Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томнан тұратын тарихи-құжаттық жинағын саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының мүшелері С. Қожықова, Г. Кемеңгерова, М. Айбасова, Ш. Ташимоваларға және қоғам төрағасының орынбасары жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Қойшыбаев, Жаңалықтағы «Саяси қуғын-сүргін» құрбандарына арналған музей директоры М. Мұсабаев, қоғамның атқарушы директоры А. Беркімбайға арнайы тапсырды.
Бұл жинақ Мемлекеттік кеңесші Е. Қариннің жалпы редакциясымен жарық көріп, академик М. Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен жүзеге асырылған зерттеу жұмысының нәтижесі болып табылады. Ғылыми жобаны орындауға 35 тарихшы-ғалымдар, археогравтар, архившілер, соның ішінде ҰҒА академиктері Х. Әбжанов, З. Қабылдинов, тарих ғылымдарының докторлары Б. Жангуттин, Қ. Әбілғазинов, саяси ғылымдарының докторы Г. Нұрымбетова, тарих ғылымдарының кандидаттары М. Қалыбекова, З. Мырзатаева, Е. Сыздықова, А. Өтеғалиева, М. Иембекова, Д. Қасымова Т. Рысқұлов және басқа да амандар қатысты.
Жинақ ІІМ, ҰҚК арнай мемлекеттік архивтерінде сақталып келген ХХ ғасыр саяси қуғын-сүргінге қатысты құжаттар негізінде құрастырылған. Жинаққа бұған дейін жарияланбаған 3000-нан астам құжат, оның ішінде фотосуреттер енгізілді.
Жинақтың жарық көруі Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісіне қосылған маңызды үлес болып табылады. Жинақ бүгінгі қоғамды демократияландыру мен әділеттілік ұстанымдарын нығайтудың айғағы ретінде төл тарихымыздағы ақтаңдақтарды жоюға және ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға елеулі ықпал етеді, - деп атап өтті Президент Архивінің директоры Ә. Мұстафина.
Тарихқа тағзым шарасының жалғасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама кітап ісі комитетінің «Орталық мемлекеттік архив» республикалық мемлекеттік мекемесі тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Тұрсұнның, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының ғылыми хатшысы С.Қ. Қожықованың және Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ докторанты Х. Астың құрастыруымен жарық көрген «Қоңырқұлжа Қожықов – Ұлттық элитаның көрнекті өкілі» және «Қ. Қожықов шығармалары» атты кітаптардың таныстырылымымен жалғасты.
Алаш қайраткері, ағартушы, саяси қуғын-сүргін құрбаны Қоңырқұлжа Қожықовтың өмір жолын бүгінгі ұрпаққа насихаттау, тағылымға толы қызметі мен шығармашылығын архив құжаттары негізінде талқылау болды. Шараға ҚР Ғылым академиясының академигі, «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының төрағасы Х. Әбжанов, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Қойшыбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Тұрсұн, Қ. Қожықовтың немересі С. Қожықова, режиссер Х. Омаров Қ. Қожықовтың тұлғасы туралы толымды ойларымен бөлісті. «Орталық мемлекеттік архив» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Қ. Шілдебаев шараны жүргізіп отырды.
Б. Қойшыбаев Қоңырқожа Қожықовтың тұлғасын алғаш 1990 жылдары саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтай бастағанда уақытта зерттеп-зерделей бастаған. Осы зерттеу еңбектерінде Қ. Қожықов туралы мәліметтер береді. Қоңырқожа Қожықов 1880 жылы бұрынғы Ақмешіт, Перовск, қазіргі Қызылорда қаласы түбіндегі Қоғалыкөлде туған. Ауыл молдасынан сауат ашқан, қаладағы қазақ-орыс мектебінде оқып, Ташкенттегі Түркістан мұғалімдер семинариясына түскен.
Осы орыс оқуын 1900 жылы бітіріп, шын мәніндегі ағартушылық қызметпен шұғылдануға кірісті. Перовскіде теміржол жұмысшылары мектебінде сабақ берді. Тыңдаушыларына Бірінші орыс революциясы оқиғалары жөнінде еркін пікір айтам деп, полиция қадағалауына ілікті. Біраз уақыт Қоғалыкөлде ашылған жеке мектепте бала оқытты. Сосын Түркістан қаласы түбіндегі Қарнақта, одан қазіргі Өзбекстандағы Әндіжанда империя мүддесі үшін ашылған орыс-түзем оқу орындарында мұғалім, мектеп меңгерушісі болған. Педагогикалық қызметті Ақпан революциясына дейін атқарды, әрі оған үлкен жауапкершілікпен қарады.
Алыс Қырымдағы Бақшасарайдан «Тәржіман» газеті арқылы жетіп жатқан оқушыларды жаңа әдіспен оқыту мәселесі ХХ ғасырдың басында түркістандықтарды да жайбарақат қалдырмаған еді. Мұсылмандық діни білім беру ісіндегі революциялық бағыт, яғни мектептер мен медреселерде зайырлы ғылым негіздерін де оқыту мәселесі Қоңырқожаға үлкен ой салады. Содан ол өлкеде өрістеген жәдидшілер қозғалысын жақтайды. Соған орай бірінші кезекте мектеп-медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде Құранды үйретуге негізделген бағдарламаны қарастырып, қазақ балаларының сауат ашу тәжірибесін зерттейді. Зерттей келе, ағарту ісіндегі көп кемістіктің қазақ тілінде арнайы жазылған сауат ашу кітабы жоқтығына байланысты екеніне көзі әбден жетеді.
Қазақ балаларының мектепте екі-үш жыл, тіпті одан да ұзағырақ оқығанмен, әрең хат танып, зорға жаза алатын болып шығатынының себебі қазақтың өз тілінде жазылған әліппе кітабының болмағандығынан деп табады. Молдалардың да балаларға қазақша жазуды үйрете алмауы қолдарында сауат ашуға лайықталған қазақша кітаптары болмағандықтан деп түйеді. Сондықтан да хал-қадерінше, сол жоқтың орнын толтыруға тырысады. Сол мақсатта алғашқы қазақ әліппесін жасайды. Бұл Қоңырқожа Қожықұлының патшалық Ресей заманында өзін жаңашыл педагог ретінде танытуы еді.
Ол өзінің «Әліппе» кітабында араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен, жүйелеп көрсетеді. Өзі ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң, Құран әліппесін оқыса», балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтады. Әліппенің хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтар, әңгімелер, өлеңдерді топтап, оқуға лайықтап береді. Жасаған әліппесі алғашқы тәжірибе болуы себепті, сын-ескертпелер тыңдауға әзір екенін ескертеді. «Егер де біздің алашқа ұсынған жәдидіміздің не артық, не жетпеген жерлері болса», ой-пікірлерін тікелей, не хат арқылы білдіргендерге «көптен көп алғыс айтамыз» дейді.
Ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың қазақ мектептеріне арналған «Әліппе» кітабы Түркістан генерал-губернаторлығының оқу бөлімінде қаралып, бастыруға рұқсат берілді. Содан ол «Әліппе» кітабының қолжазбасын Орынборға алып барды да, сондағы белгілі қаламгер, саяси қайраткер және баспагер Фатих Каримидің баспасынан шығарды.
Қоңырқожа Қожықов сол баспадан ұзамай жарық көрмек «Оқу құралының» авторы, болашақ «Қазақ» газетінің редакторы және ірі лингвист-ғалым, сол шақта Орынборда тұрып, газет шығару үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқан Ахмет Байтұрсыновпен кездеседі. Олар жақын танысып, ел болашағы хақында көп пікірлеседі. Қоңырқожа Түркістан өлкесінің қазақтары мен өзге де жергілікті халықтарының Мемлекеттік дума жұмысынан шеттетілуін нағыз әділетсіздік деп бағалап, патшаның әділетсіз жарлығының күшін жою жолында ұйымдастырылған іс-шараларға қатысып жүретін. Осы реттегі оның пікірі Дала өлкесінің күрескер өкілі Ахмет Байтұрсыновтың тарапынан да қолдау тапты. Содан олар екеулеп қорытқан ойларын сондағы өзге де қандастарымен пысықтады, сосын Орынбор губерниясындағы мұсылман қауымының сайлаушыларына арнап қазақтар атынан ашық хат жазды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін ол біржолата қоғамдық-саяси жұмыстарға ауысты. Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, оған жетекшілік етті. Жаңа саяси жағдайға орай Ташкентте орын алып жатқан қоғамдық қозғалыстарға қатысты. Сәуірде өткен мұсылман съезінде құрылған Ұлттық орталықтың төрағасы Мұстафа Шоқай басқарған жұмысына белсене атсалысты. Тамыздағы Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналысқа депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Қараша айында Қоқан қаласындағы Төтенше мұсылмандар съезі жариялаған Түркістан автономиясын басқару үшін құрылған Уақытша Ұлттық кеңестің мүшесі және жауапты хатшысы болып сайланды. Алайда өлкеде Кеңес өкіметі орнағанын жария еткен Ташкент большевиктері қарулы күшпен Қоқанды қанға бөктіріп, автономияны құлатты.
