖІӨ-ге қатысты 40,4%), оның ішінде мемлекеттік сыртқы қарыз (ЖІӨ-ге қатысты 36,5%) орташа деңгейде сақталды, делінген есепте.
Республиканың 2021 жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы заңына сәйкес Өзбекстан атынан және оның кепілдігімен тартылған мемлекеттік қарыз сомасы ЖІӨ көрсеткіштерінің жылдық болжамдарына қатысты 60% - дан аспауы керек. Бұл деңгей қауіпсіз деп саналады.
Қаржы министрлігінің материалдары бойынша Өзбекстан, ең алдымен, Азия Даму Банкіне — 5 млрд доллар қарыз, одан кейін Дүниежүзілік банкке 3,7 млрд доллар қарызы бар. Қытай мемлекеттік даму банкі, Қытайдың Эксимбанкі және Жапонияның Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі агенттігі Өзбекстанға әрқайсысы 2 миллиард доллардан қарыз берген.
Мемлекеттік сыртқы қарыздың 17,5%-ы, яғни 3,7 млрд доллар мемлекеттік бюджетті қолдауға жұмсалды. 2,9 млрд доллар (13,7%) электр энергетикасы саласына, 2,6 млрд доллар (12,4%) — энергетика саласына (мұнай және газ), 2,4 млрд доллар — көлік және тиісті инфрақұрылымға, 2,3 млрд доллар — ТКШ-ға, 2,2 млрд доллар ауыл шаруашылығына және т.б. бағытталды.
Республиканың сыртқы қарыздарының 70% -ы доллармен, 11,3% -ы жапон иенасымен, 9,5% -ы SDR-мен (арнайы борыштық құқықтар), 5,1% -ы еуромен және 4,1% -ы басқа валюталармен.
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА,
КазҰУ-дың журналистика факультетінің
4-курс студенті