Міржақыптың «математика мектебі»

5130
Adyrna.kz Telegram

Бізге бәрінен бұрын белгілі математика оқулығы – қазақтың бірінші романын дүниеге әкелген Міржақып Дулатұлының 1914 жылы Орынборда жарық көрген, бастауыш мектептің екі жылдығына арналған «Есеп құралы». Бұл еңбек туралы тырнақалды пікір іле-шала «Айқап» журналының сол жылғы 19-санында басылған. Ал Кеңес өкіметі тұсында оның «Есеп құралы: бірінші жылдық» (Орынбор, 1922), «Есеп құралы: екінші жылдық» (Қызылорда, 1927) атты оқулықтары жарияланды.

Міржақыптың 1922 жылы басылып шыққан оқулығы: «Міне, менің қолымда бір асық, бұған тағы бір асық қостық, сонда неше асық болды?», – деп басталады. Ә дегенде көңіліңді баурайтыны, Алаш ардагерінің математикалық мысалдары ел тұрмысына, халықтың салт-санасына жақын. Төрт амалды үйреткенінде малсақ қазаққа етене төрт түліктің баршасының атауын кездестіресіз.

Айталық, есеп шартындағы сұрақтарының өзі былай болып келеді: «Ахметжанның үйі соғымға неше мал сойды?», «Жылқыбайдың жылқысы неше үйір болды?», «Молданың неше қойы қалды?», «Нарбай үйі неше бие сауады?», «Сағынбай қалыңмалға неше түйе берді?» т.с.с. Қазір мүйізіне қарап, ешкі мен сиырды ажырата алмайтын урбанизация перзенттеріне жаратылыстану пәні ретінде, әйтпесе этнографиялық дүние есебінде оқытса да жарайтындай.

Елдің үй-жайынан бастап, тұтынған бұйымы, ілген киімі, ішкен сусыны, жеген тағамы да ұмыт қалмайды. «Етікші екі жұмада неше пар кебіс тікті?», «Үйдің тұрқы неше кез?», «Қойшыбайдың үйі барлығы неше киіз басты?», «Сұлушаштың қанша ақ шыны-аяғы бар?», «Тайынша терісі қанша тұрады?», «Енді әрқайсысында қанша сақина болды?» т.с.с. Неткен ұлттық колорит деп қайран боласың. Есептің қисынын мектептің тар бөлмесінде емес, кең сахарадағы тіршіліктің ішінде жүріп үйреніп жатқандайсың. Оның үстіне тіл байлығы құнарлы, бояуы қанық. Жаңа заман белгілерін де тысқары тастамайды. «Отарба екі сағатта қанша шақырым жүрді?», «Пойызбен салыстырғанда айырпланның ұшқырлығы неше шақырым артық?» деген сипаттағы есептік сауалдар – соның айғағы.

Ал, бүгінгі әдіскерлеріміз әзірлеген екінші сыныптың математикасы: «Бекжанда 9 фломастер, ал Әлиде 6 фломастер болды. Әлиге қарағанда Бекжанның неше фломастері артық?» деп басталады. Бірінші сыныптың оқулығының қарапайым санақтағы азды-көп санаға сіңіргендегі айтатыны мынау: «Не артық – кружкалар ма немесе тәрелке ме? Не кем – қасықтар ма немесе тәрелкелер ме?».

Тіпті үлкеннің миын ашытып жіберетін осындай бытпырақ тілде балаларымыздың қинала есеп үйреніп, академик Мұхтарбай Өтелбаев пен профессор Нұрлан Темірғалиевтың жолын қуамыз деген жанкешті ұмтылыстарына риза болмасқа шараң жоқ.

Ендеше, ұлт азаттығының манифесі – «Оян, қазақты» жазған ардақтымыздың осы «Есептану құралдарын» бастауышта оқитын желкілдеген жас ұрпаққа қосымша оқулық етіп енгізсек, олардың математикалық санасы сергіп, ойы ояна түсер ме еді деген үміт қиялыңды қозғайды. Өйткені тағы да сол Мұхтарбай ағамыз айтпақшы, «математиканың даму деңгейі – халықтың интеллектісінің ең дәл көрсеткіші».

