Министр мұғалімдердің сын садағына ілінді

10053

Қазақстанда негізінен атаулы күндер аса талқыға түсе бермейді. Мереке күнін бар болғаны демалыс деп қана қарайтынымыз болмаса, сол күннің мәні мен мағынасына аса бас ауырта қоймайтынымыз шындық қой. Алайда биылғы 1 наурыз Алғыс айту күні  жұрттың басты назарына ілікті. Неге?

1 наурыз 2015 жылы «Алғыс айту» күні етіп белгіленгені мәлім. Көктемнің бірінші күні Қазақстанда жаппай алғыс айту күні емес, тарихи мәні күн болуға тиіс еді. Ғасырға жуық уақыт бұрын қазақ топырағына түрлі жағдайда қоныс аударып, осы жерді атамекеніне, Отанына айналдырған өзге ұлт өкілдері бар. Олар аз емес. Жүздеген өзге ұлт өкілдері мекендейді бұл қазақтың топырағында.  Міне, осы өзге ұлт өкілдері қазақ халқына ықыласын білдіріп алғысын айтады деп 1 наурыз күні белгіленген-ді. Алайда Қазақстанда бұл күні кім кімге алғыс айтты?

«Алғыс айтып қалар» деп күткен өзге ұлт өкілдерін күте-күте шаршады ма, биыл алғыс айтуды билік өкілдері өз қолдарына алды. Ең алдымен әрине, Елбасымыз жұртшылыққа рақметін айтып, ниетін жеткізді. Соңынан президент, әкім-қаралар мен шенеуніктер бұл кезекті жалғастырды. Осылайша қазақ қазаққа алғыс айтқан күнге айналды биылғы 1 наурыз. Ақыры, ешкім алғыс айтқысы келмесе, қарап отыра береміз бе деген шығар, кім білсін, әйтеуір шенді-шекпенділер үнсіз қалмады. Айтылған алғыстардың ішіндегі қызу талқыға түскен бір алғыс түрі бар.

Бұл Білім және ғылым министрінің мұғалімдерге айтқан алғысы болды. Министр Асхат Аймағамбетовтің ұстаздар қауымына білдірген ризашылығы, айтқан алғысы сол ұстаздар тарапынан сынға ұшырады. Бұл туралы мұғалімдер Facebook  әлеуметтік желісінде жазып, өзара пікірталас жүргізді. «Министрдің мұнысы несі? Мерекенің тарихи мәнін білмегені ме?» деген сұрақ төңірегінде басталған пікірталастың соңы «мейлі, алғысты кімге айтса да, артық болмас» деген шүкіршілікке шоғырланыпты.

Гүлнар Жумаева: «Бəріміз де осыны түсіндіре алмай өзара қырылысып жатырмыз.Негізі жоғарыдағы лауазым иелерінің өздері бұл күннің мəнін майыстырып алған- ау.Тарихи мағынасын ашып айтамын деп бомбалаудың астында қалдым, тілдеп жатырғандар да жеткілікті. Өте өкінішті».

Сырым Қасенов: «Өкінбеңіз, сіз биліктің, мәнсәптің бәйгесіне көкелерінің көлденеңнен қосып жіберген, „высший образованиесі” бар, тоқым мен ертоқымды, ашамайды ажырата алмайтын тақымы бос шабармандарының санасынан саңылау іздеп үйретіп отырсыз».

Бүгін мен бір мемлекеттік қызметкерді тексердім. Мен салған құттықтаудан артық құттықтау жіберді, ол адам осы құттықтаудың шығу тарихын, мағынасын міндетті түрде білу керек еді қызметіне байланысты, ұғып отырған жоқ.

Райсова Бахыткул: «Қазақ десе бәріміз кетеміз,бірақ өз қазағымыздан бұрын неге өзгелерді сыйлап,құрметтей береміз?Бұл да қан тобында сирек кездесетін ауру шығар ә?»

Молдир Жанбаева: «Басқа басқа ол кісі түсінеді! Алғыс айту артық етпейді. Енді өзге ұлт өкілдері Алғыс айтпай жатса, қайтеміз! Осы күні хотя бы бір бірімізге құрмет білдірейік!»

Sania Nusipali: «Мәселе олар алғыс айтуында емес. Білдей білім саласының бас ұстазы тарихи мерекеде бір түйір тарихи мазмұн қоспай алғыс айтқаны....»

Жанболат Тусупов: «Негізі бүгінгі күнді алғыс күні деп белгілегенде оның мақсаты бөлек еді.ҰОС-ның алдында, соғыстың алғашқы жылдарында Кеңес үкіметінің өзге өңірлерінен Қазақстанға күштеп зорлықпен қоныс аударылғандардың (депортация народов)сол кезде оларды құшақ жая қарсы алып, бір бидайды бөліп жарты бидайды жарып жеген қазақ халқына деген ыстық ықыласы болатын ... Жанымызға жақын жандарға күнде рахмет айтуға болады ...»

Айнұр Сабыр: «Тарихи мәнін түсінсе, сынып жетекшілерден жанын шығарып, оқушылардың алғыс жаудырған видеосын сұрамас еді. Елбасы о бастан солай дегенмен, жанындағылар қуғын-сүргінді саясиландырмаймыз деген желеумен, қазақтарға көрінгенге "алғыс айту" эстафетасын бастап берген де...»

Aktoty Tazhikenovna: «Балам сабақ өтіп жатыр Казахстан тарихын, сонда балалар мұғалімге алғыс айтып жатыр, сонда мұғалім түсіндірсе болады ғой окушыга бұл кымдер айтады, не ушин айтады, кимге айтады. Рақмет балалар деп, сабағын жалғастырды, сонда мұғалім тарихты білмейме? Былдей гимназия мектеп деп атайды. Уят екен.»

Райка Райхан: «Бұл күннің тарихын бəрі біледі түсінеді де Бірақ алғыс айтып жақсы сөз жақсы рілек тілегенде тұрған не бар Қазіргі кезде адам жан жылуын жақсы сөзден іздемей ме Күнделікті күйбең тіршілікте бір-біріне айта алмаған жақсы сөздерді арнайы осы күнде айтса несі бар еш сөкеттігі жоқ қой».

P.S Әлеуметтік желіде жазылған пікірлер сарыны осыған саяды. Ал сіз қалай ойлайсыз? Білдей бір министрдің атаулы күннің тарихи мәніне тоқталмай, мұғалімге алғыс айтқаны қаншалықты дұрыс?

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар