Денесін күйік шалған науқастарды емдеудің жаңа тәсілі табылды

2775
Adyrna.kz Telegram

Денесі күйген науқастарды емдеу уақыты 1,5 есеге қысқарады. Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары сиырдың қарнынан коллагенді таңғыш жасау тәсілін ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандар еліміздің бірқатар медициналық орталығында өнімді клиникалық зерттеуден өткізіп жатыр. Оған ауыр жарақат алған 200 адам қатысуда. Сынақ біткеннен кейін таңғыштар ел ауруханаларына жеткізіледі. Арна тілшісі Дариға Ташенова ғылыми зертханаға барып, өндіріс процесімен танысты.

Дариға Ташенова, тілші:

- Күйікті тез емдейтін өнімнің қажеттілігі туралы елордалық дәрігерлер бұрыннан ойлап жүрген. 2012 жылы олар Биотехнология орталығына келіп, өз идеяларымен бөлісті. Күйік жарақаты ұзақ уақыт жазылмайды. Ғалымдар 3 жыл қатарынан зерттеу жұмыстарын жүргізіп, сиырдың қарнындағы пайдаға аспайтын ішектердің емдік қасиеті бар екенін анықтады. Оны 1 апта бойы тазалап, зарарсыздандырғаннан кейін адам денесіне қолдануға болады.

Ерлан Раманқұлов, ҚР БҒМ ҒК ұлттық биотехнология орталығының бас директоры: 

- Адамның терісі қатты зақымданса, сол орынды мына таңғышпен байлап, емдеуге болады. Біз оны түрлі пептид және антибиотиктермен қанықтырамыз. Бұл материал уақытша адам терісінің орнын басады. Ол құрғап кетпейді, жарақаттағы суды сіңіріп алады. Инфекциялардың пайда болуына жол бермейді. Қазір біз тәжірибе ретінде бұл өнімді күйік орталықтарында қолданып жатырмыз. Зерттеу нәтижелері өте жақсы. Науқастардың жарақаттары тез жазылып кетеді. Сынақ аяқталғаннан кейін тіркеуден өтіп, бұл өнімді отандық ауруханаларға жеткіземіз.

Отандық өнімнің бағасы да қолжетімді. Қазір ғалымдар бір мембрананың құнын 4 мың теңгеге бағалап отыр. Алайда өндіріс толыққанды іске қосылғаннан кейін бағасы арзандайды. Мамандар оның сапасына да баса назар аударады.

Вячеслав Огай, ҚР БҒМ ҒК ұлттық биотехнология орталығының діңгекті жасушалар зертханасының меңгерушісі:

- Бұл таңғыш II және III деңгейлі күйікті емдеуге жарамды. Біз биоматериалды сатып алғаннан кейін оны бірнеше кезеңмен тазартамыз. Ішіндегі ашытқыларды жоямыз. Радиация арқылы зарарсыздандырамыз. Оны 2 рет қаптаймыз. Содан кейін сапасын тағы бір рет тексереміз. Егер бұны жасамасақ, сиырдың ішегіндегі бактериялар қалып қалады. Салдарынан оны пайдаланған науқастың терісінде аллергия шығуы мүмкін.Бұл таңғыштың жарамдылығы – 2 жыл. Оны 4 градусқа қойылған тоңазытқышта сақтау керек.

Өнімді клиникалық зерттеу жұмыстары жақында аяқталады. Күзде ғалымдар оны Денсаулық сақтау министрлігінің реестрінде тіркейді. Болжам бойынша 2022 жылы бұл таңғыштарды отандық ауруханаларда жаппай қолдануға болады. Кейін маркетологтардың көмегімен көрші елдерге экспорттау жоспарланып отыр.

Пікірлер