Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі Бақыт Дүйсенбаев Ханкук шет тілдері университетінің вице-президенті Шин Жоң Хуанмен және университеттің түлегі Цой Ён Сонмен кездесті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.
Іс-шара аясында Чой Ён Сонның Тúrkistan газетіне берген сұхбаты жарияланғаннан кейін жолданған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың хаты табыс етілді.
Мемлекет басшысы мақаланы оқып, оны жоғары бағалаған болатын. Өзінің хатында ол Чой Ён Сонға ризашылығын білдіріп, қазақ тілін зерттеп, корей-қазақ сөздігін құрастыруын қолдайтынын жеткізді.
Цой Ён Сон 2019 жылдың ақпанында Ханкук шет тілдері университетін қазақ тілі мамандығы бойынша бітірді. Студенттермен алмасу бағдарламасы шеңберінде 2015-2016 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып, 2017 жылы «Астана ЕXPO – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде Корея Республикасының павильонында қызмет етті.
Қазіргі уақытта ол Ханкук шет тілдері университетінің ғылыми қызметкері ретінде жұмыс істеп, қазақ тілін зерттеу мен оны насихаттау бойынша еңбегін жалғастыруда. Ол қазақ тілін жоғары деңгейде меңгеріп қана қоймай, халқымыздың мәдениеті мен дәстүрін терең біледі.