Сөйтіп, өткен ғасырдың 20-30 жылдары есептанудан оқулық жазушы азаматтардың алдында Міржақыптың математикалық мектебі тұрды.

Әр түрлі пәндер, оның ішінде математика бойынша оқулықтар жазу жүйесіз жүргізілді десек, қателесеміз. Архив құжаттарының бұған байланысты дерегі мен дәйегі жеткілікті. 1920 жылғы 2 желтоқсан күні Қазақ АКСР-і Мемлекеттік баспасының жанынан құрамына Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Смағұл Садуақасұлы, Хайретдин Болғанбайұлы және Жүсіпбек Аймауытұлы кірген редакциялық алқа жасақталды. Араға көп уақыт салмай, 1921 жылғы 31 қаңтарда аталған алқа мүшелері Халық ағарту комиссариатымен бірлескен мәжіліс өткізіп, 1-ші және 2-ші басқыштағы қазақ мектептері үшін оқулықтар әзірлеу мен оларды орыс тілінен тәржімалау жөнінде мәселе қарады. Нәтижесінде нақты қаулы қабылданды. Тиісінше тапсырмалар берілді. Авторлар айқындалды, мерзім белгіленді.

 

Алаштықтар сала-сала бойынша берекелі іске белсене кірісіп кетті. Мысалы, тумысынан тамаша лингвист Елдес Омарұлы математика, алгебра, тригонометрия, геометрия оқулықтарын орыс және немiс тiлдерінен (оның жұбайы дойче жұртының қызы еді) қазақшаға аударып, өз тарапынан өңдеді.

Бүгінгі күні қолданыста жоқ диагональ – қия, диаметр – өре, параллелограмм – қиықша, ось – белдік секілді қызықты тәржімалардың қатарында оның геометрия – пішіндеме, трапеция – қостабан сияқты аудармалары кездеседі.

Елдестің бастан кешпеген тауқымет-теперіші жоқ. Әдебиетші-ғалым Тұрсын Жұртбайдың зерттеулеріне сүйенсек, қуғын-сүргінге ұшыратқан кезде Елдестің топас тергеушілері оның алгебра оқулығының қағазға қатталған формулаларын «шпиондық шифрлар» деп бәле жапқан екен.

Әлімхан Ермеков негізін қалаған Қарқаралы педтехникумында мұғалім болып істеген көрнекті ағартушы, жүйрік публицист Мәннан Тұрғанбаев та «Есеп» атты аударма оқулық әзірледі.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 1924 жылы жазып бітіргенімен, қолжазба күйінде ғана жеткен «Алгебра» оқулығы қайбір жылы Еуразия университетінде тұңғыш таныстырылып, қалың елмен қауышты.

Сол заматта Түркістан республикасындағы қазақ қайраткерлері де осы бағыттағы бастамадан құлағдар етілді.

Оңтүстік өңірде Қазақ білім комиссиясының тапсырмасымен алғашқы математика оқулығын даярлағандар – тағы да Алаштың асыл азаматтары Сұлтанбек Қожанұлы мен Кәрім Жәленұлы. Алғашқысының «Есептану құралы» Ташкентте 1924 жылы жарық көрсе, кейінгісінің «Есептану жобасы», «Есептану. Бөлшек сандар» кітаптары сол шаһарда бір жыл бұрын – 1923 жылы жұртшылықтың қолына тиді. Кәрімнің есептану құралдары сол тұста қырғыз тіліне аударылып, туысқан халықтың бастауыш мектептерінде басты оқулық ретінде кәдеге жаратылды. Сұлтанбектің «Есептану құралын» араб қарпінен кириллицаға көшіріп қойғанбыз. Орайы келсе, жарық көріп қалар деген дәмедеміз.

 

Міржақыптың сүйектесі әрі серіктесі болған айтулы Әлмағамбет Қасымовтың 1926-1931 жылдар аралығында Қызылорда қаласында 4 жылдық «Есеп құралы» қайта-қайта басылып тұрғандығынан көпшілігіміз бейхабармыз. Бұл кісінің еңбектері де зерттеусіз жатыр.

Біз жоғарыда есімдері мен еңбектерін атаған арыстарымыздың бірде-бірі 1937 жылғы сталиндік қанды қасаптың құрығынан аман құтылған жоқ. Түгелдей бақилық болды. Қазақтың тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермеков – сол қиямет қырғыннан тірі қалған санаулылардың бірі. Сондықтан ұлы тұлғаларымыздың ұлағаты оның бекзат бітімі мен болмысы арқылы беріге жетіп, сәулелі ұрығын септі. Үш рет сотталып, жиырма жылға жуық ғұмырын тас қапаста өткізсе де, адамшылығынан, азаматтығынан, алашшыл аңсарынан айнымады.

Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Әдебиет танытқышында» роман жанрын «ұлы әңгіме» деп атайды. Міне, Әлімхан да «высшмат», яғни «высшая математика» пәнінің атын сол кездегі қазақ тілінің мазмұндық мәйегіне сәйкес «Ұлы математика курсы» деп әспеттеп аударады.

Оқулық аналитикалық геометрия мен дифференциал және интегралдық есептеу негіздерін қамтыған. «Детерминант теориясының элементтері» қосымшасынан бөлек, бұл еңбек «Координат методы», «Функциялық байланыс және оны көрсету тәсілдері», «Сызықтық функция», «Екінші реттік қисықтар», «Кеңістіктегі координат методы», «Жазықтық», «Түзу сызық» деп аталатын 7 тараудан тұрады.

Кітап Қызылорда қаласында 1935 жылы жарық көрген. Жоғары техникалық оқу орындары мен педагогикалық институттарға арналған. Таралымы – 3500 дана.

Әлімхан 1936 жылы «Қазақ тілінің математика терминдері» атты түсіндірме сөздік те шығарыпты. Өкінішке қарай, оның түпнұсқасы әлі табылған жоқ. Ғалым 1948 жылы «Халық мұғалімі» газетінде жарияланған «Емле мен терминологияның кейбір мәселелері» атты мақаласында: «Қазақтың байырғы тілінен: нүктелер, іргелес бұрыштар, сыбайлас бұрыштар, тең бүйірлі үшбұрыштар, түзудің берілген кесіндісі, ортақ төбелі бұрыштар, үшбұрыштың қабырғалары мен бұрыштарының арасындағы тәуелділік, шеңбер, қиюшы, түйіндесу, аудан, дөңгелек, түзулер, бұрыштар, амалдар, т.б. алынды. Осындай терминдердің жиындысы математика ғылымының бір саласы – геометрияның терминологиясы болды, ондай терминдерді советтік қазақ мектептерінде қазақ балаларын оқытқанда қазақ тілінде қолданып, оқушыларға ғылымнан нақты білімдер беріп жүрміз деп әбден айта аламыз және осылай деуге тәжірибеміз, ақыл-ой еңбегіміздің, зерттеу, қарастыру істеріміздің нәтижелері толық көрсетіп отыр», – деп пікір-пайымын тарқата жазды.

«Ат аунаған жерінде түк қалады» демекші, Әлімхан Ермеков әр жылдары тағдырдың тақсыретін тарта жүріп, Қарағандыда тұрақтағанға дейін – Ташкенттегі, Алматыдағы, Куйбышевтегі, Шымкенттегі ірі оқу ордаларында оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. Ізгі жанның іздері олардың қай-қайсысында да сара жолдай сайрап жатыр деуге болады.

Әлімханның 1921 жылы Қарқаралыда екі басқышты мектеп пен педагогикалық техникумның ашылуына мұрындық болуы – кемел қайраткерлігінің бір көрінісі. Аттары алты алашқа мәлім Ақжан әл-Машани, Орынбек Жәутіков, Шапық Шокин секілді ғұламалар осы оқу орнынан түлеп ұшқаны белгілі. Бұл – бөлек әңгіменің желісі болуға лайық тақырып, әрине.

Қазір Әлімхан Ермековтің «Ұлы математика курсының» бір данасы Семейдегі Абай атындағы облыстық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақтаулы екен. Оның қазыналы мұрасының Алаштың туы тігілген қаланың қойнауында жоғалмай жетуінен әлдебір символдық сипат белгі беретін сияқты.

Бұл – Әлихандар мен Әлімхандар рухының өшпестігінің, өміршеңдігінің, өрістестігінің дәлелі.

Амантай ШӘРІП 

Пікірлер