«Денесін бөлшектеп тастаған»: Аяжан Еділованың туыстары мәлімдеме жасады

2946

Алматыда қаза тапқан 19 жастағы Аяжан Еділованың туыстары бойжеткеннің өліміне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі. Бұл туралы «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры жазды.

Марқұм "Сымбат" дизайн және сән академиясында оқыған. Оның авторлық топтамалары мен интернет-дүкені де болған. Студент өз бұйымдарын сатып, қосымша сұлулық салонында жұмыс істеген.

«Сол күні Аяжан жұмыстан шығып, жатақханаға оралмады. Ол ер адаммен танысу үшін кездесуге барған жоқ, себебі сүйген жігіті бар еді. Бойжеткен интернет-дүкенінің жұмысы бойынша бейтаныс адаммен кездескен болуы мүмкін»,-деді туыстары.

Қор өкілдерінің айтуынша, Аяжан 19 наурыз күні кешке жұмыстан сағат 20.48-де шыққан. Аруды жігіт жатақхананың жанында күтіп тұрып, қоңырау шалған. Осыдан кейін қызбен байланыс жоғалған.

20 наурыз күні таңертең іздеу басталды. Туыстары полицияға сағат 12:00-де хабарласқан. Алайда олар шағымды бірден қабылдамаған. Аяжанның достары мен еріктілер қосылып, такси қызметінен сұрастыра бастайды.

21 наурызда еріктілер такси жүргізушісін Indriver қосымшасы арқылы табады. Ол Аяжанды қайда апарғанын айтып, тапсырысты Руслан есімді азаматтың бергенін мәлімдейді. Бұл мекенжай полицияға хабарланып, содан кейін олар абоненттік нөмірдің базалық станциясы арқылы қызды іздеуге көшеді.

Түнгі сағат 23:00 шамасында қызметкерлер аталған мекенжайға жетеді. Алайда полицейлер Аяжанның туыстарын ішке кіргізбеген.

«Пәтерге екі жедел жәрдем көлігі келіп, жараланған ер адамды алып шықты. Комиссар бізге бойжеткеннің жоқ екенін айтып, таңертең келуімізді өтінді»,-дейді туыстары.

Марқұмның ағасы қарындасының өлімі туралы суық хабарды Instagram желісінен білгенін айтты. Полиция бұл туралы қалай хабарлауды білмегендерін алға тартқан.

«Аяжан қатігездікпен өлтірілді. Ол бөлшектелген күйінде табылған. Марқұмның туыстары ол жалғыз құрбан болмауы мүмкін екенін айтады»,- деді қор басшысы Дина Таңсәрі.

Айта кетейік, 19 жасар қызды өлтірді деген күдікпен 1993 жылғы Түркістан облысының тұрғыны ұсталды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы