Індет ел іргесін сөге алмайды

2436
Adyrna.kz Telegram

Шартарапты шыр айналдырған пандемияның қырсығы біздің елді де айналып өтпегені белгілі. Зауал шақтың зардабы тимеген шаңырақ кемде-кем. Індет індеп, қалыпты тіршілігімізден әжептеуір айнып қалдық, қаншама шаруа тұралады. Жыл толған уақытта мемлекет жаманат індетті жамағандардың қатарын азайтуға, ахуалды тұрақтандыруға барынша күш сала жүріп, пұшайман күй кешкен халықтың әл-ауқатын да естен шығарған жоқ.

инфекциясы жер-жаһанға қарқынды жа­йыл­а бастағанымен, біздің елге салқыны наурыз айынан бастап сезіле бастады. Сол уақытта індет күннен-күнге өршіп, ахуал күрделеніп, 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елімізде төтенше жағдай режімі енгізілді. Содан бері коронавирус толқыны бірде күшейіп, бірде бәсеңсіп, соған сәйкес карантин дейтін індеттің «бұғауынан» да біржола құтыла қойған жоқпыз. Дегенмен бұл бәлекетпен күрес бір сәт те тоқтамай, елдегі эпидемиялық ахуал ұдайы қадағаланып отыр.

Індеттің таралуы біршама тыйылып, шектеу шараларын әлсіреткеніміз кері әсер етіп, жағдайды қайтадан қиындатып алған кездер болды. Бұған мысал ретінде былтыр 11 мамырдан бас­тап карантин жеңілдетілгеннен кейін эпидемиялық ахуалдың күрделенгенін келтіруге болады. Содан 5 шілдеден бастап талап-тәртіптің күшеюімен жағдай оңала бастады. Еуропа мен Азияның бірқатар елінде коронавирус инфекциясы күрт күшейіп, індеттің екінші толқыны басталғанда еліміздегі ахуал тұрақталып келе жатқан еді. Бұл Үкіметтің дер кезінде әрекет етіп, шілде-тамыз аралығында енгізген шектеуі індеттің жайылуын айтарлықтай шектегенін көрсетеді.

Індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң шақта ең бастысы халықтың амандығы екені анық. Бұл ретте денсаулық сақтау саласына артылған жауапкершіліктің салмағы басым. Жағдайды одан әрі ушықтырмау үшін мемлекеттің күшімен көптеген іс-шара атқарылды. Індет дүрбелеңі басталған осы уақыт аралығында уақтылы медициналық көмек көрсету үшін қалаларда 16 модульдік аурухана салынды және 3 инфекциялық аурухана қайтажаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді. Халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұ­йымдармен қамтамасыз ету бойын­ша шаралар қабылданды. 64 оттегі стан­сасы пайдалануға берілді, медици­на­лық ұйымдар ӨЖЖ аппараттарымен (3 264 бірлік) толық қамтамасыз етілді. 185 аудан­дық аурухана 100% рент­­ген-диагностикалық құрал­дармен жаб­дықталды. Жедел медициналық көмек қызметіне 1 367 автокөлік сатып алынды. Жылжымалы медициналық ке­шендер паркі толықтай жаб­дықталды.

Қазіргі уақытта коронавирус инфек­циясымен ауыратын науқастарға меди­циналық көмек көрсету үшін 51 126 төсектік-орын резерві бар. Өңірлерге 100 жыл­жымалы медициналық кешен жет­кізілді. Аудандық ауруханалар уақы­тылы диагностика жүргізу үшін 53 рентген аппаратымен толық жабдықталды, оның 49-ы отандық «Ақтөберентген» зауытынан сатып алынды.

2020 жылы денсаулық сақтау саласына инвестициялар өсімі 302,5 млрд теңгені құрады. Бұл – 2019 жылдың көрсеткішінен (2019 жылы – 124,6 млрд теңге) 2,5 есе жоғары.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой осынау күрделі кезеңде халық алғы­сын арқа­лаған ақ желеңді абзал жан­дарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын атап өтті. «Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартыл­ған медицина қызметкерлеріне мате­риал­­дық қолдау көрсетілді. КВИ-мен күреске тікелей тар­тылған қызметкерлерге 3 тәуе­кел тобы бойынша 116 млрд теңге мөлшерінде үстемеақы төленді. Барлық дәрігерлердің, мед­бикелердің, санитар­лар­дың, жедел жәрдем брига­да­ларының, зертханашылар мен эпидемиологтардың вирус жұқ­тыру қаупіне қарамастан, ін­­детпен күрестегі ерлігі мен қайсар­лығын ерекше атап өт­кім келеді. Мемлекет басшы­сының шешімінің арқасында үстемеақылармен қатар, 9 мыңнан астам науқас медициналық кө­мекке әлеуметтік төлемдер алды. Сонымен қатар 2020 жылы дә­рігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, орта медициналық қыз­меткерлердің жалақысы 20%-ға өсті», деді министр.

