3 баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен жүргізуші ұсталды

1998
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында кәмелетке толмаған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды,  деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Күні кеше әлеуметтік желі арқылы 14 ақпанда Түркістан облысы Жетісай ауданында жасы кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алып, оған кінәлі күдіктінің іздестіріліп жатқаны туралы ақпар таратылған болатын. Бүгін  жергілікті полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталды.

Нақтырақ айтар болсақ, 14 ақпанда Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақаттарымен үш бірдей кәмелет жасына толмаған балалардың жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай қаласындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, үш жасөспірім баланы соғып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасағанын анықтады.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш бала да ауруханаға жеткізілді. Яғни 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақаттарымен емханада ем қабылдаса, небары төрт жастағы бүлдіршін ауыр дене жарақатының салдарынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды.

Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде екі бірдей баппен, ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың “Ауди-100” маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжанып, іздестірілу жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды. Нәтижесінде оқиғаға қатысты күдікті ретінде жасы қырық шамасындағы Жетісай қаласының жергілікті тұрғыны құрықталды. Полицейлердің көлікке қатысты жасаған болжамы да расталып, күдіктінің “Ауди 100” маркалы автокөлігі бар екені анықталды.

Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауда, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал көлік айыптұраққа қойылды. Сараптамалар тағайындалды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер