Атырауда «30 қайырымды игі іс» республикалық марафоны басталды

804

1 наурыз - Алғыс айту күніне орай «30 қайырымды іс» республикалық марафоны басталып, аз қамтылған отбасыға бір пәтер, 700 отбасыға жылдық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін алғашқы сертификаттар тапсырылды.

Іс-шарада Алғыс айту күнімен құттықтаған Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өңір халқына алғыс айтты.

 

«Құрметті жерлестер, Сіздерге мың алғыс! Бүгін бірнеше маңызды даталар тоғысқан күн. 1 наурыз – тек «Алғыс айту» мерекесі ғана емес, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Nur Otan» партиясының да құрылған күні. Сондықтан да маңызды күннің мәртебесі әрдайым арта берсін! Аталған құрылымдар Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы үшін ерекше рөл атқарды. Олардың мемлекет саясатын жүргізудегі, сондай-ақ елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы алар орны ерекше»,- деген Махамбет Досмұхамбетов биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында қайырымдылық марафоны басталғанын және барша атыраулықтарды осы игі іске атсалысуға шақырды.

Сонымен қатар, өткен жыл күллі әлем үшін де, еліміз үшін де күрделі сынақтарға толы болғанына тоқталған өңір басшысы төтенше жағдай кезінде атыраулықтар қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсеткенін ризашылықпен атап өтті. Сосын бірқатар ірі компанияға, медицина мен әлеуметтік сала қызметкерлері, құқық қорғау органы өкілдері, еріктілер, меценаттар сондай-ақ мұғалімдер және өзге де атсалысқандарға арнайы ризашылығын жеткізді.
Өз кезегінде Қазақстан халқы ассамблеясының Атырау облысындағы этномәдени орталығы «Тхоньил» кәріс этномәдени бірлестігінің жетекшісі Людмила Валентиновна Ассамблеясының негізін қалаған Елбасына, ынтымағы жарасқан Қазақстан халқына алғыс айтты.

Аталған іс-шара шеңберінде қала сондай-ақ аудан әкімдері жергілікті кәсіпкерлер арқылы аз қамтылған 700 отбасыны жылдық азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін алғашқы сертификаттар табыс етілетінін хабарлады. Ал ондаған жыл бір бөмелі үйде тұрып келген жеті балалы отбасыға демеушілік арқылы Атырау қаласынан 2 бөлмелі пәтердің кілті берілді.
Сонымен қатар, «Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Атырау облысы іскер әйелдер қауымдастығы» төрайымы Гүлжан Мұхатаева екі жасөспірімнің еміне және мүмкіндігі шектеулі медицина қызметкеріне қаржылай қолдау білдіріп, сертификаттар табыстады.

Ал, қайырымдылық марафоны шеңберінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұжымы онкологиялық сырқатпен ауыратын балалар үшін облыстық балалар ауруханасына 5 дана планшет табыс етті.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар