"Ақ жол" бизнеске араша түсті

670

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары

А.Ә. Смайыловқа;

ҚР Бас прокуроры

Ғ.Д. Нұрдәулетовке 

«Ақ жол» партиясына келісімдерді жарамсыз деп тану бойынша негізсіз санкцияларға ұшыраған кәсіпкерлерден жаппай өтініштер келіп түсуде. Қосымша есептеу сомасы бірнеше миллионнан бірнеше миллиард теңгеге дейін жетеді, бұл кәсіпорындарды толықтай банкрот болуға алып келеді.

Осыған дейін, 12.02.2020 ж. және 04.11.2020 ж. депутаттық сауалдарда мұндай талап-арыздардың саны соңғы үш жылда 9 есе өскенін және қазірдің өзінде мыңға жеткенін хабарлаған болатынбыз. Біз келісімдердің жалғандығының объективті критерийлерін әзірлеуді және бизнеске тыйым салуды тоқтатуды талап еттік.

2020 жылдың 12 ақпанында «Ақ жол» партиясының ұйымдастыруымен Жоғарғы сот, Бас прокуратура және Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерімен бизнестің кездесуі өтті. Талқылау нәтижелері бойынша 4 наурызда Жоғарғы сот нормативтік қаулыдан (2017 жылғы 29 маусымдағы №4 қаулы) бизнестің материалдық және еңбек ресурстары «жеткіліксіз» болған кезде (салық қызметкерлерінің пікірінше) келісімдер жарамсыз деп танылуы мүмкін деп белгілеген тармақтарды алып тастады. Ол үшін біз Жоғарғы сот басшылығына алғысымызды білдіреміз.

Алайда, жергілікті соттардың шешімдері әлі де салық органдарының болжамдарына сүйенеді де, бизнестің дәлелдері ескерілмейді.

Салықтарды қосымша есептеу үшін салық органдары келтіретін бірқатар типтік негіздерді ерекше атап көрсетуге болады.

Біріншіден, бұл салық төлеушілердің қажетті активтердің, материалдық және еңбек ресурстарының болмауына байланысты келісімдерді жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы болжамдары. Сонымен қатар, бизнес нақты жобаларға арналған жабдықтар мен кадрларды көбінесе қарызданып барып жалдайтыны ескерілмейді.

Сондықтан, кәсіпорынның ағымдағы ресурстары ғана емес, жеткізілген өнім немесе орындалған жұмыс түрінде келісімдердің нақты орындалуы да бағалануы керек. Алайда, соттар мұндай дауларды қараған кезде бұл дәлелдерді ескермейді.

Екіншіден, салық органдары мәмілені тек жалған шот-фактуралар негізінде жарамсыз деп санаған кезде соттар талаптарды қанағаттандырады.

Сонымен бірге, шот-фактураның өзі келісімнің жарамсыздығының бір ғана дәлелі бола алады. Бұл ретте шот-фактура мәміле болып табылмайды. Мәмілені растау фактісі, ең алдымен, шот-фактура түрінде бюрократиялық рәсімдеу емес, оның материалдық орындалуы болып табылады.

Салықтарды қосымша есептеудің үшінші кеңінен қолданылатын негізі - фискалдық органдардың контрагент факторын жосықсыз пайдалануы. Егер бір бұзушы анықталса келісімдер тізбегі бойынша оның барлық серіктестері автоматты түрде жосықсыз салық төлеушілерге жатқызылады және бүкіл кезең үшін салықтар, айыппұлдар мен өсімпұлдар сомасы қайта есептеледі.

Сонымен бірге, тәжірибе көрсеткендей, келісімнің адал қатысушылары көбінесе өздерінің контрагентінің үшінші тұлға немесе мемлекет алдындағы жауапкершіліктен жалтару ниеті бар екені туралы білмейтін және біле алмайтын сот ісін жүргізу қармағына түседі. Бірақ мұндай дауларды қарау кезінде көп жағдайда сот салық органдарының жағын алады.

Үстеме есептеу туралы хабарламалар соттың шешімінсіз, тек камералдық бақылау негізінде ғана жеткізілетіні де қосымша сұрақ тудырады. Бұл хабарламалар салық төлеушінің шоттары мен активтерін тәркілеуге де қатысты. Бұл ретте қосымша салықтарды есептеу шығындарды есепке алмай жүргізіледі, яғни алынған шығыстар ескерілмейді.

Біз алаяқтықпен айналысқандарды қорғамаймыз, бірақ санкциялар нақты жұмыс істейтін бизнеске емес қылмыскерлерге жүктелуі керек.

Алайда, қазіргі тәжірибе жауапкершілік адал кәсіпорындарға жүктелетіндігімен байланысты болып отыр. Әрине, бұл жасырын мүлікті және қолма-қол ақша фирмаларының алған капиталын анықтаудан оңай.

Нәтижесінде бюджетке барлық салықтарды адал төлейтін кәсіпкер бір түнде банкротқа ұшырап, ал ондаған және жүздеген қызметкерлер жұмыссыз қалады.

Мемлекет басшысының биылғы 12 қаңтарда өткен сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте: «Менің ойымша, бизнес істеріне мемлекеттік аппарат пен басқа да адамдардың араласуы ауыр қылмысқа теңестірілуі тиіс», - деп атап өткені кездейсоқтық емес.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы төмендегілерді сұрайды:

  1. Адал бизнеске келтірілген залал үшін салық органдары шенеуніктерінің дербес материалдық жауапкершілігін енгізу;
  2. Ұсынылған шот-фактуралар негізінде не салық төлеушіде активтердің, материалдық және еңбек ресурстарының болмауы негізінде ғана келісімді жарамсыз деп тану туралы салық органдарының талап-арыз беру практикасын тоқтату;
  3. Салық органдарының мәмілелерді жарамсыз деп тану жөніндегі талап-арыздарын азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен және келісім жасаудың іс жүзінде жоқтығы анықталған жағдайда ғана салықтық тексеру жүргізу барысында қарау;
  4. Салық қызметі органдарына олардың әрқайсысына қатысты сот шешімінсіз бір салық төлеушіні тексеру негізінде оның контрагенттеріне хабарлама жіберуге тыйым салу.

Сондай-ақ, соңғы 3 жылда жарамсыз деп танылған келісімдер бойынша салықтар, айыппұлдар мен өсімпұлдар қоса есептелген кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны, сондай-ақ кәсіпкерлер даулаған осындай қосымша есептеулердің саны туралы ақпарат берулеріңізді сұраймыз.

Кәсіпкерлердің ұжымдық өтініштері қоса беріледі.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

 

Пікірлер
Редакция таңдауы