Chicago Style туралы не білеміз?

1337

Шет елдік ғылыми басылымдарға зерттеу мақалаңызды жариялау үшін басылым талаптарына қарай ғылыми стильдердің бірін таңдау қажет болады. Өткенде біз АРА, AMA туралы шолу жасадық. Бүгін Chicago Style туралы пікірімізді ортаға саламыз.

Chicago Style-нің тарихын кеңінен таратып жазғаннан гөрі басқа стильдерден ерекшелігі мен осы стильде жазу барысында нені ескеру керектігі Сізді көбірек қызықтырады деп ойлаймын. 1906 жылдан Chicago University Press баспасынан ұсынылып, қолданысқа енген академиялық стиль түрі негізінен ағылшын тілінің грамматикасы мен пунктуация ережелерін негізге алады.

Аталған стиль негізінен екі түрде қолданылады:

1. Үсынылған деректі жазбалар мен библиографиялық көрсеткіштері;

2. Author-date, яғни автордың ұсынуы.

Бұл екеуінің қайсысын таңдаса да, авторлар мақала тақырыбы мен келтірілген дереккөздерінің сипатына мән беруі қажет. Стильдің бұл екі түрі де академиялық ортада кеңінен қолданылады.
Мысалы, бірінші түрін, яғни жазбалар мен библиографиялық стилін гуманитарлық ғылым саласындағы ғалымдары, әсіресе, әдебиет, тарих, өнер салалары мамандары арасында кең қолданысқа ие. Бұл библиографиялық ақпараттарды ұсынуда өте тиімді. Біз өткен жолы шет елдік салмақты зерттеу базасында Абай туралы тұшымды, егжей-тегжейлі ғылыми-зерттеу мақаласы әлі жарияланбағанын, жарияланса да, біздің көзімізге түсе қоймағанын салып едік.

20-30 беттік мақаланы өз бетіңізше ізденіп, өзіндік тұжырымдарыңызды толықтырып жазу үшін әр ғалым түрлі уақыт жұмсауы мүмкін. Жалпы, Абай тақырыбы қазақ үшін, қазақ гуманитарлық ғылымының болашағы үшін өзекті тақырып. Абай туралы ғылыми мақаланы Chicago Style-нде қайта жазып, ақпарат деректерін толық талдап енгізіп шығу үшін (егер материал ағылшын тілінде әзірленіп, дайын тұрса) бір-бір жарым айдай уақыт кетеді екен. Демек, бұрынғылар айтатын, ғылым жолы ауыр жол екендігіне тағы да көзіміз жетеді.

Ал Author-date стилін жаратылыстану, әлеуметтік ғылымдармен айналысатын мамандар қолданады. Бұл стилде мәтіндегі дереккөздер әдетте жақшада көрсетіліп, автордың тегі мен жарияланған күніне қысқаша дерек беріледі. Қысқаша дереккөздер библиографиялық ақпарат берілген әдебиеттер тізімімен толықтырылуы керек.

Жалпы халықаралық стиль талаптары мен мақала сараптамасының ерекшелігіне қарай отырып, отандық ғылымдағы талай талдаулардың өзіміздің зерттеу ортамызда қалып бара жатқандығына көңіл қынжылады. Біз өзіміздің академиктеріміздің, докторларымыздың іргелі зерттеу мақалалары аталған базаларда жарық көргенін қалаймыз. Кейбір жағдайда академиялық ортада салмақты орны бар ғалымдарымыздың өз докторанттарымен бірлесе жариялаған мақалалары бүгінгі уақытта ғылыми көрсеткіш екені де рас. Әйтсе де, байқағанымыз: сол белгілі ғалымдарымыздың есім-сойы халықаралық базаларда өзінің зерттеу тақырыбынан бөлек, әр деңгейдегі ғылыми-зерттеу мақалалар арқылы қалыптасып келе жатқаны ойландырарлық жағдай. Себебі, халықаралық базаларда жарияланған мақалалар арқылы еліміздің академиялық ортасына деген шет елдік ғалымдардың бағасы берілетінін, көзқарасы қалыптасатынын ұмытпауымыз қажет болар...

Chicago Style-ін талап ететін журналға мақала әзірлесеңіз, Chicago Manual of Style -дің онлайн түрін пайдаланып, қосымша дерек көзі ретінде пайдалануыңызға болады.

 

Арай ЖҮНДІБАЕВА,
философия (PhD) докторы,
лингвист, әдебиет зерттеушісі
Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар