Мұғалімнің өресі осы болса, басқасынан не күтерсіз?

9377

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желі топтарында толассыз пікірталас жүріп жатыр. Бұл жолғы тақырып зейнет жасындағы мұғалімдердің жастарға орнын босатуға байланысты. Естеріңізге салып өтейік, бұл пікірді Facebook әлеуметтік парақшасында Айман Сағидулла жазған болатын.

Былайғы жұрт Айман Сағидулланы жай ғана мұғалім деп қана емес, мұғалімдердің құқығын қорғаушы, әділетсіздікпен қасқайып күресуші ретінде жақсы таниды. Айман ұстаздың талай мәселеге табандылық танытып, игі мақсатқа қол жеткізгенін ешкім жоққа шығара қоймас. Сондай шешімі табылған маңызды, ірі мәселенің бірі – мұғалімдерді мәжбүрлеп газет-журналға жаздырмау, сенбілік сияқты көше тазалау жұмыстарына шығармау, қағазбастылықтан арылу т.б. Қолына жұлымы шыққан сыпырғы ұстап, шаң-тозаңның ішінде қоқыс жинап жүрген мұғалімдер өзара күңкілден әрі аспай жүргенде, 2015 жылы ең бірінші болып осы Айман Сағидулла «мұғалімнің міндетіне кірмейтін іспен айналыспайтынын» мәлімдеген еді.

Сол тұста ақпарат құралдары арқылы қаймықпай өз ұстанымын жеткізген Айман ұстаз осыған дейінгі сірескен сеңді сөгіп еді. Мұнан кейін де Айман Сағидулла қаншама әділетсіздіктен жапа шеккен мұғалімнің құқығын қорғап, жеңіске жеткен. Кейінірек мектептерде газет-журналға мәжбүрлеп жаздырту мәселесін де мемлекеттік деңгейде көтерген Айман Сағидулла, Мейіржан Темірбек атты ұстаздарымыз заңсыз әрекеттің жайылуына тоқтау салды.

Бұлардың бәрін неге тізіп айтып отырмыз? Түнеукүнгі әлеуметтік желідегі бірқатар мұғалімдердің Айманның зейнеткерлер туралы айтқан пікіріне шала-бүлінуі мен тоқымын бауырына алып тулауы түрткі болды. Осы тартысқа толы пікірлерге қарап-ақ қоғамның келбетін көресіз. Алдымен жазылған пікірдің мән-мағынасын түсінуге, А.Сағидулланың айтпағы не екенін жете түсініп алмай жатып, қарсы пікірді қарша борату біздің мұғалімдердің өресінің көрсеткіші ме, әлде...

Мұнан бөлек, осы пікірталас барысында назарымызды ерекше бұрып, басымызды еріксіз шайқатқан дүние – Айман Сағидулланың фотосына тағылған мін болды. Айманның пікірін мақала ретінде шығарған сайт оның жеке мұрағатындағы фотосын жариялаған. Міне, осы фотодағы Айманның қолын көтеріп, әлденені түсіндіріп тұрған бейнесіне қатысты: «Қолын шошайтып алып...» деп кіжінген пікірлер көңілімізге кірбің түсірді. Біз неге осындаймыз? Кеше ғана төбемізге көтеріп, мақтаған азаматымыз сәл сүрінсе, аяусыз тепкінің астына алудан тайынбаймыз.

Бұл жерде Айман Сағидулланы арашалап алу мақсатымыз емес. Себебі, оның айтқан пікірі 100 пайыз дұрыс! Бұл жердегі айтпағымыз екі сөзден бес қатесі өрілген кейбір ұстаздардың аттанға шүрең қосып, қиқулай жөнелетіні. Ал айтылған пікірдің астарына үңіле алмайтын, шындыққа тіке қарай алмайтын, жалтақтықты жалау еткен мұғалімдердің әлі де елімізде азаймағанын көрсетеді. Міне, ең үлкен өкініш те осыдан туындап отыр.

 

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы