Ашуға тиген заң: Депутат “жәбірлеу” сөзінің ұғымын түсіндірді

795

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев балалар құқығын қорғау заңнамасына "жәбірлеу" ұғымы не үшін енгізіліп отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Барлығымыз талқылап отырған баланың құқығын қорғау мен оны қолдауға бағытталған заңдарға өзгерістер енгізу бойынша қоғамда түсініспеушілік туындап отыр. Оның басты себебі – әлеуметтік желіде және WhatsApp мессенджерінде жалған ақпараттың таратылуы, дәйексіз мәліметтердің халық арасында талқылануы", - деді Бейсенбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, көптеген қоғам белсендісі "жәбірлеу" деген түсінік қазақ дәстүріне қарсы енгізіліп отыр деп санайды.

  • "Олай емес, керісінше, баланы қадірлеуге, оны сыйлауға бағытталады. Білім беру мекемелеріндегі жәбірлеуді болдырмау және оған жауап беру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың маңыздылығын көрсетіп отыр. Мысалы, ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде оқушылардың 12 проценттен астамы жәбірленуі мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, өткен жылдың өзінде 143 жасөспірім өзіне қол жұмсаған болса, 306 жасөспірім сондай әрекет жасауға тырысқан, яғни, әлем бойынша біздің еліміз балалар арасындағы суицидтен алдыңғы қатарлардың бірінде тұр", - деп атап өтті Бейсенбаев.

Депутаттың сөзіне қарағанда, балалар құқығын қорғау бойынша кейбір заңнамалық актілерге толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасының жұмыс тобы өткен жылы мамыр айында құрылған.

Ал мәжіліс сайлауынан кейін жұмыс тобы қайтадан жасақталды. Оған 65 адам – депутаттар, психологтар, педагогтар, қоғам белсенділері, сарапшылар мен құқықтанушылар кіреді.

"Қаңтар айынан бері үш отырыс өтті. Жұмыс тобының әрбір отырысы парламент мәжілісінің ресми сайтында ашық көрсетіледі. Оны әрбір азамат көре алады. Қазіргі уақытта үш кодекске және алты заңға 35-тен астам түзету енгізу ұсынылды. Ал "жәбірлеу" түсінігін жұмыс тобы тек ұғым ретінде енгізуді қарастырып отыр, яғни, тек алдын алу шараларын ұйымдастыру, балалар арасында профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін қажет", - деп атап өтті Бейсенбаев.

Сондай-ақ, заң аясында алдын алу шараларын бір жүйеге келтіру жоспарланған. Себебі жәбірлеудің арты кибербуллингке ұласып жатады. Баланың жеке басына қатысты мәселелер әлеуметтік желіге де салынады.

"Сосын бұл түсінік бойынша ешқандай әкімішілік немесе қылмыстық іс-әрекеттерді енгізу жоспары жоқ, яғни, түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Кінәлілерді анықтау қарастырылмаған. Осыны бірден айтып қояйық", - деді Бейсенбаев.

Бүгінде "жәбірлеу" ұғымын енгізу бойынша арнайы талқылау алаңы да құрылған. Негізгі мақсат – түсінікті әрі жан-жақты ақпарат беру.

Пікірлер
Редакция таңдауы