Оның жұбайы Ләтипа Мұңайтпасқызы Лапина-Қожықова жастайынан қолөнер шебері ретінде танылған ісмер, әуезді дауысы бар әнші еді. 1921 жылы Ташкентте жиі өтіп тұрған Шығыс кештеріне қойылым әзірлеу барысында талантына куә болған Дінше Әділов 1925 жылы оны Қызылордада жаңадан құрылып жатқан Ұлт театрына жұмысқа шақырды. Содан Ләтипа кәсіби сахна өнерінің негізін қалаушылардың біріне айналды. Ол кейінірек, 1933 жылы музыка театрының да іргетасын қаласты. Опера театры өнерпаздарының құрамында 1936 жылы Қазақ Республикасының Мәскеудегі онкүндігіне қатысты.
Қолданбалы өнердің майталман шебері ретінде ол әр кезде биік деңгейдегі құрметті қонақтарға сыйға тартылатын ұлттық көркем бұйымдарды мемлекеттік тапсырыс бойынша жасап жүрді. КСРО Суретшілер одағының мүшесі болды.
Қоңырқожа мен Ләтипа Қожықовтардың балалары да қазақ өнері тарихында өзіндік мәртебелі орындар иеленген белгілі тұлғалар болды. Қожахмет – қазақтың алғашқы кескіндемеші, карикатурашы, суретші-графигі, Құлахмет – тұңғыш театр және кино суретшісі, график, Нұрахмет – мүсінші-монументалист, Сұлтанахмет – атақты кинорежиссер ретінде мәлім. Қожықовтар әулеті, сөз жоқ, республиканың өнері мен мәдениеті тарихында өшпес із қалдырды, дегенмен әулет мүшелерінің қай-қайсысы да өздерінің мүмкіндіктерін мейлінше ашып көрсетті деп айта алмасақ керек. Өйткені саяси қуғын-сүргін науқаны оларды айналып өткен жоқ.
Қоңырқожа Қожықұлы 1938 жылы Алматыда атылады. Артында төрт ұлымен қалған жары Ләтипа тағдырдың күллі тауқыметіне төтеп беріп, ошақ отын сөндірген жоқ. Сахна жасаулаушы және ұлттық киім-кешек үлгілерін жасап тігуші ретінде, өзі іргесін қаласқан бүгінгі Әуезов театрында – он бір жыл, одан, тап сол кәсіби мамандығымен Абай атындағы опера және балет театрында жиырма екі жыл бойы еңбек етті. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін әлемге танытқан өнерпаздар көшін бастап, алғашқы қарлығашы ретінде танылды. Балаларының төртеуі де қазақ өнеріне өзіндік бедер салған белгілі де қадірлі адамдар болды. Бірақ олардың өмір жолдары қиындықтармен астасып жатты. Әкесінің соңын ала Қожахмет Қоңырқожаұлы репрессияланды (сталиндік лагерьден ауыр науқасқа ұшырағандықтан ғана босатылды). Оның үш інісі Отанға адалдықтарын дәлелдеу мақсатымен Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Алайда ұлттық кадрларға мұқтаждық ескеріліп, Құлахмет Қоңырқожаұлы әскерден шақырып алынды да, орталықтан Алматыға көшіріп әкелінген киностудияға орналастырылды.
Дегенмен «халық жауының» баласы деген таңба ұдайы оның да, майдангер інілерінің де өмірі мен шығармашылығына ауыр салмақ түсіріп тұрды. Соған қарамастан ағайынды Қожықовтар жоғарыда айтылған салаларда мақтаныш етерліктей жетістіктерге жете алды. Басында ірі қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым Қоңырқожа Қожықұлы тұрған отбасы қазақ мәдениеті мен өнері тарихында өзіндік орны бар ерекше әулетке айналды.
Ардақ Беркімбай