Шымкентте 9 сынып оқушысы 42 жастағы азаматты ұрып өлтірген

2772
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте мектеп оқушысы сыныптасының әкесін ұрып өлтірді. 15 жастағы балаға марқұмның «қызыма тиіспе» деп ескерткені ұнамаған көрінеді.

Ересек адамның сөзіне кек сақтап қалған 9-сынып оқушысы 42 жастағы азаматты көшеде күтіп тұрып, таспен ұрып құлатқан. Сосын әбден тепкілеген, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы  КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ал оның жақындары күдіктінің жанында сыбайластары болған деп отыр.

Зияфат Ыдырысовтың қайтыс болғанына жақындары сене алмай жылайды. Жеке шаруасымен көшеге кеткен 42 жастағы азаматтың денесі түнде үйінің маңынан табылды. «Бас сүйегінің мылжа-мылжасы шығып, соңғы демін алып жатқанда ғана көріп үлгердік», – дейді туыстары. Ал оның алдында сол маңда үш-төрт жеткіншектің топтасып тұрғанын көргендер бар. Олардың таяқ ұстап тұрғанын да байқаған.

«Бет-аузының бәрі қан. Сау-тамтығын қалдырмай ұрып, тіпті қабырғаларын сындырып тастаған. Таспен де, таяқпен де, тіпті кетпенмен де ұрған. Енді артында қалған ұл-қызын кім асырап, кім жеткізеді?», – дейді марқұмның қарындасы Севда Ыдырысова.

Зияфатты өлтірген 9-сыныптың оқушысы болып шықты. Ол марқұмның қызымен бір сыныпта оқиды екен. 15 жастағы Пардамбек Сайыпов қыздарға қырғидай тиетін бұзықтау бала болған. Одан жәбір көргенін қызы бірнеше мәрте әкесіне айтып барыпты. Сондықтан Зияфат «қызымнан аулақ жүр» деп жасөспірімге ескерту жасаған. 9-сынып оқушысы осыған кектенген болуы мүмкін.

«Ол баламен 4-сыныпқа дейін бір партада отырдым. Бірінші сыныптан бері маған да, басқа құрбыларыма да тыныштық бермейтін. Бізге боқауыз сөз айтып, аяқтан шалып құлату оған күнделікті нәрсе. Мен түгілі, өзге қыздар да ол туралы ата-анасына талай мәрте шағымданған. Бірақ оған бәрібір», – дейді марқұмның қызы Хаяла Нариманова.

№55 мектеп басшылығы Пардамбек Сайыповқа шаң жуытпады. Осыған дейін бұзықтығын не мұғалімдер, не мектеп психологы байқамапты. «Осы жағдайдан кейін жоғары сынып оқушыларына беймезгіл уақытта көше кезуге тыйым саламыз», – дейді мектеп директоры.

«Ата-ана, оқушы тарапынан ондай шағым түскен емес. Айтып тұрмын ғой, орта білімді қарапайым бала».

Кісі қанын жүктеген жасөспірім қазір қамауға алынды. Оқиға орнына жеткізіліп, әкесіндей адамды қалай ұрып өлтіргенін де көрсетіп берді. Оны марқұмның туыстары таспаға түсіріп алған. Бірақ полицейлер бұл туралы мардымды ештеңе айта алмай отыр.

Сыныптасының әкесін ұрып өлтірген оқушыға қандай баппен іс қозғалғаны белгісіз. Сондай-ақ марқұмның туыстары айтқандай, қылмысқа өзге сыбайластары қатысқан ба, жоқ па, оны полицейлер айта алмайды. Қазір жалғыз күдікті қамауда, ал марқұмның денесі жер қойнына тапсырылды.

Пікірлер