«Жұлдыздардың» жұртқа жаны ашымай ма?

3403

Өзінің әлеуметтік желі парақшасында әнші Жазира Байырбекова «қазақтың тең жартысы қайыршыға айналып жатқандай» деп, ендігі жерде көмек сұрағандарға қол ұшын созбайтынын жазды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

 «Осыдан бірнеше жыл бұрын жағдайын айтып,көмек сұраған адамдардың хатын оқып,жылап,ұйқым қашып ауырып қалатынмын.Қазір өзімді сақтау үшін мән бермеуге тырысып жүрмін.Хаттарды көреміз.Тоқталып оқымаймыз.Өйткені күнде 40-50 ден аса хаттар,қоңыраулар күннен күнге көбеюде.
Біреуі ұрсып сұрайды,біреуі қарғап сұрайды,біреуі жалынып сұрайды,біреуі шын мұқтаж,біреуі алдап сұрайды,біреуі міндеттісің деп мәжбүрлегісі келіп тістелеп сұрайды.
Қазақтың тең жартысы қайыршыға айналып жатқандай көрінеді.
НЕГЕ???
Басқа елдерде де осылай ма екен?!
Әлеуметтік желіге кіре алмайтын,кіруге ақшасы да уақыты да жоқ мұқтаж жандар қаншама.
Қайырымдылықты кімге,қай кезде жасайтынын әр адам өзі шешеді.
Мен инстадағы көмек сұраған хаттарды оқымаймын енді.
Арнайы қайырымдылық қорларына жазыңыздар» деп жазады әнші Жазира.

Өнер жұлдызының бірі, халықтың сүйікті әншісінің бұл жазбасы оқырмандарының бірін ойлантса, енді бірі әншінің бұл пікірін қолдайтынын білдіріп жатыр. Саралап көріп, ұққанымыз Жазираның бұл жазбасына қатысты «халық расымен кедейленіп барады. Билік басындағылар халықтың несібесін жеп қойды» деген және «алақан жайып, ақша сқрауды әдетке айналдырған адам көбейді. Егер шын мұқтаж болса, әлеуметтік желіде отырмайды» деген пікірлер басым екен.

Солардың ішінде бір ғана пікір ерекше назар аудартты. ДЦП дертіне шалдыққан баласының әрбір еміне жүздеген мыңның дәрісін алу өте қиынға соғатынын, сондай кезде амалсыз алақан жаятынын жасырмай жазған келіншек тұтас қазақтың қайғысын жеткізгендей көрінді. Қазақ ұлты намысын бәрінен биік ұстаған текті халық еді. Соңғы уақытта алақан жайып, көмек сұраудан арланбайтын халыққа айналды. Неге? Өйткені солай етуге мәжбүр. Көз алдында ажалмен арпалысқан баласы қиналып жатқанда, ар-намысты ойлап отыру мүмкін бе?

Осындай қиындықтың қылбұрауы қыса түспесе, қазақтың баласы қайыр сұрамайтыны сөзсіз. Әрине, оңай ақшамен қарын тойдыруды ойлайтын алаяқтардың барын жоққа шығармаймыз. Алайда қазіргі қоғамды қайыршыға айналдырған ең басты мәселе – мәжбүрлік. Баласының, ет жақынының жаны қыл ұшында тұрғанда ештеңеден тайынбай, жақынын ажалдан арашалағысы келетін кез келген адам алақан жаюға мәжбүр.

Олай болса, егер шамаң жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа? Бұл өмір дүние жинау үшін берілмегенін ескерсек, бұл жалғанға тек жақсылық жасауға келетінімізді ұмытпасақ екен. Ал қарапайым халықтың қолдауының арқасында өнер жұлдызына айналған қауымның көмек сұраған халқынан теріс айналуы бұл қоғамның келесі бір жарасына айналмасына кепілдік жоқ қой.

 

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар