“Er Edige” жырының музыкалық СД альбомының тұсаукесері өтті

2135
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Ұлттық Академиялық кітапханада Ақтөбе облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен керемет еңбектің - “Er Edige” жырының музыкалық СД альбомының тұсаукесері өтті.

“Едіге” эпосы - түгел түркіге ортақ құнды мұра. Ол - тұтас дәуірдің эпикалық энциклопедиясы, Ұлық Ұлыстан жеткен шерлі шежіреміз. Былтыр осы тарихи қаһармандық жырдың туғанына 600 жыл, ал Ұлық Ұлыстың құрылғанына да 750 жыл толды.

Ақтөбе облысы әзірлеген альбом кітапқа атақты Мұрын жыраудан жеткен “Қырымның қырық батыры” циклдік жыры еніпті. Оны қазақтың маңдайалды мықты жыршылары жырлап, алғаш рет аудио жазба түрінде көпшілікке ұсынды. Жобаның авторы - атақты жыршы Алмас Алматов ағамыз! Ұлттық өнерімізді ұлықтап, құнды еңбекті көпшілікке ұсынған, жобаға еңбегі сіңген барша қауымға алғыс һәм құтты болсын айтамыз!

Осы орайда оймақтай ой: жыр - біздің ұлы қазынамыз! Біздің талайлы тарихымыз, шұрайлы тіліміз, бай әдебиетіміз бен мәйекті медениетіміз, ұранымыз бен рухымыз, ұлттық кодымыз жырлар арқылы жеткен. Алмас Алматов ағамыздың айтуынша, қазір 560-тан аса тарихи жырымыз бар екен. Соларды ұрпақ жадында қайта жаңғырту үшін жыршыларға жағдай жасау қажет!

Мәселен, жүз мыңдаған жыр жолдарын жатқа білетін Алмас ағамыздың өзі феномен-құбылыс емес пе? Сондықтан осындай құнды қазыналарымыздың қадірін білуге тиіспіз!


Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті

Пікірлер