Өзбекстан билігі 2024 жылы шетелде қайтыс болған 483 еңбек мигрантының денесін отанына жеткізді. Бұл статистикалық мәліметтер республиканың Үкіметі жанындағы Миграция агенттігі өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында жарияланды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«Газета.uz» агенттігінің мәліметінше, осы кезеңде шетелде қайтыс болған барлық өзбекстандықтар басқа елдерде заңды түрде жұмыс істеген. Мигранттардың денелерінің басым бөлігі, яғни 474-і Ресейден жеткізілген. Сонымен қатар, Түркиядан бес, Оңтүстік Корея мен Қазақстаннан төрт рет мәйіт тасымалданған.
Миграция агенттігінің басқарма бастығы Нигора Исроилова тасымалдау шығындарының толығымен республиканың мемлекеттік бюджеті есебінен жабылатынын нақтылады. Оның айтуынша, тасымал шығыны елге байланысты әртүрлі болған. Мысалы, Ресейден ұшып келу 1000 доллардан төмен болса, Ұлыбританиядан — 4000-5000 доллар, Оңтүстік Корея мен Жапониядан шамамен 9000 доллар тұрады.
Баспасөз мәслихатында айтылғандай, өткен жылы Өзбекстан шетелде қиын жағдайға тап болған азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жүргізген. Осылайша, билік шетелде қиын жағдайға тап болған 775 мигрантты және ауыр жарақат алған 182 адамды елге әкелген.
2024 жылы Ресейге жұмыс істеуге барған шетелдіктердің қайтыс болуына кей оқиғалар да әсер етті. Мәселен, мамыр айында Мәскеу облысында өзбекстандықтар тұратын хостелде өрт шығып, сегіз адамның өмірі қиылды.