Атырауда жедел жәрдем қызметкерлері әйелді үйінде босандырып, егіз қыздың өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Ақпаратқа сәйкес, Атырауда жедел жәрдем қызметіне босанғалы жатқан жүкті әйелден шақырту түскен. №9 бригада шұғыл түрде оның үйіне жеткен.
Жедел жәрдем фельдшері Эльвира Каримованың айтуынша, бригада тексеруге келгенде әйел босанып жатқан. Сондықтан фельдшерлер дереу іске кіріскен.
«Бірден әйелді босандыра бастадым. Алдымен қыз дүниеге келді, мен баланың кіндігін кескенде, босанған әйел оның егізі бар екенін айтты. Қатты абдырадым, себебі 11 жылдық тәжірибемде бірінші рет осындай жағдай болды»,-дейді Эльвира Каримова.
Олар әйелді аман-есен босандырып алған. Жедел жәрдем егіз балаларын құшағына алған анасын дереу облыстық перзентханаға алып барған.