Президент осы жылдан бастап дәрі­герлердің жалақысын кезең-кезе­ңімен көтеру және 2023 жылға қарай орта­ша жалақыдан екі жарым есе жоға­ры деңгейге жеткізу міндетін қой­ды. 2021 жылы 247 мың медицина қыз­мет­керлерінің жалақысын көтеруге 222 млрд теңгеден астам, 2022 жылы 362 млрд теңге, 2023 жылы 557 млрд теңге көлемінде қар­жы бөлу көзделген. Осы­лайша 2021 жылы дәрігерлердің орта­ша жалақысы шамамен 320 мың тең­гені құрайды. 2023 жылы бұл көрсеткішті 561 мың теңгеге дейін жет­кізу жоспарланған. 2021 жылы орта меди­циналық қызмет­керлердің орташа жал­ақысы 173 мың теңгені құрайды, 2023 жылы 210 мың теңгеге дейін жет­кізіледі. Бұған қоса 2022 жылдан баста­п ден­­саулық сақтау ұйымдарының меди­ци­на­лық емес қызметкерлерінің де жала­қысын көтеру мәселесі пысықталып жатыр.

COVID-19 бейдауа індет болған соң осы уақытқа дейін бұл аурумен күрестің жалғыз жолы сақтық шараларын қатаң ұстану ғана болды. Ал биылдан бастап індеттің таралуын біржола тыюға бастайтын вакци­налау басталып кетті. Бұл амал коронавируспен күресімізді әжеп­теуір күшейтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталды. Бірінші кезеңде ресейлік «Спутник V» вакцинасы сатып алынды. Рекордтық қысқа мерзімде Қарағанды фар­мацевтикалық кешенінің базасында «Спутник V» вакцинасы өндірісі жүзеге асырылды. Сондай-ақ сәуір айында өзіміздің отандық QazCovid-in вакцинасын қолдану жоспарланып отыр.

«Халыққа иммунопрофилактика жасау үшін біз e-gov mobile «Вакциналау» сервисін, sms-хабарламаларды, жеке каби­нетті пайдалану, сондай-ақ «Цифр­л­ық құжаттар» сервисіне вакцина­лау паспортын енгізу арқылы IT-тех­но­ло­гиялардың мүмкіндіктерін кеңі­нен пайдаланамыз. Вакциналау жүр­гізу туралы деректер министрліктің орталық­тандырылған ақпарат­тық жүйесінде электронды форматта жүргізіледі. Бұл вак­­циналанғандардың санын есеп­ке алуға және вакциналау көлемін жос­парлау мен сырқат­танушылықты болжау үшін болашақта халықтың им­мун­дық мәртебесін қадағалауға мүм­­­кіндік береді. Сондай-ақ ми­­нистрлік профи­лактикалық егу­лерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойын­ша стандартты операциялық рә­сім­дерді дайындады және бекітті. КВИ-ға қарсы вакциналау тактикасы және вак­циналаудың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. Бүгінде бүкіл әлем тек вакциналау бәрі­мізге карантинсіз таныс өмірге ора­луға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық өңір иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кү­шейтуі қажет», деді А.Цой.

«Үйренген жау атыспаққа жақсы» дегендей, жалпы жа­ғамыздан алған бұл жаманат індетпен қалай күресу керек еке­нін көпшілік түсіне бастады. Ай­на­ламыздағы адамдар бетперде тағып, арақашықтық сақтап, талап-тәртіпті ұстану, ауру жұқтырған күннің өзінде байбаламға салмай, ем-дом жасайтын дәрігерлерге жүгіну сияқты қарапайым ережелерді үнемі қаперінде ұстайды. Оның үстіне қазір бұрынғыдай емес екпе салдыруға ниеттілердің қатары да көбейіп келеді. Мұ­ның бәрі індет таралуын шектеп, эпидемиялық ахуалдың тұрақ­тануына ықпал етеді.

 

Пікірлер